Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осал топтағы отбасылардың балаларын компьютер және сапалы интернетпен қамтамасыз етуді баса айтқаны белгілі. Президент ол үшін жыл соңына дейін 250 тұрғыны бар ауылдың барлығына интернет жүргізуді тапсырды. Жолдау жүктеген міндет айқын. Алайда ауылдардағы мектеп пен мемлекеттік мекемелерде интернет болғанымен, үйлерде жоқ. Ал қашықтан білім алып жатқан оқушыларға интернет қажеттілігі үйде туындап отыр. Бұл ретте статистиканы «сұлу» сөйлету үшін кейбір ауыл әкімдері «жалпы елді мекенде интернет бар» деген ақпарат беріп, жауапты мамандарды жаңылдырып жүр. Облыстық Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда облыстағы барлық мектеп интернетпен қамтылған. Алайда бұл ауылдарға интернет жетті деген сөз емес. – Негізі, басқармаға қарасты ауыл мектептерінің барлығында интернет бар. Алайда қашықтан оқып жатқан оқушылар үшін интернет үйден керек болып тұр. Бұл мәселемен енді жергілікті билік айналысуы қажет. Бірақ олар әкімдік пен мектепте интернет болғандықтан, бүкіл ауыл ғаламторға қосылған деген ақпарат беріп отыр. Бұл мәселе облыс әкімдігінде де қаралды. Сонда осы түйткілдер көтерілді. Тараптар «Қазақтелеком», Kcell, Tele2 сынды байланыс операторларына әр ауылға интернет бағанын орнату туралы ұсыныс жасады. Бірақ байланыс операторлары сақтық шаралары бойынша интернет бағанын мектептің үстіне орнатуға болмайтынын айтып, ол үшін жергілікті билік жер бөліп беруі қажетін алға тартты. Алайда әкімдік жерді бөліп, оны рәсімдегенше кемі 1,5-2 ай кетеді екен. Осылайша, екіжақты кикілжің тууда. Бірақ облыс әкімдігі тарапынан аудан басшылары мен байланыс операторларына бірлесе жұмыс істеу туралы нақты тапсырма берілді. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деген үміт басым, – дейді Облыстық білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев. Өңірде 300-ден аса ауыл болса, соның 130-да интернет баяу немесе мүлде жұмыс істемейтіні айтылды. Бұл елді мекендерге әр үй 35-40 мың теңгеден төлесе, байланыс желісін жеткізіп беру туралы ұсыныс жасаған компаниялар болған көрінеді. Алайда бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтермеуде. Тағы бір деректерге сүйенсек, байланыс операторлары алты аудандағы 12 елді мекенді өздері аралап шыққан екен. Нәтижесінде қай ауылдарға байланыс бағаны қойылатыны айқындалған. Қолда бар ақпаратқа көз салсақ, Жамбыл ауданындағы Қаратау ауылындағы интернет желісін жақсарту жоспарланса, Жуалы ауданындағы Көлтоған, Ертай, Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына да ғаламтор желісін жүргізу қажет. Қордай ауданында Соғанды, Шарбақты және Көктөбе ауылдары тізімге еніп отыр. Мойынқұм ауданында Ақбақай, Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек, Көкжелек, Назербеков және Ұланбел ауылдарына ғаламтор ауадай қажет болуда. Сарысу ауданына келер болсақ, Ұзақбай Сыздықбаев, Ақтоғай, Шығанақ, Жайлаукөл, Буденное және Досбол ауылдарына желі жүргізу көзделуде. Талас ауданында Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Есей би, Қараой, Қасқабұлақ, Тұрымкүл, Сейілбек, Аманкелді ауылдарының тұрғындары интернеттен таршылық көруде. Осы сияқты Меркі ауданында Ақжол ауылы мен Шу ауданындағы Эспе стансасына да ғаламтор желісін жүргізу мәселесі қаралуда. Аталған ауылдарға Kcell мен Beeline байланыс операторлары интернет тартады деп күтіліп отыр. Ал «Қазақтелеком» АҚ болса, антенна және қажетті желіні қамтуға келісім беруде. Міне, осылайша байланыс операторлары «жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидатымен тірлікке жең түре кірісуде. Енді тек жергілікті билік өкілдері қажетті жермен қамтамасыз етіп берсе болғаны. – Kcell компаниясының өкілдері ауданға арнайы келіп кетті. Олардың «+250» атты жобасы бар екен. Осы жоба арқылы биылға жоспарланған жұмыстарымен таныстырды. Одан бөлек, Қызыл диқан мен Арыстанды ауылдарына да интернет желісін жүргізетін болып шешілді. Мектеп ауласынан тыс байланыс бағанын орнатуға қажетті жерді белгілеп бердік. Ауылдарға интернет осы қазан айының аяғына қарай жетіп қоятын болса, қалған ауылдар жыл соңына дейін толықтай интернетке қосылады, – дейді Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов. Осылайша, аудан әкімі жағымды жаңалықты бөлісті. Демек, байланыс операторлары «+250» жобасы арқылы жұмысты бастап кетті деген сөз. Мұндай тірлік Мойынқұм ауданында да байқалады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, барлық ауылдағы мектептерде интернет бар екен. Алайда баяу жұмыс істейді. Тұрғындар бұл олқылықтың орны Жолдау жүктеген міндеттен кейін толады деп қуанып отыр. Десе де, аудан орталығынан 260 шақырым қашықта жатқан Мыңарал ауылдық округінің тізімге мүлде енбей қалғаны жанға батып тұр. – Округке қарасты Мыңарал, Қашқантеңіз ауылы мен Мыңарал стансасы бар. Мыңаралда 889 адам тұрып жатса, стансада 721 тұрғын қоныстанған. Ал Қашқантеңізде 220 адам бар. Округте Beeline байланыс желісінің бағаны қойылды деген аты болмаса, интернет мүлде тартпайды. Қашқантеңіздің жағдайы тіпті мүшкіл. Ғаламтор желісі дұрыс жұмыс істемегеннен кейін амалсыз барлық оқушылар дәстүрлі түрде оқуда. Қашыққа жіберейін десек, интернетіміздің жағдайы мынандай. Егер бізге жақсы интернет желісін қосып берсе, өзімізді айдала қалған ауыл ретінде сезінбес едік, – дейді Мыңарал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуат Ембергенов. Бүгінгідей заманауи технологиялар қарыштап дамыған кезеңде көштен қалып қою жақсыемес. Қашқантеңіз ауылы тұрғындарының саны 250-ге жетпей қалғанына да кінәлі емес шығар. Сондай-ақ 1 000-ға жуық тұрғын тұрып жатқан Мыңарал ауылы мен Мыңарал стансасын да назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Бұл мәселеге ең бірінші аудан әкімдерінің өздері көңіл бөліп, елді мекендерге ғаламтор тартқызуға құлықты болуы керек. Әйтпесе, «бізде интернет бар» деп «сұлу» статистиканы сөйлетіп, жоқты жасыру әкімдердің өзіне жақсылық әкелмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселеге жіті көңіл бөліп жатқанда, ұтымды сәтті тиімді пайдалану қажет. Себебі «байланыс аясынан тыс жерде» қалып кету сізге де, бізге де абырой емес.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы