Нью-Йорк қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық делегация қатысқан БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы өз жұмысын аяқтады. Жаһандық саммит төрткүл дүниенің әр атырабынан мемлекеттер көшбасшыларының, белді саясаткерлер, ірі бизнесмендер, беделді ғалымдар мен сарапшылардың басын қосты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті ретінде БҰҰ Бас ассамблеясына тұңғыш рет қатысты. Сонымен бірге сапар бағдарламасына сәйкес, Мемлекет басшысы күн сайын өзге елдер лидерлерімен, америкалық және халықаралық бизнестің жетекшілерімен оннан астам кездесулер өткізіп отырды.
Қазақстан басшысы барлық дерлік келіссөздерді аудармашысыз, ағылшын тілінде жүргізген. Оның барысында Қ.Тоқаев жаһандық қарусыздану мәселесінен бастап, заманауи цифрлы технологиялар дамуының қыр-сырына дейінгі ахуалды жетік, егжей-тегжейлі білетінін паш етті. Өз кезегінде жүздесушілер Қазақстан Президентінің білімдарлығы сүйсінткенін жеткізді.
Кездесулер аралығында көптеген мемлекеттердің басшылары, сонымен қатар белгілі саясаткерлер Қасым-Жомарт Тоқаевқа келіп сәлемдескен. Осылайша, Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының Нигериядан өкілдік ететін төрағасымен, Португалия, Руанда, Латвия, Литва, Оңтүстік Корея президенттерімен, Нидерланды Королімен, Грекия премьер-министрімен, Франция қаржы министрімен, сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлын осы жаһандық ұйымдағы қызметі кезінен бері білетін БҰҰ-ның бірқатар шенеуніктерімен қысқа келіссөздер жүрді.
Украина президенті В.Зеленский өз өкілдері арқылы Қазақстан басшысымен кездесуін ұйымдастыруды сұраған. Бұл жүздесу де өзгелері секілді орынды әзілге, іскерлік әңгімеге құрылды және достық ауанда өтті.
Айтқандай, Қазақстан Президенті мінберге шақырылғанда, оны «БҰҰ-ның бұрынғы басшыларының бірі» ретінде таныстырды. Сондықтан жиылған қауым оған үлкен қошемет көрсетіп, қол соқты.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас ассамблеясы құрылтайы аясында Қ.Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалламен, Болгария, Швейцария, Грузия, Польша президенттерімен, БҰҰ Бас хатшысымен, АҚШ лидерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты.