Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевтың әрекеті заңмен шешіледі.
Алматыдағы «дәрігерлер ісі» осы аптада жиі талқыланған оқиғаға айналды. Оқиғаларды рет-ретімен тізіп шыққанда детектив фильмнің кадрлары көрініс береді. Өйткені «...кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабымен қамауға алынған дәрігерлер ісін Экономикалық тергеу департаменті тергеп жатыр. Әлдекімдердің әлі сот шешімі шықпаған күдіктінің шашын колонияға жіберуге дайындағандай тақырлап алып тастады. Кім қайда және не үшін асығып жүргенін түсініп болмайсыз.
Оқиға қалай басталып еді?
Шілде айының соңында Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Күдебаев жол апатына түсіп, оған Алматыдағы №4 мемлекеттік клиникалық ауруханада ота жасалады. Дәрігерлер Н.Күдебаевтың жол-көлік апатынан сынған бұғанасына ота жасайды. Ота кезінде анестезия әсер етпей, Күдебаев оянып кетеді. Сасып қалған мамандар осы кезде екінші рет анестезия береді. Науқастың жүрегі мұны көтере алмай, тоқтап қалған. Дегенмен дәрігерлер азаматтың есін жиғызып, тірілтіп алады. Одан кейін науқас Германияға жеткізіліп, сол жерде қайта операция жасалады. Н.Күдебаев 27 тамызда сол клиникада бақилық болады. Науқас операция үстелінде көз жұмды ма, әлде операциядан кейін қайтыс болды ма, нақты ақпарат жоқ. Әзірге марқұмның әкесі – Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевпен хабарласу мүмкін болмай тұр. Өзі де бұл оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Дереккөзі көрсетілмеген ақпарат құралдарында «неміс дәрігерлері қазақстандық дәрігерлер
жіберген қателіктен Күдебаевты өлімнен аман алып қала алмады» деген сөйлем жүр. Бұл кімнің мәлімдемесі? Белгісіз. Сондай-ақ Н.Күдебаевтың квадроциклмен жол апатына ұшыраған күні де әртүрлі айтылады: бір БАҚ шілде айының соңы десе, енді бір БАҚ тамыз айының басы дейді. Қалай десек те, Н.Күдебаевтың жүрегі тамыз айының 27-не дейін соғып тұрған.
Н.Күдебаевтың қазасынан кейін 5 күн өткенде, яғни 2 қыркүйекте Алматы қалалық тергеу сотының қаулысымен №4 мемлекеттік клиникалық аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев 2 айға қамауға алынды. Оған «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылды. 22 қыркүйек күні дәл осы баппен аталған клиниканың бас дәрігері Қанат Тезекбаев та 2 айға қамалды.
Ақ халаттыларға араша
Қанат Тезекбаев қамауға алынғаннан кейін үш күн өткенде, әйелі Мемлекет басшысына ашық хат жолдады. «...№4 ауруханада Нұрсұлтан Күдебаевтың жауырыны мен бұғанасына жасалған ота кезінде Қанат Марденұлы екі көмекшінің бірі болды және ота жасаған дәрігермен, тағы бір көмекшімен, анестезиолог-дәрігер және медбикемен бірге бір палатада болған және операцияның нәтижелеріне тікелей жауап бермейді» дейді Дина Тезекбаева өз хатында. Оның айтуынша, тергеу Н.Күдебаевтың қайтыс болуына дәрігердің кәсіби салғырттығы әкеп соққанына дәлелдер ұсынбаған, науқастың жүрегінің тоқтауына жауырыны мен бұғанасына жасалған отаның салдары себеп болғанына да тікелей дәлел жоқ. Ол ашық және әділ тергеу мен сот жүргізуді сұраған. Павлодар облысының ауруханаларында, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық жедел жәрдем орталығында және Алматы қаласының №4 қалалық ауруханасында ұзақ жыл бойы еңбек еткен Қанат Марденұлы көптеген адамның өмірін құтқарғанын, бұған дейін кісінің қайтыс болуына байланысты айыпталмағанын атап өткен. «Біз Күдебаевтар отбасының қайғысын бөлісіп, шын жүректен көңіл айтамыз. Алайда оның өліміне қатысы жоқ және қатысы болуы мүмкін емес дәрігерді қудалау және заңсыз қамауы – бізді Қанат Марденұлының негізгі азаматтық құқықтарын қорғауды сұрауға мәжбүр етіп отыр», – деп жазды Д.Тезекбаева.
Президент істі заңды түрде тергеуді тапсырды. Ал денсаулық сақтау министрі бұл мәселені жеке бақылауына алғанын айтып, елді сабырға шақырды.
Президент тапсырмаса, қамауда отыра бере ме?
Президент тапсырмасынан кейін Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаев ешқайда кетпеу туралы жазбаша түрде қолхатпен қамаудан босатылды. Осы тұста үзіліс. Егер Президент істі заң шеңберінде жүргізуді тапсырмаса, күдіктілер 2 ай бойы қамауда отыра бере ме? Алматы қалалық соты Президент айтты деп, өз шешімін өзгерте салса, оның несі тәуелсіз сот? Сот неге өз позициясында тұра алмады? Біз бұл жерде дәрігерлер қамауда қалсын деп тұрған жоқпыз. Егер оларды қолхатпен қамаудан босатса, демек әу баста солай қолхат арқылы тергеуді жүргізе беруге болар еді ғой. Алматы қалалық сотындағылар санкцияны өзгерту заңда қарастырылған, яғни мұнда таң қалатын жайт жоқ деп отыр. Егер сот шешімін олай-бұлай өзгертуге заң рұқсат берсе, ондай заңның өзін өзгерту керек емес пе?..
Сосын аталған тергеу басқармасы тергеп жатқан адамның шашы не үшін алынғаны да біз ұға алмаған жайт болып тұр.
«Ең қорқыныштысы – оның шашын қырып тастаған. Түсінесіздер ме, соттың соңғы шешімінсіз, сот болмай жатып оны кінәлі қылып қойған. Ол – 58 жаста. Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері. Көптеген марапаттары бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған алғысхаты да бар және ол кінәлі болмаса да осындай жағдайға тап болды. Оның кінәсі дәлелденбеген», – деген Дина Тезекбаеваның сөзінің жаны бар.
Біз жоғарыда бұл істің Алматы қаласындағы Экономикалық тергеу басқармасында тергеліп жатқанын айттық. Әдетте экономикалық тергеу экономикалық қылмыстарды қарастырады. «Кәсіби міндетін дұрыс атқармау салдары адам өліміне алып келген» күдіктілердің экономикаға қандай қатысы барын білмек үшін Экономикалық тергеу басқармасы бағынатын Қаржы министрлігіне хабарласып едік, министрдің баспасөз хатшысы «байланыс аясынан тыс жерде» екен.
Іске де, күдіктілер тағдырына да атүсті қарауға болмайды
Денсаулық сақтау министрлігі аталған іс бойынша мәйітті сою және сот-медициналық сараптама жұмыстары жүргізілмегенін мәлімдеді. Ал дәрігерлерге «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылған. Заңгер Салтанат Рахимованың айтуынша, мұндай айып тағу үшін нақты дәлел керек.
«Әдетте, дәрігерді қамауға алу үшін Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті тексеру жүргізіп, дәрігердің тарапынан диагноз қою, емдеу кезінде кеткен нақты қателікті анықтап қорытынды беруі керек. Тексеру ауру тарихы мен өзге де медициналық құжаттарды зерделеу арқылы да жүргізіледі. Негізі нақты өлім себебін анықтау үшін мәйітке паталогоанатомиялық зерттеу жүргізіліп, медициналық сараптама қорытындысы беріледі. Ал егер комитеттің тексеру қорытындысы болмаса, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысы болмаса дәрігерді қамауға алуға жеткілікті негіз бар деп есептеуге болмайды. Егер іске қатысты жеткілікті мән-жайлар болса, онда күдіктіге бір тәуліктің ішінде судьядан санкция алынады. Судья санкция берер алдында Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитетінің шешімін, яғни дәлелдерді зерделеп қарайды. Нақты өлім себебі әдетте мәйітті ашқан кезде белгілі болады», – дейді ол.
Салтанат Рахимованың пікірінше, бұл жағдайда сараптама жүргізген немесе эксгумация жүргізген дұрыс. Дәрігердің емдеу, деонтолониялық қателіктерін анықтау оңай емес. Іске де, күдіктілердің тағдырына да бұлай атүсті қарауға болмайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Эрик Байжүнісовтің айтуынша, кез келген операцияның қалай аяқталарын болжау мүмкін емес. «Кез келген амал – тәуекел. Тіпті қарапайым егу немесе катетер орнату да – тәуекел. Мұндайда ауыр операция туралы не айтауға болады? Жол-көлік оқиғасына ұшырағандар мен түрлі жарақат алғандардың «ішін ақтаруға» тура келген кезім көп. Науқастың ішін ашпай түсінбейсіз. Бауыр, көкбауыр, ішек, қуық, жүрек, қолқа – бәрі іште орналасқан. Осының бәрін тігуге, алып тастауға, кесуге тура келді. Енді ше? Мен уролог немесе тамырдың хирургы емеспін, сол үшін мені қамап қояды деп ойланып тұруым керек пе? Операция кезінде ондайды ойлауға мұршаң болмайды. Бастысы – науқасты аман алып қалу», – дейді. Оның айтуынша, күрделі операцияны ең тәжірибелі дәрігерлер ғана жасайды. Егер бұл мәселені тез арада шешпесек, онда тәжірибелі дәрігерлерді таппай қалуымыз мүмкін.
Ал Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының төрағасы, профессор Вячеслав Локшиннің пікірінше, пациенттің Германияда көз жұмғанын ескеру керек. «Пациент Қазақстанда емес, Германияда көз жұмды. Онда неміс дәрігерлерін неге қамауға алмады? Сондықтан бұл істе Қазақстан мен Германияда жүргізілген емнің экспертизасы қажет», – дейді ол.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ