Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық кесірінен қаншама отбасы ақшасын салған пәтеріне қол жеткізе алмай қиналып жүр. Сонымен бірге пара алып, сотталып жатқан шенеуніктер туралы айтылып жатса да, бюджеттен бөлінген қаржыға қол салушылар азаймай тұр. Осының кесірінен іргесі көтерілген үйлер құлап, кейбірі қайта жөнделуде. Күйінішті жағдай. Теміртауда құрылысы дұрыс жүргізілмеген, жаңадан салынып жатқан үйді бұзып, қайта салуға тура келеді...
Бұл үйді мердігер «Агропромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаз айында қолданысқа беру керек болатын. Дегенмен «ҚазМИРР» институтының мамандары үйді үш ай бойы тексеріп, ақыр соңында «үйдің бір бөлігі 3 миллиметрден 30 миллиметрге дейін қисайған» деген қорытынды жасады. Міне, құрылыс кезіндегі салғырттық кезекте тұрған 50 отбасыны қуаныштан айырды. «Біз енді күтіп отырмаймыз. Үйді бұзып, қайтадан салу керек деген шешімге келдік. Қазірдің өзінде ғимаратты бұзу жұмыстары қолға алынды», – деп мәлімдеді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов. Бұл мамандардың көзіне ілігіп, жұмысы тоқтатылған ғимарат. Ал құрылысты сапасыз салу, «бармақ басты, көз қыстымен» қисайған үйлерді қабылдай салу дертке айналып барады. Алғаш 2009 жылы тұрғызылып үш-төрт жыл өтпей жатып 2012 жылы Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бір үйі қираған болатын. Кейін сол кешендегі салынған барлық үй бұзылып тасталды. Ал үй болса әкімдіктегі жауапты тұлғалардың қолы қойылып, қолданысқа да беріліп қойған еді. Кейін бұл құрылысқа жауапты мердігер компания басшысына халықаралық іздеу де жарияланды. Сол «Бесоба» оқиғасынан кейін шұғыл түрде жер-жерде арнайы комиссия құрылып, жаңа салынып жатқан үйлерді қадағалау қатаң тәртіппен жүргізілетіні туралы жаппай айтылды. Дегенмен мұндай жағдайлар қайта белең алды. Өйткені бұл құлаған нысан бірінші де, соңғы да болмады. Кейін осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында орын алды. «Алғабас» шағынауданындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы хабар тарады. Бұл үй «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған. Оның құрылысына мемлекеттің 459 миллион теңгесі жұмсалған.
2015 жылы Қызылордада жаңадан салынып жатқан үй құлады. Қираған құрылыс нысанының іргетасы шытынаған болып шықты. 5 қабатты ғимарат та «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған. Жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 40 жастағы азаматы жан тапсырса, екі жұмысшы жараланып, ауруханаға түскен. Ақтөбе тұрғындары да: «Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап барады» деп дабыл қаққан болатын..
Кейін Өскеменде көпір құлады, ал Тараз қаласында қатты дауылдан тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылғандарға қатты желден шатыры ұшып жатқан жаңа үйлерді қоссаңыз да болады.
Мердігер компаниялар көбіне «құрылыс қыста жүргізілгендіктен, күн жылына үйлеріміз қисаймағанда қайтеді?» дегендей уәж айтады. Ал тексеруші жақ болса, сапасыз құрылыс материалдарын қолданды, жұмысты дұрыс ұйымдастырмады деп мердігер компанияларды сотқа сүйреуде.
Өскеменде көпір құлады, ал Тараз қаласында қатты дауылдан тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылғандарға қатты желден шатырлары ұшып жатқан жаңа үйлерді қоссаңыз да болады.
Құрылыс саласындағы олқылық – жең ұшынан жалғасқан парақорлыққа тыйым болмай тұр. Бір-екеуіне ғана тоқталып өтсек те болады. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Түркістан облысы бойынша өкілдері Сайрам ауданы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің басшысын 12 миллион теңге пара алды деп айыптап отыр. Күдікті Сайрам ауданы Ақбай ауылындағы орта мектептің қосымша корпусының құрылысына жалпы сомасы 400,5 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін делдалдар арқылы бөліп-бөліп ақша алып отырған. Ал Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсылар өңірдің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы С.Алмағанбетовті қамауға алды. Ол басқарма бөлімінің жетекшісі Б.Таймановпен қылмыстық келісімде болып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жасаудағы құқықбұзушылықтар орын алғанда әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін «Әлем Технолоджи» ЖШС өкілінен бопсалау арқылы 200 000 теңге көлемінде пара алған. Мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да тіркелді. Әкімдіктің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау басқармасының басшысы пара алып жатқан жерінде ұсталды. Ол 300 мың теңге параны тексеріс бойынша оң қорытынды беру үшін алған.
Бізде тұрғын үй ғана емес, жол құрылысы да шатқаяқтап тұр. Мұнда да асап қалғысы келгендер жетерлік. Бұл салада жүргендер арасында бітпек түгіл басталмаған құрылысты қабылдап, бюджет ақшасын қалтаға басып алғандар бар. Мысалы, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бірнеше қызметкері қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша жауапқа тартылды. Олар өткен жылы Шалқар қаласындағы төрт-бес көшенің жолы жөнделмесе де, «жөнделді» деп қағаз жүзінде қабылдай салған да, мемлекеттің 29 миллион теңгесін аударып жіберген.
Міне, сыбайлас жемқорлық кесірінен әлеуметтік нысандар, мектеп, аурухана, үйлер дер кезінде салынбай жатады. Соның кесірінен жұмыс орындары азаяды, жалақы төмендейді. Қысқасы, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі осы қолы таза емес жемқорлардан екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, қоғамдағы асқынып тұрған жемқорлық дертін сылып тастау бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі болса керек!