Сапасыз құрылыс – жемқорлық «жемісі»
Сапасыз құрылыс – жемқорлық «жемісі»
237
оқылды

Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық кесірінен қан­шама отбасы ақшасын салған пәтеріне қол жеткізе алмай қина­лып жүр. Сонымен бірге пара алып, сотталып жатқан шенеуніктер туралы айтылып жатса да, бюджеттен бөлінген қаржыға қол са­лушылар азаймай тұр. Осының кесірінен іргесі көтерілген үйлер құлап, кейбірі қайта жөнделуде. Күйінішті жағдай. Теміртауда құрылысы дұрыс жүргізілмеген, жаңадан салынып жатқан үйді бұзып, қайта салуға тура келеді...

Бұл үйді мердігер «Агропромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаз айында қолданысқа беру керек бо­латын. Дегенмен «ҚазМИРР» институ­тының мамандары үйді үш ай бойы тексеріп, ақыр соңында «үйдің бір бө­лігі 3 миллиметрден 30 миллиметрге де­йін қисайған» деген қорытынды жа­сады. Міне, құрылыс кезіндегі сал­ғырт­тық ке­зекте тұрған 50 отбасыны қуа­ныштан айырды. «Біз енді күтіп отыр­маймыз. Үйді бұзып, қайтадан салу керек деген шешімге келдік. Қазір­дің өзінде ғима­ратты бұзу жұмыстары қолға алын­ды», – деп мәлімдеді Темір­тау қаласы­ның әкімі Ғалым Әшімов. Бұл маман­дар­дың көзіне ілігіп, жұмысы тоқтатыл­ған ғимарат. Ал құрылысты сапасыз салу, «бармақ басты, көз қыс­тымен» қи­сайған үйлерді қабылдай салу дертке айналып барады. Алғаш 2009 жылы тұрғызылып үш-төрт жыл өтпей жатып 2012 жылы Қарағанды қа­ласында «Бесоба» тұрғын үй кеше­нінің бір үйі қираған болатын. Кейін сол кешендегі салынған барлық үй бұ­зылып тасталды. Ал үй болса әкімдіктегі жауапты тұл­ғалардың қолы қойылып, қолданысқа да беріліп қойған еді. Кейін бұл құры­лысқа жауапты мердігер компания басшысына халықаралық іздеу де жарияланды. Сол «Бесоба» оқиғасынан кейін шұғыл түрде жер-жерде арнайы комиссия құрылып, жаңа салынып жатқан үйлерді қадағалау қатаң тәр­тіппен жүргізілетіні туралы жаппай айтылды. Дегенмен мұндай жағдайлар қайта белең алды. Өйткені бұл құлаған нысан бірінші де, соңғы да болмады. Кейін осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында орын алды. «Алға­бас» ша­ғы­нау­данындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы хабар тарады. Бұл үй «Қол­же­тімді бас­пана» бағдарламасымен са­лынған. Оның құрылысына мемле­кеттің 459 миллион теңгесі жұмсалған.

2015 жылы Қызылордада жаңадан салынып жатқан үй құлады. Қираған құрылыс нысанының іргетасы шыты­наған болып шықты. 5 қабатты ғимарат та «Қолжетімді баспана» бағдарла­ма­сымен салынған. Жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 40 жастағы азаматы жан тапсырса, екі жұмысшы жараланып, ауруханаға түскен. Ақтөбе тұрғындары да: «Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап барады» деп дабыл қаққан болатын..

Кейін Өскеменде көпір құлады, ал Тараз қаласында қатты дауылдан тұр­ғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылғандарға қатты желден ша­тыры ұшып жатқан жаңа үйлерді қос­саңыз да болады.

Мердігер компаниялар көбіне «құрылыс қыста жүргізілгендіктен, күн жылына үйлеріміз қисаймағанда қайтеді?» дегендей уәж айтады. Ал тексеруші жақ болса, сапасыз құрылыс материалдарын қолданды, жұмысты дұрыс ұйымдастырмады деп мердігер компанияларды сотқа сүйреуде.

Өскеменде көпір құлады, ал Тараз қаласында қатты дауылдан тұр­ғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылғандарға қатты желден шатырлары ұшып жатқан жаңа үйлерді қоссаңыз да болады.

Құрылыс саласындағы олқылық – жең ұшынан жалғасқан парақорлыққа тыйым болмай тұр. Бір-екеуіне ғана тоқ­талып өтсек те болады. Мысалы, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Түркістан облысы бойын­ша өкілдері Сайрам ауданы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің басшысын 12 мил­лион теңге пара алды деп айыптап отыр. Күдікті Сайрам ауданы Ақбай ауылындағы орта мектептің қосымша корпусының құрылысына жалпы сомасы 400,5 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісім­шарт жасағаны үшін делдалдар арқылы бөліп-бөліп ақша алып отырған. Ал Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсылар өңірдің мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау бас­қармасының басшысы С.Алма­ған­бе­товті қамауға алды. Ол басқарма бө­лімінің жетекшісі Б.Таймановпен қылмыстық келісімде болып, құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын жасаудағы құқықбұзушылықтар орын алғанда әкімшілік жауапкер­шілікке тартпау үшін «Әлем Техно­лоджи» ЖШС өкі­лінен бопсалау ар­қылы 200 000 теңге көлемінде пара ал­ған. Мұндай жағдай Солтүстік Қазақ­стан облысында да тіркелді. Әкімдіктің мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылауы және лицензия­лау басқармасының басшысы пара алып жатқан жерінде ұсталды. Ол 300 мың теңге параны тексеріс бойынша оң қорытынды беру үшін алған.

Бізде тұрғын үй ғана емес, жол құ­рылысы да шатқаяқтап тұр. Мұнда да асап қалғысы келгендер жетерлік. Бұл салада жүргендер арасында бітпек түгіл басталмаған құрылысты қабылдап, бюджет ақшасын қалтаға басып алған­дар бар. Мысалы, Ақтөбе облысы Шал­қар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бірнеше қызметкері қылмыстық ко­декстің «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша жауапқа тартылды. Олар өткен жылы Шалқар қаласындағы төрт-бес көшенің жолы жөнделмесе де, «жөнделді» деп қағаз жүзінде қабылдай салған да, мемлекеттің 29 миллион теңгесін аударып жіберген.

Міне, сыбайлас жемқорлық кесі­рінен әлеуметтік нысандар, мектеп, аурухана, үйлер дер кезінде салынбай жатады. Соның кесірінен жұмыс орындары азаяды, жалақы төмендейді. Қысқасы, қоғамдағы әлеуметтік мәсе­лелердің басым бөлігі осы қолы таза емес жемқорлардан екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, қоғамдағы асқы­нып тұрған жемқорлық дертін сылып тастау бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі болса керек!

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ