Nur Otan партиясының Қостанай облыстық өңірлік филиалында депутаттық фракция отырысы өтті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген міндеттер талқыланды.
Жиынға қатысушылар саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталып, оның қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Білім мен денсаулық саласы ұдайы басты назарда болады. Осы бағытта өңірде бірқатар жоба іске асып
жатыр.
– Балаларды оңалтуға арналған шағын және орта орталықтардың санын көбейту – ұдайы назарда. Бүгінде №2 Қостанай мектеп-интернатының қайта ұйымдастыруды қолға алдық. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап 70-80 жатын орны бар, ерекше күтімді қажет ететін 150-200 баланы қабылдайтын орталық ашылады. Одан бөлек, Қостанай мен Рудный қалаларында инклюзия кабинеттерін ашу жоспарлануда, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Баймақанова.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәдениет саласының қызметкерлерінің еңбекақысының аз екенін айтқан еді. Осыған орай, 2020 жылдан бастап Үкімет кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталған шараларды қолданатын болады.
– Өңірде 3 мыңнан астам мәдениет қызметкерінің жалақысы өседі. Қала мен аудан әкімдіктері еңбекақыны арттыру бойынша жұмыс істеуде. Келер жылдан бастап, шамамен 30 пайызға артады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын түсіндіру мақсатында апта сайын Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кеңес беру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Денсаулық саласына биыл бюджеттен 53 миллиард теңге бөлінді. Биыл тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында дәрі-дәрмектерге жергілікті бюджеттен 170 миллион теңге қарастырылды. «Ауыл – ел бесігі» аясында Қарасу, Меңдіқара, Сарыкөл, Федоров, Әулиекөл аудандық 5 аурухананың жөндеу жұмыстарына 490 миллион теңге қарастырылған. Соңғы жылдары өңірде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде өз нәтижесін беріп, жаңа ғимараттар салынып, саланың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Алайда медицина мамандарының тапшылығы байқалады.
– Өңірдегі кадрлық жағдайды жақсарту мақсатында үлкен жұмыс атқарылуда. Бүгінде денсаулық сақтау саласының мемлекеттік секторында 15 мың, соның ішінде 1,5 мың дәрігер мен 6 мыңнан астам орташа білімі бар маман жұмыс істейді. Емдеу – диагностикалық бағытта қызмет ететін 360 дәрігер, орта медициналық білімі бар 600 маман жетіспейді, – дейді Облыстық білім басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.
Өңірге биыл 267 жас маман келген. 50 дәрігерге 75 миллион теңгеден астам көтерме ақы берілді. Лисаков, Арқалық және Қостанай қалаларында баспанамен қамтылды.