«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында жасанды интеллект еліміз бағыт алған Төртінші индустриялық төңкерістің ажырамас бір бөлшегі ретінде көрсетілген. Бұл технология экономиканың көптеген саласын дамытуға ден бермек. Қазір жасанды интеллект біздің де өмірімізге ептеп еніп келе жатқанын байқаймыз.
Мысалы, жай ғана Egov порталының виртуалды көмекшілерін алып қарасақ, бұрынғыдай порталға кіріп әуре болмайсыз. Белгілі бір анықтама алу үшін Telegram арнасындағы ботқа тапсырыс бере саласыз. Жалпы, боттар Supervisedlearning алгоритмі арқылы өз-өзін оқыта алады, одан бөлек сall-орталықтарға деген жүктемені азайтуға көмектеседі. Қытайда жасалған жасанды интеллект технологиясы 2012 жылдан бастап 8 721 сыбайлас жемқорлық фактісін анықтаған екен. Бұл тенденция мемлекеттік қызмет көрсету саласында ғана емес, сонымен бірге бизнесте де кең қолданысқа ие. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы онкологиялық ауруларды емдеуде жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген платформаны іске қосқан. Қазір интернеттегі «жүріс-тұрысыңызды» боттар бақылауында ұстайды. Сол арқылы сізге тауар немесе қызмет түрлерін жарнамалап отырады.
Осы уақытқа дейін алпауыт елдер көптеген салада бақ сынады, сол үшін соғысты да. Қазіргі бақталастық жасанды интеллект саласында жүріп жатыр. Әлемдік көшбасшы мемлекеттер адамзаттың көкейкесті мәселелерін шешу үшін жасанды қанат жайып келе жатқан интеллект технологиялары мен терең аналитиканы қолдану мүмкіндіктеріне назар аударып отыр. McKinsey & Company компаниясының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда өнеркәсіптік әлеует жоғары.
АҚШ – дүниежүзі бойынша ЖИ технологияларын дамытудағы көшбасшы. Мұнда жасанды интеллект секторындағы инвестиция көлемі 2019 жылы 5,3 млрд доллардан асып кетті. Ал Америка Құрама Штаттарында, тіпті ЖИ-ді қолдана отырып, бизнес істерін дамытатын мемлекеттік қызметкерлер қауымдастығы бар. Сонымен бірге цифрлы үкімет те жұмыс істейді.
Жапонияда ЖИ технологияларын дамыту саласындағы зерттеулер мен инновацияларға салынған инвестициялар көлемі 8 миллиард долларды құрады. Күншығыс елінде жасанды интеллект пен ауқымды деректер саласында ғылыми инновациялар және зерттеулермен айналысатын компанияларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Ұлыбританияда ЖИ технологиясын қолдана отырып, шағын және орта бизнес пен стартаптарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Елде жасанды интеллект зерттеулеріне 1,3 миллиард доллар, ЖИ инфрақұрылымында 1 миллиард доллар қоғамдық инвестиция салынды.
Қытай 2030 жылға қарай ЖИ технологиясын дамытуда көшбасшы болуға ниетті. Елде жасанды интеллекттің дамуына қажетті технологияларды дамытуға арналған мемлекеттік қор құрылды. Оның капиталы шамамен 23 млрд АҚШ долларына тең. Германиялық IPlytics зерттеу компаниясының мәліметінше, жасанды интеллект бойынша патент алған компаниялардың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Мысалы, ЖИ саласындағы патенттер саны бойынша Microsoft (АҚШ) 18,365 компаниясы көш бастайды. Одан кейін, IBM (АҚШ) – 15,046, үшінші орында – Samsung (О.Корея), мұндағы патент саны 11,243. Ал Google (АҚШ) жасанды интеллект бойынша 9,536 дана патент жасаған. Сонымен бірге бұл саладағы алғашқы сегіздіктің құрамында Philips (Голландия), Siemens (Германия) және Sony (Жапония) компаниялары да бар. Ал 2030 жылға таман көшбасшы болуды көздеп отырған Қытай алғашқы сегіздіктің құрамына енбей де қалыпты. Бұл елдердің барлығы осы саланың әлеуетін түсінеді және жасанды интеллекттегі бәсекелестігін арттыруға барынша күш салуда. Мұны осы салаға салынып жатқан инвестиция көлемінен де аңғаруға болады. CB Insights мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы үшінші тоқсанның аяғында технологиялық секторға жалпы қаржыландыру 32,6 млрд долларды құраған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 82 пайызға артық.
Ал жасанды интеллект Қазақстан экономикасына қандай әсер етуі мүмкін? McKinsey компаниясының Қазақстандағы басқарушы серіктесі Джохен Бербнердің мәлімдеуінше, «ЖИ технологиялары мен терең аналитика 2030 жылға дейін Қазақстанның ЖІӨ-нің жылдық 5-6% өсуіне мүмкіндік беретін негізгі факторлардың бірі бола алады. Бұл экономикалық өсудің маңызды факторына айналатын еңбек өнімділігінің артуына байланысты болуы мүмкін».
Компанияның зерттеулеріне сүйенсек, жасанды интеллект технологиялары мен терең аналитиканы тау-кен өндіру өнеркәсібіне енгізуден жыл сайынғы табыс мөлшері 5-7 млрд долларға өсуі мүмкін. Бұл көрсеткіш қызмет көрсету саласында 9-13 млрд доллар, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және қорғаныс салаларында бұл тиімділік салыстырмалы түрде төмен, дегенмен 1-2 млрд АҚШ долларын құрамақ.
Экономикалық даму әлеуетімен қатар, жасанды интеллект технологиялары мен үлкен деректерді терең талдау азаматтардың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алады. Мысалы, қазірдің өзінде әлемде көру қабілеті нашар адамдарға арналған навигациялық жүйе бар. Бұл өмір сапасын едәуір жақсартуға және 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Көру қабілеті нашарлар тобына жатқызылған 25 мыңнан астам Қазақстан азаматтары үшін мұндай жүйе сөзсіз пайдалы болар еді. Қалалық көлік жүйесін басқаруға келетін болсақ, технология кептеліс жағдайында қаладағы орташа жылдамдықты 13 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.
McKinsey зерттеулері Жаңа технологияларды енгізу арқылы 2030 жылға қарай Қазақстанға 5-10 мың деректерді талдаушы, 20-25 мың деректер жүйесін жасаушы, 2-5 мың мәліметші (деректерді зерттеушілер) қажет болады деген долбар жасаған. Бұл қазіргі жастар көңіл бөлуі тиіс болжам деп есептейміз. Өйткені қазірдің өзінде еңбек нарығында қажетсіз болып қалған мамандықтар тізімі күн санап артып келеді. Әсіресе, сату бөлімінің кеңесшілерін виртуалды көмекшілер айырбастауы әбден мүмкін. Тіпті, маркетологтар роботтармен бәсекеге түскенде адам баласы игеруі тиіс қасиеттерге көңіл бөле бастады. Мысалы, Дәурен Көбеев жеке парақшасында: «Сатып алушы үшін өнім туралы мәліметті қаншалықты білетінің емес, креативтілігіңмен қалай еліктіре алатының маңызды. ЖИ біздің бәсекелесіміз дегеннен гөрі көмекшімізге айналады деген дұрыс шығар. Меніңше, ол сату бөліміндегі келіссөздерді бағамдап, келісімшарттың сәтті болатынын болжауы мүмкін. Осылайша, біз де қызмет сапасын жақсарта аламыз» деген ой бөліскен.
ЖИ қызметі қажет болатын тағы бір сала – киберқауіпсіздік. 2021 жылға қарай компаниялардың 40 пайыздан астамы алаяқтықпен күресу үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды пайдаланатын болады. ACFE (алаяқтық пен ұрлықты тергеу мамандарының қауымдастығы) мен SAS компаниясы өз зерттеулерінде осындай болжам жасаған. Алаяқтыққа байланысты қылмыстар Қазақстан экономикасына да үлкен қауіп төндіреді. Бизнес пен мемлекеттік секторға жасалған бір ғана алаяқтық шабуыл миллиондаған теңге залал келтіруі мүмкін. Алаяқтар өз әдістерін жетілдіріп отырады. Сондықтан оларды анықтау қиынға соғады. Машиналық оқыту технологиялары мен жасанды интеллекттің үнемі дамуының арқасында бизнестегі алаяқтықтың алдын алу мүмкіндіктері артып келеді.
Жоғарыда айтып өткен зерттеуге сәйкес, әлемдегі әрбір 4 ұйым биометрияны қолданады, ал сауалнамаға қатысқан мыңдаған компанияның 16 пайызы 2021 жылға дейін осы технологияны енгізуді жоспарлайды. 2021 жылға қарай ұйымдардың 72%-ы алаяқтықпен күресу үшін деректерді автоматты бақылауды пайдаланбақ. Әлемдегі ұйымдардың 52%-ы жұмыс процесінде болжамды аналитиканы қолданса, деректерді визуализациялау үрдісі 12 пайызға артады.
Алаяқтықпен күресте ЖИ, машиналық оқыту және болжамды аналитиканы қолдану тенденциясы ел аумағында да байқалады. Геоақпараттық жүйелердің мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың тамызына дейін елімізде 10 377 алаяқтық факті тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға аз.
Кәмила ДҮЙСЕН