Қара өлеңнің Ханбибісі
Қара өлеңнің Ханбибісі
419
оқылды

Атырауда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты, «Парасат» ор­де­ні­­нің иегері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қызметкері, көрнекті ақын, Түркістан об­лысы­ның Құрметті азаматы Хан­би­бі Есен­қара­­қы­зы­­ның 70 жасқа тол­ған мерейтойына ар­налған «Қара өлеңнің Хан­бибісі» атты шығарма­шы­лық кеш өтті.

Мәртебелі поэзия әлемінде қайсарлық пен ақиқаттың алдас­панындай жарқыраған, махаббат пен адалдықты жүрегі жырлаған Ханбибі ақын атажұртын құшағы­на сыйдыра құшты. Ханбибі ақын­ның келген сапары, қазақтың қа­нат­ты қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың сәулетті ескерткішінің ашылу салтанаты­мен ұштасқаны қуантты. Өмір жолында ұлтының жоғын жоқтап, қайраткерлерін ұлықтаған Ханбибі ақынға ескерткіштің ашылу сал­танатында облыстық ардагер­лер кеңесінің шешімімен «Хиуаз» медалі табыс етілді.

Әкесінің кіндік қаны тамған Құлсары қаласына барып, халық алдында жүректен шыққан сағы­ны­шы мен өлеңдерін оқып, ілти­пат­қа бөленген ақынның шығар­машылық кеші Атырау қаласында жалғасты.

Поэзияға ынтық жұрттың наза­рына алдымен Ханбибі ақын тура­лы деректі фильм ұсынылды.

Шығармашылық кеште «Қызы едім мен бір байдың Өлең деген» атты әдеби-музыкалық компози­ция­ны көрген жанның жаны жырмен әлдиленді. Поэзия мен прозаның жүгін қатар алып жүріп, өлеңдеріне ән жазылып, халықтың әуелей шырқар әніне айналуы Ханбибі ақынды «Хан қызындай Ханбибі» атандырды.

Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығы, ақындық тұлғасы жөнінде Әбіш Кекілбаев ағамыздан бастап, қаншама ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтып, халық танымына ұсынды.

Көрнекті ақын Темірхан Медет­бек Ханбибі ақын туралы: «...Бүкіл өлеңін алып қарасаңыз, арбасып жатқан, бірін-бірі ала алмай, алағай да бұлағай, аласапы­ран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі де жүретін, сондай құдіретті, қарулы, қайратты, жігерлі, намыс­ты ақын» дейді. Ақиқатында Хан­бибі Есенқарақызының поэзиясын да, прозасын да атүсті оқу мүмкін емес. Себебі ақынның әр өлеңі жа­ныңды қозғай отырып, сезіммен өбеді, өбіп отырып өрелі ойға жете­лейді.

Шығармашылық кештің алғы­сөзін облыс әкімінің бірінші орын­басары Серік Шапкенов алып, аймақ басшысы мен облыс хал­қы атынан Ханбибі ақынды ме­рей­лі жасымен құттықтап, шығар­ма­шы­лығына құрмет көрсетіп, ақынға құндыз шапан тарту етті. Хан­би­бі ақынның шығар­ма­шы­лығына құрмет көрсетіп келген қазақтың қабырғалы қаламгері Дулат Исабековке де осындай құрмет көрсетілді.

Шығармашылық кеште Қазақ­станның және Қырғыз­станның еңбек сіңірген мәдениет қайрат­кері, музыкатанушы Илья Жақа­нов пен облыстық ардагерлер ке­ңе­­сінің төрағасы Қатимолла Ризуа­нов Ханбибі ақынның 10 том­дық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімін жасады.

Қасиетін мойныма ілген тұмардың,
Қасіретін туған елдің ұғармын.
Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тіккен
Сәкендерден әулие емес шығармын, –

деп жырлаған Ханбибі ақынның шығармашылық жан әлемі туралы ғалым Қылышбай Сүндетов сөз алып, 10 томдық жауһар дүние­сі­нен ғана емес, алаш­тықтардың ама­натын арқа­лаған «Ақ жол» атты көптом­ды­ғына ерекше тоқталып, Ханбибі Есенқарақызының халқы алдын­дағы перзенттік парызын орындау­дағы қайраткерлігін айтып жет­кізді.

Қайраткер ақын Ханбибінің атажұртындағы шығармашылық кездесуіне келген Дулат Исабеков ағамыздың сөзі тыңдарманның жадында қалды. «Қолына қалам ұстағандардың Атырауға келмегені жоқ екен» деп өзінің Атырауға ал­ғаш рет келіп тұрғанын тілге тиек етіп, сөз бастаған Дулат Иса­беков: «Ханбибі – ақын, Ханбибі – батыр, Ханбибі – журналист, Хан­бибі – тарихшы. Бір өзіне бір­не­ше қасиетті жинаған ақынның шығармашылық кешіне келмеуге болмады. Мен үшін кітап деген екіге бөлінеді. Біреуі – баспадан шығатын кітап, екіншісі – перзент сияқты дүниеге келетін кітап. Ханбибінің кітаптарын оқып, келіп отырсыздар, нашар өлең жоқ. Өйткені ішінде әбден қай­на­ған, піскен, қорытылған, айтпауға болмайтын ойларды қағазға түсірген. Перзент сияқты дүниеге келетін кітап деген – осы. Мен сондықтан да Ханбибінің кешіне барайын дедім. Кейбір күшеншек ақындар бар «елім, жерім» деп уайым қылады, бірақ шын уайым емес. Ішінде баласы жоқ әйелдің толғатқаны сияқты. Ал Ханбибі шын қайғырады, шын айта біледі. Өлең дегеннің өзі қиын. Бүгінгі заман – өлеңнің емес, драматур­гияның, прозаның, эссенің зама­ны. Ал бірақ Евтушенконың сөзі­не қарағанда, Ресей мен Қазақстан поэзиясыз өмір сүре алмайды. Өйт­кені жастайынан құлаққа сіңіріп, ойға түйіп, қайтадан өлең етіп шығаратын халық. Өйткені біздің жырымыз ұшан-теңіз. Ханбибінің өлеңі түгіл, қанатты сөздерінің өзі көп нәрсені айтады. Біз әдебиет, болашақ, ел жайлы көп сыр­ласамыз. «Ақын батыр бол­­маса, несі ақын?», «Менің мі­не­­­зім – менің қаруым» – екінің бірі­нің ойына келмейтін тіркестер. Бұл ақын жүрегі арқылы өтеді. «Ақын азаматтығымен ыстық», «Шын­дықты не ақын айтады, не ажалы жеткен адам айтады», «Ұлтты та­ны­­татын шын ақынның өлеңі», – деп Ханбибі ақынның азамат­тық, ақындық, жазушылық талантына тәнті болған Дулат Исабековтің сөзіне халық қошеме­тін аямады.

Ханбиби ақынның шығарма­шылық кешіне келген қонақ­тардың бірі – әйгілі «Алтынай» әнінің авторы, республикалық конкурстардың лауреаты Құралай Сәтмұхамбетова.


«Ханбибі – ақын, Ханбибі – батыр, Ханбибі – журналист, Хан­бибі – тарихшы.  Бір өзіне бір­не­ше қасиетті жинаған ақынның шығармашылық кешіне келмеуге болмады. Мен үшін кітап деген екіге бөлінеді. Біреуі –баспадан шығатын кітап, екіншісі – перзент сияқты дүниеге келетін кітап. 


Ханапаны мерейлі жасымен құттықтап, «Алтынай», «Ауылға барам» әндерін орындап, тыңдар­ман қошеметіне бөленді.

Қазақ әдебиеті мен тарихына, руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлесін қосқан қайраткер ақын шығармашылығы туралы айтып, құттықтау лебізін білдірген ақын Ғалым Қалибекұлы мен айтыскер ақын Маржан Есжанова халық алдында Ханбибі ақынның болмы­сын биіктетті.

Поэзия падишасы Фариза Оңғар­сынованың өлеңіне жазыл­ған әндер Ханбибі ақынның шығармашылық кешін айшықтай түсіп, ұмытылмас сәт сыйлады.

Қарымды қаламгер, айтулы ақындармен үзеңгілес болып, өз талантына аға буын тұлғалардың жылы лебізіне, жастардың құрме­тіне бөленіп жүрген Ханбибі ақын: «Атырау – атажұртым. Әкемнің кіндік қаны тамған аяулы мекен. Еңбектерімді 10 томдық етіп жа­рық­қа шығарған аймақ басшысы – Нұрлан ініме рақмет. Бірақ қа­лам­­герлердің, жалпы, өнер адам­­да­­ры­ның Атырауға жиі келуі об­­лыс­ты Иманғали Тасмағамбетов бас­қарған жылдан бастап, Бақты­қожа Ізмұхамбетовпен жалға­сып келе жатқанын ескеруі­міз керек. Атырауға жұрт алып кету үшін келсе, мен беріп кету үшін келдім. «Ақ жол» атты он томдығымның 400 данасын облыстық кітапхана мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті­не сыйлаймын. «Ақ жол» көп том­­дығы – тарихи кітап. Бұл кітап­тағы деректерден ізденуші ғалым­дар кандидаттық, докторлық дис­сертацияларын қорғап жүр. Бұдан атыраулықтар да қалыс қалмаса екен», – дегенде халық ризашы­лық­пен ұзақ қол соқты.

Атажұртының риясыз ілтипа­ты­на бөленген Ханбибі ақын сах­нада жыр­ларын оқып, тыңдарма­ны­ның жырға шөлдеген жан дү­ние­­сін байытты. Ақынға құрмет­пен жиыл­­ған көрермен көпке дейін тарай қоймай, ақынды тор­уыл­дап, бір лебізін естуге ынтық бо­лып айналшықтап жүріп алды.

Поэзия падишасы Фаризадан соң әйел ақындардың ішінде Ханбибі ақынның 10 томдығының көп тиражбен жарыққа шығуы, қай­раткер ақынның елдің руха­ния­­тына деген шексіз махаб­ба­ты­нан болса керек. Перзентінің жүрегінен шыққан жырлары, прозалары, естеліктері мен аудар­ма­лары, жалпы толық шығармалар жинағын қамтыған 10 томдық жинақтың 5 мың тиражы Атырау облыстық Ғ.Сланов атындағы кітапханаға табысталды. Сайып келгенде, тұлпар шабысты, тарпаң мінезді ақын Ханбибі өзінің қалам қуатынан шыққан шығармаларды оқырман алыстан іздемей-ақ оқуға жағдай жасап берді.

Қазақ жұрты ерекше құрмет тұтатын Ханбибі ақынның ата­жұрт­пен жүздесуі Халел Досмұхам­бетов атындағы Атырау мемле­кет­тік университетінде жалғасты. Ар­на­йы шақыруды қабыл алған ақынға құрмет көрсеткен универ­си­тет ректораты мен ұжым, сту­дент­тер қатысқан кездесуде Хан­бибі Есенқарақызы шығарма­шы­лығы туралы келелі пайым айтыл­ды. Жыр оқылып, тыңдарман поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Кездесу соңында Ханбибі Есен­қарақызына ғылымға қосқан үлесі үшін Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­сите­ті­нің ғылыми кеңесінің шеші­мі­мен «Құр­­метті профессор» атағы беріл­ді.

Атырауда өткен тағылымды кеш пен кездесулерде   Ханбибі Есен­қарақызына ақындық-адам­дық кредосынан бір сәтке де айны­май ұлтқа қызмет етіп келе жат­қа­нына сай құрмет көрсетілді. Бұл ақын үшін ғана емес, тұтас ұлт үшін зор мәртебе екені сөзсіз.


Атырау облысы