Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті ақын, әдебиет сыншысы, журналист Әмірхан Балқыбектің көзі тірісінде тұрған, ғаламат еңбектерін дүниеге әкелген үйге ескерткіш-тақта орнатылды.
Ол – арқалы ақын еді. Оның білімі телегей-теңіз болатын. Ол өз қатарынан озып туған арда азамат еді. Жаратылысынан өте қарапайым-тұғын. Иә, ол туралы әңгіме, өкінішке қарай, бүгінде тек өткен шақта айтылады. Өмірден ерте озған ақын тірі болса, биыл ердің жасы елуге толар еді.
Біз Әмірханмен 90-жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бірге оқыдық. Ол студент кезінің өзінде асқан білімдарлығымен көзге түскен болатын. Қолынан кітабы түспейтін, жұқалтаң келген сары жігіт үнемі ой үстінде жүретін. Кейде көктен түскендей тарс еткізіп бір сұрақты қойып қалатыны бар-ды. Енді бірде өзі айтқан сөзіне өзі мәз болып, балаша қуанатын-ды.
Университет бітіргеннен кейін де ол өзінің қаламының қаншалықты қарымды журналист екенін танытты. Республикалық басылымдарда еңбек ете жүріп, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Мықты әдебиет сыншысына айналды. Өлең топтамалары алғашында ұжымдық жыр жинақтарына енсе, кейіннен «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы» жыр жинақтары, тарихи эсселер мен әдеби мақалалардан тұратын «Қасқыр Құдай болған кез», «Ақын апологиясы» кітаптары жарық көрді.
– Әмірхан Балқыбек – 90-жылдары әдебиетке жарқ етіп келген жарық жұлдыз. Ол нағыз тәуелсіздіктің ақыны. Егемен ел болған аумалы-төкпелі күрделі кезеңде әдебиетті, өлеңді тастамады. Ол – көп оқыған, көкейіне көп тоқыған, әдебиетке жаңа леп, жаңа үрдіс алып келуге жол ашқан жігіттердің бірі. Кезінде алтынкөпірліктер деп оларға пікірімді білдірдім. Әмірханның өмірден өте ерте өтіп кеткені өкінішті бола тұра, бір жағынан бүгінгі шараға құтты болсын дейміз. Өз қатарластары қалалық әкімшілікпен біріге отырып, үлкен сауапты іс жасады, – деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек. – Әмірханның жазып кеткен шығармалары ел есінде. Ол еш уақытта ұмытылмайды.
Әмірхан өзінің әдебиетші болуына әкесі Жұмабектің көп ықпалы тигенін жиі айтатын. «Әкемнің кітаптары көп және оны жүйелі түрде қалай оқу керегін үйреткен де сол еді» дейтін. Қазақ-өзбек ақындарының өлеңдерін жатқа оқитын әке зерек ұлының құлағына да ерте бастан асыл сөздің қазынасын құя білді. Зерделі жан сол өңірден шыққан, қолына қалам ұстағандарды үйіне жиі қонаққа шақыратын. Әңгіме арасында олардан «Осы баладан бірдеңе шыға ма?» деп жайлап сыр суыртпақтап қоюды да ұмытпайтын. Ақын Қазыбек Иса – солардың бірі.
– Осыдан бес жыл бұрын жайбарақат жүрген бәріміздің төбемізден жай түскендей болып, ол өмірден құйрықты жұлдыздай ағып өткенде «Ел сені енді іздей бастайды» деп жазып едім. Міне, Әмірханды іздеу енді басталды. Түркістан облысында Әмірхан атындағы жас ақындардың үлкен жыр мүшәйрасы, Шардара ауданында бір ай бойы Әмірханның оқулары өтті. Оның әкесі Жұмабек ағамыз өте білімді кісі еді. Ол кісіден туған ұлдың телегей-теңіз білімнің иесі болуы тегін емес. Әмірхан кейде ақындарды бағаласа «Оны менің әкем жақсы көреді» дейтін. Жұмабек ағамыз әл үстінде жатқанда «Ақын болам деп Алматыға соңыңнан еріп келген ініңе бас-көз болып жүр» деген болатын. Біз Әмірханды сақтай алмадық. Қапыда қалдық. Сол жылы өзі де «Қызғалдақтар өскенде ауылға барам» деп айта беріп еді. Өкінішке қарай, қызғалдақтар өскен кезде біз Әмірханды қызыл кілемге орап алып бардық... Мен дәл сол кезде көршілес мемлекет – Бішкекте болып едім. Шекарадан өткен кезде қарасам, Әмірхан бес рет телефон соғыпты. «Не боп қалды екен?» деп қайта хабарласқанымда, телефон көтермеді. Алматыға келгенімізде суық хабарды естідік. «Шырылдап сонда неге іздеді екен?» деп әлі күнге дейін ойлаймын. Өзекте өкініш қалды. Сол кезде Алматыда болсам, Әмірханды қасыма шақырып алсам, оны шақырып жүрген өзге әлемнің құшағынан құтылып, құрақ ұшып келгенде аман қалар ма еді, бауырым. Әйтсе де, адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады. Өмір өз дегенін істейді, амал бар ма? – деді ақын Қазыбек Иса.
Енді Әмірхан Балқыбектің екінші өмірі басталды. Биыл ақынның 50 жылдығына байланысты өзі туып-өскен өңірде де бірқатар іс-шаралар өтті. Түркістан облысының Шардара ауданындағы өзі оқыған Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте оның атына арнайы сынып ашылған. Өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатуда ақынның досы Маралтай Райымбекұлының еңбегі зор болғанын көпшілік қайта-қайта айтып жатты. Алдағы уақытта да оны мәңгілік есте қалдыру шаралары жалғасын таба бермек. Өйткені көзі тірісінде қамқор болған ізбасарлары, қалың оқырманы барда оның аты өшпек емес.