Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бес түрі арзандаған. Мәселен, қырыққабат бағасы 21,4 процентке төмендеді. «Жалпы өсім көрсеткіші 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен. Аталған өсудің 90 проценті, яғни 4,1 проценттік пункті, елде төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде тіркелді. Мұның негізгі себебі карантинге байланысты азық-түлікке деген ерекше сұраныс және логистика мен тауар тасымалдау шарттарының өзгеруі, маусымаралық кезеңдегі тапшылық болды», – деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады, мысалы сол баға 0,1 процентке өсті де, маусым мен шілдеде өспей, тамызда 1 процентке төмендеді. Министрдің дерегінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен 14,2 млрд теңге бөлінген. Бұл нарықтық механизм қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Алматы қаласы бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда қомақты қаражат бөлінген. Нәтижесінде, шаһарда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі 2,2 процентті құрады. Бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіш көрінеді. Ал Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұруға қаражат бөлінген жоқ, салдарынан аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі тиісінше 6,1% және 5,7%-ті құрады. «Бағаны тұрақтандырудың маңызды құралының бірі – монополияға қарсы реттеу шаралары. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті ішкі нарықтағы сөз байласу күдікті жағдайға тұрақты мониторинг жүргізеді. Осылайша, биылғы азық-түлік, жеміс-көкөніс пен ет өнімдерін өндіру және сату бойынша нарық субъектілеріне 293 хабарлама жіберіліп, сондай-ақ 13 тергеу жүргізілді», – деді министр. Айта кетейік, төтенше жағдай режимі кезеңінде бағаларды тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен 9 әлеуметтік маңызы бар тауарға шекті баға белгіленген болатын. Сол шекті бағаның сақталуына әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұрады, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салынған. Айта кетейік, биыл 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде 7 тауарды экспорттауға тыйым салынды. Бұдан басқа, бағаның өсуіне жол бермеу наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, азық-түлік тауарын көптеп өндіруді қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін бірқатар жаңа инвестициялық жобалар енгізіледі. Мысалы, жыл соңына дейін құс етін өндіру көлемі 75 мың тоннаға немесе 25 процентке ұлғайтылады. Бұл жаңа 8 құс фабрикасын жылдың аяғына дейін іске қосу есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың екеуі іске қосылған. Сонымен қатар сүт өндірісі де ұлғаяды. Жылдың соңына дейін қосымша көлемі 112 мың тонна болатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы іске қосылады. 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін қуаты 45 мың тонна болатын 3 жаңа ет комбинатын іске қосу жоспарланып отыр. «Халықты алмамен қамтамасыз ету үшін 2 мың гектар қарқынды алма бағын отырғызу жоспарлануда, олар 68 мың тоннаға дейін өнім бере алады. 1 700 гектар қазірдің өзінде отырғызылды. Қант өндіру бойынша Жамбыл облысында жаңа зауыт салу бойынша жұмыс басталды. Қант қызылшасына арналған алаңдар 20,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды, Алматы облысында қолданыстағы қант зауыттары жаңғыртылады», – деді С. Омаров. Импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатқан Үкіметтің жетекшісі Асқар Маминнің пікірінше, бағаны қымбаттатуға еш себеп жоқ. «Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруы қажет. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру механизмін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырамын», – деді ол Үкімет отырысында.
Айдана БЕГІМ