Бейіттерді жүк көлігімен тас-талқан еткен күдікті іздестіріліп жатыр
Бейіттерді жүк көлігімен тас-талқан еткен күдікті іздестіріліп жатыр
Фото: Интернеттен алынды
169
оқылды
Қарағандыда ауыр техникамен зираттағы 13 бейіттің қоршауын бұзып, тас-талқанын шығарған, – деп хабарлайды КТК. Қираған бейітте жатқан марқұмдардың туыстары мен полицейлер мұндай оқиғаны алғаш көруіміз деп аң-таң болып отыр. Зираттың бір басынан кіріп, жолындағысын жайпап келесі басынан шыққан. Қарағанды қаласының тұрғыны Сейітжан Алдияров әкесінің бейітін көріп, көңілі құлазып отыр. Төрт жыл бұрын жер қойнына берген әкесінің жатқан жері ойран болады деп кім ойлаған? Қазір сау қалған кірпіштерін тазартып, жылдамдатып басын қайта тұрғызудың қамына кіріспек. Өйткені оның аяқасты болғанын қаламайды. «Бәрінен бұрын мына жайтты көрген анама қиын болды», – дейді Сейітжан Алдияров. Ал полицейлер оқиға орнынан көлік іздерін анықтап, түрлі айғақ заттарды алған. Қылмыстық іс қозғады.

Киров полиция бөлімі бастығының орынбасары Болатбек Сағынаев: «Осындай талқандау оқиғасы бірінші рет болып тұр. Басында өзім де сенбедім. Сондықтан өзім келіп қарадым. Кейін тергеу тобын шақырып, қарап, тексеріп, материалды жасап іс қозғадық. 40 тонналық HOWO көлігі ме деп ойлап тұрмыз. Жай көлік бұлай талқандай алмайды», – деді.

Тергеу жалғасып жатыр. Күдікті іздестірілуде.