Құның қанша, «қарындас»?
Құның қанша, «қарындас»?
138
оқылды
Әлқисса, ақпан айында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы ел­шілігінің көмегімен Бахрейн по­ли­циясы солелдегі 21 қазақ­стан­дық­ты сексуалдық құлдықтан бо­сатқан болатын. Жас қыздар жо­ғары жалақы туралы жалған уәдеге сеніп барғанын айтыпты. Сол кезде олар­ды кім апарып сатқаны белгісіз күйде қалған. Жуырда Ішкі істер министрлігі жоғарыда аталған Бахрейнге апарып қыздарды сауда­лаған қылмыстық топтың 9 мүше­сін ұстады. Төртеуі қазақстандық азамат болса, төртеуі Бахрейн және біреуі Үндістан елінің тумасы екен. Бахрейнге барған қыздардың көбі оңтүстік өңірлерден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шық­қан. Әрқайсысын 5-15 мың доллар аралығында саудаға салған. Енді оларды қандай жаза күтіп тұрғаны әзірге белгісіз. 1995 жылы 30 та­мыз­­да қабылданған Қазақстан Кон­ституциясының 1-бабына сәй­кес «мемлекеттің ең қымбат қа­зынасы – адам және оның өмірі» екенін ескерсек, адам саудасымен айналысқандарға көзделген жаза ауыр болса керек.  

Заң қандай жаза көздейді?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі Қылмыстық заң­на­маға бірнеше өзгеріс енгізіл­генін білеміз. Солардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толма­ғандарды сатуға байланысты бап­тар да бар. Енді сәл шегініс жасасақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың былтыр, 2019 жы-лы 2 қыркүйек­тегі Жолдауында: «Біз заңнама­мызды ізгілендіру ісі­­­не көбірек мән беріп, азаматтар­дың негізгі құқық­тарын назардан тыс қалдыр­дық. Жыныстық зор­лық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйел­дерге қатысты тұр­мыстық зорлық-зом­былық және басқа да ауыр қылмыс­тарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қол­даны­латын жаза­ны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырамын», – деп мә­лімдеген болатын. Ізін ала 3 айдың ішінде Үкімет пен Парламент бұл тапсыр­маны орындады. Енді адам сауда­сына қатысты заңнамаға енгі­зілген түзетулерді Қылмыстық ко­­­декстің бұрынғы мазмұнымен са­лыстырып көрсек. Мысалы, «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп ата­латын 135-бап бұрынғыдан да қа­таң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойын­ша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалады. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты да жаза кү­шейтілген, бұдан былай мұндай қылмыс жаса­ған адам 3-тен 4 жыл­ға дейін бас бостанды­ғынан айы­ры­лады. Ал ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қал­ды – 15 жыл­дық қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Дегенмен осы баптың соңғы 3-тар­мағы бойынша ең жеңіл жаза мерзімі 2 жылға өсіпті. Осыдан кейін «мемлекеттің ең басты құн­ды­лығын саудала­ғандар үшін қол­данылатын жаза тым жеңіл емес пе?» деген сұрақ туындады. – Жалпы алғанда, қылмыскерге жаза түзету үшін қолданылады. Оны қинау мақсатында емес. Тү­зелуге ниеті бар адамға шынды­ғында 3-4 жыл да жеткілікті. Ал түрмеде неғұрлым көп отырса, «жа­­­­засын тартады» деп ойлау дұрыс емес. Мысалы, қамауда 10 жыл отырған адамға мерзімнің ұзақтығы кері әсер етіп, ол қылмыс жасауын доғармауы мүмкін. Себебі боса­ғаннан кейін қоғаммен үйренісе алмайды. Сондықтан қазіргі Қыл­мыстық кодекстегі адам саудасы­на байланысты баптарды жеңіл деу – жансақтық. Мемлекет жазалаушы емес – түзетуші, – дейді заңгер Талант Рамазанов.  

Санағы жоқ деректер

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметіне сенсек, адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұза­ғына әлемде жыл сайын 40 миллионға жуық адам ілігеді. Ал БҰҰ дерегінше, Қазақстанда құл­дық қамытын киген 75 мың адам бар екен. Бұл көрсеткіш Ресейде 794 мың болған. Мұның бәрі болжам күйінде, шындығында әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал елімізде соңғы 16 жылдың ішінде 1,5 мың қылмыс тіркелген. Айта­тын бір жайт – адам саудасы­нан жапа шеккендердің 71 проценті әйелдер екен. Бір нәрсе анық, адам саудасы құрбандарының басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы­лардан шығады. Жалпы, адам сау­дасы 9 топқа бөлінеді. Олар: жы­­ныстық қанау мақсатында жасала­тын әйелдер мен балалар саудасы, еңбекте қанау, сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйел­дерді, қыздарды сату, мәжбүрлі қайыршылыққа тарту, қарулы қақ­тығыстарға пайдалану, дене мү­шелері мен тіндерді трансплан­тациялау, заңсыз бала асырау ар­қылы кәмелетке толмағандарды сату, бала туу мүмкіндігін қанау, жұмыс пен қызмет жасауға мәж­бүрлеу мақсатымен некеге тұру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. Көп жағдайда Қазақстан азаматтары шетелде адам сауда­сымен айналысатындардың тұза­ғына түсіп, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия мен Парсы шығанағы елде­рінде жұмысқа жегіледі екен. 2019 жылы адам саудасы бойын­ша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақ­станды осы мәселе бойынша «бақы­лау тізіміне» енгізді. Көп ұзамай Қа­зақстандағы адам құқық­тары жөніндегі уәкіл Эльвира Ази­мова адам саудасына қарсы күрес шара­ларына қатысты ахуалға алаң­дап, Премьер-Министр Асқар Ма­минге ресми хат жолдағанын да білеміз. Маманның пікіріне сүйен­сек, елдегі адам саудасы қылмыс­тары толық ашылмай жатқанға ұқсайды. – Қазақстандағы адам саудасы фактілері мен қылмыстық жауап­кершілікке тартуға қатысты ресми статистика Қырғыз Респуб­ликасы мен Өзбекстанды қоса алып са­лыс­тырсақ, айтарлықтай төмен. Яғни, бұл мұндай қылмыстық іс­­терді анық­тау, тергеу және жаза­лау жұ­мысы тиісті деңгейде ат­қарыл­май жат­қанын байқататын секіл­ді, – деген болатын Эльвира Азимова. Бұдан бөлек, жуырда Алматыда жоғалып, кейін мәйіті табылған 13 жастағы қыздың дене мүшелері жоқ болып шыққаны мәлім болған еді. Істің жай-жапсары әлі белгісіз болса да, өрімдей қыз адам сауда­сына жататын дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялаудың құрбаны болғанға ұқсайды деген болжам бар. Түйіндей келсек, аты көп аталмаса да, адамзат ғұмырында құрбаны көп қылмыстың қарқыны басылмай тұрғаны аян.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ