Пойызбен бірдей уақытта баратын әуе рейстері бар
Әрине, ішкі нарықта әрқайсысында 1-2 миллион халқы бар республикалық маңызы зор қалалар – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент бағыттарына сұраныстың тұрақты түрде жоғары екені даусыз. Ал маусымдық туристік бағыттар бойынша жағдай қалай? Биыл пандемияға байланысты халықаралық рейстер тоқтаған соң, Үкімет те ішкі рейстерді жандандыруға мән беріп отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан – Токио бағытындағы субсидияланатын рейстер уақытша тоқтап қалған соң, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаржының бір бөлігін, атап айтсақ 385,1 млн теңгені ішкі туристік бағыттардағы тасымалды өтеу үшін жұмсауға шешім қабылдаған. Министрлік мәліметінше, конкурсқа SCAT, Qazaq Air, «Южное небо», «Жезказган Эйр» сияқты әуекомпаниялары қатысып, нәтижесінде Qazaq Air жеңімпаз атанған. Осылайша, Нұр-Сұлтан – Балқаш, Нұр-Сұлтан – Үшарал, Алматы – Жезқазған әуебағыты бойынша жолаушы тасымалы жандана түсумен қатар, ішкі туризмнің дамуына серпін берген. Бірақ қалааралық әуеқатынасының әлі де ақсап тұрған тұстары бар. Мәселен, кейбір бағыттар бойынша тікелей рейс жоқ немесе кейінге шегерілген, сол себептен географиялық тұрғыдан бір-біріне жақын орналасқан қалаларға үшінші, тіпті төртінші бағыт арқылы жетуге мүмкіндік бар. Мәселен, Павлодар – Қостанай бағытын алайық. Билет сататын сайттағы мәліметтерге келсек, SCAT әуекомпаниясы Павлодар – Нұр-Сұлтан – Қостанай бағытындағы әуе рейсін ұсынады. Жол ұзақтығы – 9 сағат 25 минут. Себебі Павлодардан таңертең астанаға ұшсаңыз, әуежайда біраз уақыт күтіп отыруға тура келеді. Қостанайға рейс кешке белгіленген. Ал дәл осы бағыт бойынша Air Astana арқылы ұшсаңыз, межеленген жерге дейін жету үшін 22 сағат 15 минут кетеді. Qazaq Air ұсынысы бойынша, жолға 20 сағат 30 минутты сарп етесіз. Ал пойызбен жүрсеңіз Павлодардан Қостанайға дейін 21 сағатта баруға болады. Тағы бір мысал айтайық. Шымкент пен Тараздың арасы автокөлікпен жүргендер үшін 180 шақырымға жуық. Ал әуежолының қашықтығы – 158 шақырым. Келесі дүйсенбіде, яғни 22 қыркүйекте ұшақпен Шымкенттен Таразға барғысы келген адамға екі нұсқа ғана ұсынылған. Екеуі де SCAT әуекомпаниясының рейстері. Екеуі де Нұр-Сұлтан арқылы ұшады. Бір рейстің ұшу ұзақтығы 4 сағат 35 минут болса, тағы біреуінің ұзақтығы 22 сағат 55 минут. Содан болар, әлемде ең қауіпсіз транспорт түрі – ұшақтар боп саналса да, азаматтар арасында қалааралық бағыттар бойынша жеңіл көлік, автобуспен жүру дағдыға айналған. Бұл екінші мәселенің басын ашып тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылда еліміздің жолдарында 10 мың адамның қаза табатынына алаңдап, бұл санның соғыс немесе қарулы қақтығыстар кезіндегі статистикамен бірдей екенін айтқан болатын. Бұл тұрғыдан, әрине қалааралық теміржол, әуеқатынастарын күшейте түсу маңызды. Бастысы – жол қауіпсіздігі.FlyArystan лоукостері өз миссиясын орындады ма?
FlyArystan лоукестерінің пайда болғанын қазақстандықтар қуана қабылдаған еді. Қазіргі таңда бұл компанияның COVID-19 пандемиясына байланысты жұмысы да сыналып жатады. Мәселен, мамыр айында бұл әуекомпаниясы Алматы – Тараз, Нұр-Сұлтан – Тараз бағытындағы әуе рейстерін уақытша тоқтататынын жариялады. Бұған себеп – экономикалық табыс табу мүмкіндіктеріне басымдық беру болса керек. Мамандар FlyArystan әуекомпаниясының әлі де болса өз миссиясын орындай алмай отырғанын сын тезіне алады. Мақсат СЕРАЛЫ, экономист: – FlyArystan лоукостерін эконом-сегмент ретінде ашты. Бірақ бағаның тұрақсыздығы байқалады. Әрине, ұшу күні жақындаған сайын бағаның қымбаттайтыны түсінікті. Бұл жерде ең алдымен бекітілген баға қажет. Себебі бағаның тұрақтылығы жолаушылар мен рейстің санының көбеюіне әкеледі. Екінші фактор – рейстің тұрақтылығы. Бұл жерде ұшу жиілігі деп айтпай-ақ қояйын, себебі кейбір қалалар арасында ұшақтардың жиі ұшуы қажет болмауы да мүмкін. Мысалы, күніге Семейге ұшу қажет болмаса керек. Бірақ «күні өзгеріп кетті, рейс болмай қалды» дегендей сылтау болмауы тиіс. Әрине, ауа райына байланысты рейстердің өзгертілуін түсінеміз. Бірақ ішкі менеджментке байланысты рейстер ауыспауы керек. Алғашқы уақытта жаңа рейстер компанияның өзіне шығын әкелуі мүмкін. Себебі оған әлі адам үйренген жоқ, ұшаққа адам толмайды. Бірақ бірнеше ай өткеннен кейін бұл рейстерде тұрақтылық пайда болады. Яғни, азаматтарда белгілі бір маршруттық сана қалыптасады, – дейді. Экономист маманның айтуынша, халық FlyArystan сияқты орта сегменттегі отандық компанияны ұзақ күтті. Соның өзінде ол негізгі құрылған миссиясын әзірше орындап жатқан жоқ. Әрине, әуекомпаниясының бір артықшылығы – барлық ұшақтардың жаңаланғаны. Ескі ұшақтар атымен жоқ. Бірақ бұл секторға тек пандемиядағы жағдай ғана емес, әу бастан әуе керосинінің қымбат болуы, мұнай бағасының өзгеруі де әсер етеді. – Түсінеміз, пандемия жағдайында ұшақтар тоқтап, бұл саладағы жалақы 45 процентке дейін төмендеді. Көптеген адам жұмыссыз қалып жатыр. Бірақ пандемияға қарамастан, Аллаға шүкір, ішкі рейстер қайтадан жанданып келеді. Ішкі рейстерді қосқан кезде қай рейстер басым бағытқа ие, солардан бастау керек. Олардың жиілігін біртіндеп көбейту керек. Одан кейін екінші «Б» категориялы рейстерді айына төрт рет қойып, біртіндеп қалыптастыруға болады. Жолаушылар саны көбейген сайын рейстерді де көбейтуге немесе ұшақтың сыйымдылығын арттыруға болады, – дейді. Біз отандық лоукостердің баға саясатын бағамдап көрген едік. Ең арзан билет құны Атырау – Орал бағытында қатынайтын ұшақта. Жеңілдікпен 2 999 теңгеге билет алуға болады. Бұл дегеніңіз – ірі мегаполистегі такси құны. Ақтау – Ақтөбе бағытындағы рейстің билет құны – 6 999 теңге. Әрине, мұндай баға қуантарлық, бірақ маман айтпақшы, әлі де болса тұрақты баға саясаты қажет.Түркістандағы әуежай жылына қанша турист қабылдайды?
Түркістан қаласындағы Hazret Sultan Airport халықаралық әуежайының құрылысы жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сенсек, жаңа әуежайдың жолаушы өткізу қабілеті сағатына – 450 адам, жылына – 3 млн адам. Жоспарланған әуе рейстері бірінші кезекте – Нұр-Сұлтан, Алматы, Стамбұл бағыты бойынша, кейінгі кезекте – Қарағанды, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Меккеге қатынайды. Бүгінгі күні әуежайдың құрылыс-монтаждау жұмыстарының 75 проценті аяқталған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың мәліметінше, алдағы уақытта инвестор бұл нысанды әлемде қысқа мерзімде салынған әуежай ретінде Гиннесс рекордтар кітабына ұсынбақ екен. Жоспар бойынша, бүкіл түркі әлемінің рухани астанасына туристер 2021 жылдың қаңтар айынан бастап келе алады. Туризм саласының мамандары жаңа бағыттарды дамытуда ұшақ қатынасының маңызды екенін алға тартады. Бір ғана мысал, биыл қазақстандықтар арасында Ақтау бағыты үлкен сұранысқа ие болды. Себебі отандық туристер жаңадан ашылған бесжұлдызды қонақүйді көріп, Каспий теңізінің жағасында демалғанды жөн санады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның ең кемі 2 жылға созылатынын жеткізеді. Яғни, келер жылғы демалыс маусымы да ішкі туризмге деген сұраныстың артуымен жалғасуы мүмкін. Сондықтан ішкі бағыттардағы рейстерді жандандыру, қалааралық тікелей рейстерді көбейту мен баға саясатын тұрақты жүргізу уақыт талабы болып тұр.Кәмшат ТАСБОЛАТ