Жаһан жанталасы бәсекеге ұласты
Вакцина әзірлеудің соңы бәсекеге апарып тіреді. Әлем елдері мен медициналық ұйымдар өзара «кім мықтыны» анықтауға көшкенге ұқсайды. Соның әсерінен түгелі дерлік екпе дайындау процесін үдетті. Өз кезегінде бұл вакцинаға деген күмәнді арттырғандай. Себебі қауіпсіздігіне толық көз жетпей тұрып, адамдарға екпе салу асығыстықтың нышанындай көрінді. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «ең үздікке» балаған Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы даярлап жатқан COVID-19-ға қарсы вакцинаның клиникалық сынақ кезеңі дереу тоқтатылғаны мәлім болды. Себебі сынақ ретінде салынған екпе еріктілерге кері әсер етіп, белгісіз ауруға шалдыға бастапты. Үлкен үміт – Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясында. Өйткені аталған мекемелер үш клиникалық сынақтың екі сатысынан сәтті өткен. Үшінші сатыдағы сынаққа Ұлыбритания, АҚШ, Бразилия және өзге елдерден 50 мыңға жуық адам қатысқалы отырған. Ал ғалымдар сәтсіздікке ұшырауды кез келген вакцина даярлау сәтіндегі қалыпты жағдайға теңеп отыр. Енді сынақ кезеңі одан әрі жалғаса ма, ол жағын британдық денсаулық сақтауды қадағалау қызметі шешеді. Алғашқы сәтсіздікке алаңдауымызға ең басты бір себеп бар. Осыған дейін медицина саласының мамандары «вакцина 1-2 жылда әзір болады» деп болжаған еді. Шындығында, бұдан да көп уақыт қажет ететін сияқты. Тарих қойнауына үңілсек, белгілі бір індетке байланысты 1-2 жылдың ішінде екпе табыла қойған оқиғалар жоқтың қасы. Оксфорд университеті «Ресей хакерлік шабуыл жасап, вакцина дерегін ұрлады» деп күдік келтірген. Бірақ Ресей үкіметі ізін ала «Бізді мәлімет ұрлады деудің еш мәні жоқ, егер Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өнімі сәтті шықса, ресейлік «Р-Фарм» компаниясы өз нарығы мен көптеген елге вакцинаны тарату үшін өнімді шығару мен тасымалдау жұмысының біраз бөлігін өз мойнына алады» деп қысқа қайырды. Енді Оксфорд университетінің сәтсіздігінен кейін Ресей өз абыройын арттыру үшін амал жасары анық.Болжамға толғам айтсақ
Ең әуелі бір негізгі қағида бар, шешуші сәтке дейін сынақтан сәтті өтпеген вакцинаны адамдарға қолдануға тыйым салынады. Мұны АҚШ билігі толыққанды құптап, 12-18 ай ішінде вакцинаны жасап шығаруды мақсат етті. Ол үшін 9,5 млрд теңге инвестиция құйған. Қарасаңыз, екпе дайындау біз ойлағандай оңай шаруа емес. Мол қаржыны талап етеді, оған қоса сынаққа қатысатын еріктілер де көп болуы тиіс. Еріктілер саны неғұрлым көп болса, соғұрлым вакцина әсерін тез анықтауға мүмкіндік туады. Енді тақырыпқа қайта ойыссақ. Жоғарыда біз ғалымдар болжамын сөз еткен едік. «1-2 жылда вакцина табыла қояды» дегенге күмән басым. Бұл күмәнға дәлел сұрарсыз. Мысалы, АИТВ-ға қарсы вакцина 36 жылдан бері табылмай келе жатыр. Ал полиомиелит екпесі 7 жыл (1948-1955), қызылша екпесі 9 жыл (1954-1963), желшешек екпесі 34 жыл (1964-1988), эпидемиялық паротит екпесі 4 жыл (1963-1967), адам папилломасы вирусының екпесі 15 жыл (1991-2006) дегенде әзер табылған. Бұл вакциналар адамзат үшін әлі күнге дейін медицинадағы жетістікке саналады. Аталған дерт қауіптілігі жағынан келсек, коронавирустан еш кем емес. Осы аурулар жыл сайын миллиондаған жанның өмірін қияды екен. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, осы жайды ескерсек күмән келтіруге толық негіз бар. Егер 1-2 жыл аралығында вакцина табылар болса, бұл адамзат тарихында ең жылдам әзірленген екпе ретінде рекорд болмақ. – Жалпы, вакциналардың әзірлене бастағанына енді ғана жарты жыл толады. Өткен жылдың соңында індет басталғанымен, барлық ұжымдар екпе қамына наурыз айында ғана кірісті. Оксфорд университетінің вакцинасына келер болсақ, кейбір кемшіліктері бар екенін сынақ басталғанда естідік. Мысалы, екпе әсерінен адамның дене қызуы қатты көтеріледі екен. Әрине, бір жағынан алып қарасақ бәсеке де бар. Бірақ клиникалық кезеңде сәтсіздік болуы заңды. Екпе адамдарға сынала бастағаннан-ақ тағы 1-2 жыл күтуімізге тура келеді. Ал клиникалық кезең тамызда ғана басталғанын есте ұстаған жөн, – дейді Қазақстан Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожа. Негізі, вакцина дайындаудың төрт кезеңі бар. Алғашқысы клиникалық кезеңге дейінгі уақыт, мұнда екпе жануарларға сыналады. ДДСҰ мәліметінше, 200-ге жуық вакцина осы кезеңде тұр. Екінші кезеңде қауіпсіздігі тексерілу үшін екпе бір топ жастарға салынады. Үшінші кезеңде ауруға шалдығу қаупі жоғары жандарға егілсе, төртінші кезеңде мыңдаған еріктіге сыналады. Тамыз айындағы дерек бойынша, шешуші кезеңге 7 вакцина ғана өткен.Қазақстандық вакцинадан не күтеміз?
Жуырда коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық сынағы басталатыны хабарланды. Сынаққа ерікті ретінде қатысуға 627 адам ниет білдірген. Денсаулық сақтау министрлігі болса, екпенің уыттылығы, дертті қоздыруы, аллергенділігі, иммуногендігі бойынша ДДСҰ-ның талаптары ескерілгенін айтады. Енді клиникалық кезең 20 қыркүйекте басталмақ. Бастапқыда Алматы қаласындағы клиника базасында вакцина 44 еріктіге салынады. Осы айдың соңына дейін 244 адам қазақстандық вакцинаны қабылдайды екен. Дегенмен отандық вакцинаға қоғам толықтай сенім артады деп айта алмаймыз. Осы кезге дейін бұл турасында пікірталас та өтті. Денсаулық сақтау министрлігі абыройын асырған екпе осылайша көп күмәннің астында қалып отыр. Бірақ үміт те жоқ емес. Одан бөлек, Қазақстан Ресей вакцинасын сатып алуға да келіссөз жүргізгенін білеміз. Талай мәрте талқыға түскен бұл сауда жөніндегі дау басылмады. Шынында да, толық тексерістен өтпеген Ресей вакцинасын алуға неге асыққанымыз беймәлім. – Меніңше, Ресейдің бізбен салыстырғанда зертханасы дамыған. Оны мойындау керек. Мүмкін вакцина сатып алуға келіссөз жүргізу асығыстық та болған шығар. Бірақ Қазақстандағы вакцинаны қай вирусқа арнап шығарып жатқанын білмеймін. Індет жайылған кезде көрдік, ПТР сынамалардың дәлелділігі 30 проценттен әрі асқан жоқ, қалған 70 процент науқасты қайда қоямыз? Алдымен вирус табиғатын егжей-тегжейлі зерттеп алу керек еді, – дейді Мыңжылқы Бердіқожа. Түйіндей келсек, коронавирустың алдын алатын вакцина жақын арада дайын боларына сену қиын. Мүмкін 1 немесе 10 жылды сарп етсек те таңғалмассыз. Түбінде дерт атаулы дауасыз болмаса керек-ті. Әзірге тұмауға қарсы екпемен жан сауғалап тұрғанымыз аян.