– Бұл шараны Bergen әлеуметтік шеберханасы мен елордалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.«Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – тоқымамен айналысатын, үйренгісі келетін, қызығушылық танытқан адамдардың басын қосып, оларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, қолдау. Бізде ешкім тоқымайды, тоқыған күннің өзінде үйдегі үлкен әжелерден басқа ешкім тоқымайды деген түсінік қалыптасып кеткен. Ашық ауада барлығымыз іс тоқып, жіп иіріп отырсақ, бұл стереотип бұзылады. Пандемия кезінде адамдар ішкі күйзелісті сезінсе, тоқу стресті жеңілдетудің бір әдісі. Бұл кәсіп тек тыныштандырып қана қоймай, қажет болған жағдайда табыс көзі бола алады», – дейді Bergen әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Рахима Мұқышева.
Эпидемиялық жағдайды ескере отырып, барлық санитарлық ережелердің сақталуын қамтамасыз ету үшін, іс-шараға қатысушылар алдын ала тіркеуден өтті. Олар үшін кілемшелер, фотоаймақ және арнайы орындықтар дайындалды. Акцияға бүкіл отбасы мүшелерімен де келгендер бар. Іс-шара барысында қала тұрғындары да қызығып, ілмекпен тоқуға қосылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеберлікті игеруге ниет білдірген мектеп оқушылары тоқуға үлкен қызығушылық танытқан. Шеберлік сыныбына мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен көпбалалы аналар да келді.
Ашық аспан астында қуыршақ театры қойылым қойып, филармония әртістері әннен шашу шашты. Қонақтар үшін ойындар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар берілді. Тоқу мерекесіне қатысушылар қарттар үйіне сыйлық ретінде жылы шұлықтар тоқуға келісті. Бұл акцияға елорданың үш мектебі қосылуды жоспарлап отыр. Оқушылар үшін қосымша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.