Алматы ауасы тазара ма?
Алматы ауасы тазара ма?
258
оқылды
Оның өзіндік себебі бар. Өйт­кені қала тұрғындары үшін қазіргі басты мәселе  экология болып тұр. Белсенділер бұл мәселені үз­діксіз көтеріп, оған қазірден бай­салды түрде назар аудармаса, жағдайдың тым ушығып кететінін үнемі айтумен келеді. Әрине, ат­мосфералық ауаның сапасына жұ­мысы кері әсер ететін нысандар қа­лада тек осы орталық емес. Олар ав­токөлік, қоғамдық көлік және жеке сектордың қыс мезгілінде кө­­мір жағып ауаны ластауы, сон­дай-ақ жылу мен энергияны кө­­­мір пайдалану арқылы өн­діретін өзге де кәсіпорындар бо­лып әрі қарай жалғасып кете бе­реді. Оның үстіне, қаланың ал­дында көгалдандырумен, жел режимін ескере отырып құрылыс жүргізумен, отынның сапасымен және тағы басқа да жағдайлармен байланысты мәселелерді шешу тұр. ЖЭО-2-ні жаңғыртудың көп­теген нұсқасы қарастырылды. Олар: жаңа станса салу; орталық­ты бу-газ қондырғыларын салу арқылы кеңейту; заманауи газ тазалаушы жабдықтарды орната отырып және отын ретінде кө­мір­ді пайдаланып, жұмыс іс­теп жатқан энергетикалық қазандық­тар­ды қайта құру; жұмыс істеп тұр­ған стансаны газға көшіру. Ақыры шаһардың экологиялық жағдайына тигізетін теріс әс­ер­ді азайту үшін ЖЭО-2-ні толы­ғымен газға көшіру нұсқасы таң­дап алынды. «АлЭС» АҚ-ның тапсырысы бойынша бұл жұмысты энергетика саласында құрылыс жүргізудің 60 жылдық тарихына ие, жылу энергетикасы саласындағы жобаға дайындық және жобалау жұмыстарының кең ауқымын атқаратын «Қаз­ЭнергоөнеркәсіптікҒЗ» жобалау институты жүргізеді. ЖЭО-2-ні табиғи газ жағуға көшіру атмосфераға зиянды заттар шығаруды азайтудың және станса әсерін тигізетін аймақта ауаның сапасын жақсартудың ең тиімді жолы екені еш күмәнсіз. Сол арқылы атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылдық саны 80 пайыздан астамға қысқарады. Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ тарифтік салмақтың мейлінше төмендеуі міндетті түрде қамтамасыз етілуін және жо­баның толық ақталуын ескере отырып, оны қаржыландырудың тиімді көздері мен қаржыландыру тәсілдерін тарту бойынша жұ­мысты жалғастыруда. Осылай­ша, компания жылу және эл­­­ек­­­­тр энергиясының негізгі тұ­­­ты­нушылары болып саналатын қала тұрғындарының барлық мүддесін ескереді. ЖЭО-2 – Алматыдағы ең ірі жылу-электр стансасы. Ол не­гі­зінен Екібастұз көмірі мен мазутпен жұмыс істейді. Осы стан­са жылу беру маусымында қала аспанын қою қара түтінмен тұмшалап тұ­ратыны рас. Осыдан тура үш жыл бұрын, анығы 2017 жылдың 20 қыр­күйегінде Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев қала билігіне «Самұрық-Энерго» АҚ-пен бірлесіп 2020 жылға дейін ЖЭО-2-ні газға көшіру жолдарын қарастыру туралы тап­сырма берген. Сол кезден бері мамандар бұл мәселені жан-жақты талқылап, енді ғана бір тоқтамға келгенін жариялады. Әрине, мұн­дай ауқымды жоба­ның тағдыры бірер кездесу мен дөңгелек үстелмен шешіле қой­масы анық. Алдымен техника-экономикалық негіздемесі жа­­сал­ды. Экономикалық және эко­­логиялық жақтары, қауіпсіздік мә­селесі де жан-жақты сарапқа са­лынды. «Алматы-2050» даму стра­тегиясында қала аумағында ауаға жыл сайын 122 мың тонна зиянды заттар жіберілетіні айтылған. Қала экологиясына кері әсер ету­ші басты фактор – көшелерде жүйткіп жүрген 700 мыңдай көлік. Қолдану мерзімі әлдеқашан өт­кен, ескірген көліктер зиянды заттардың 65 пайызын құрайды екен. Биыл карантин кезінде қала көшелерінде көліктердің жүруіне тыйым салынғанда бұл сөздің жаны бар екеніне өзіміз де куә болдық. Қою қара түтіннен үнемі тұмшаланып тұратын Алматының аспаны шайдай ашылып, көптен көру арман болған Алатаудың айқын бейнесі қала тұрғындарын қуантып, бірінен бірі сүйінші сұрап жатты. Экологиялық ахуалға кері әсер етуші екінші үлкен нысан осы – бүгін біз әңгіме етіп отырған ЖЭО-2. Қала әкімшілігі станса шаһар экологиясына кері әсер ететін зиянды қалдықтың 27 пайызын шығаратынын айтады. Қала экологиясының нашар­лауы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатқаны соңғы кез­де жиі айтылатын болды. Ста­тистикаға сүйенсек, алматы­лық­тардың әрбір үшіншісі – тыныс алу жолдары ауруларымен, әрбір төртіншісі – демікпемен, ал әр­бір оныншысы – аллергиямен ауыр­ады екен. Жылу электр ор­талығының газға көшуі өзі­нің және жақындарының денсау­лығы­на алаңдайтындар үшін өте жағымды жаңалық. Енді жобаның іске асуын асыға күтеміз.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ