Оның өзіндік себебі бар. Өйткені қала тұрғындары үшін қазіргі басты мәселе экология болып тұр. Белсенділер бұл мәселені үздіксіз көтеріп, оған қазірден байсалды түрде назар аудармаса, жағдайдың тым ушығып кететінін үнемі айтумен келеді. Әрине, атмосфералық ауаның сапасына жұмысы кері әсер ететін нысандар қалада тек осы орталық емес. Олар автокөлік, қоғамдық көлік және жеке сектордың қыс мезгілінде көмір жағып ауаны ластауы, сондай-ақ жылу мен энергияны көмір пайдалану арқылы өндіретін өзге де кәсіпорындар болып әрі қарай жалғасып кете береді. Оның үстіне, қаланың алдында көгалдандырумен, жел режимін ескере отырып құрылыс жүргізумен, отынның сапасымен және тағы басқа да жағдайлармен байланысты мәселелерді шешу тұр.
ЖЭО-2-ні жаңғыртудың көптеген нұсқасы қарастырылды. Олар: жаңа станса салу; орталықты бу-газ қондырғыларын салу арқылы кеңейту; заманауи газ тазалаушы жабдықтарды орната отырып және отын ретінде көмірді пайдаланып, жұмыс істеп жатқан энергетикалық қазандықтарды қайта құру; жұмыс істеп тұрған стансаны газға көшіру. Ақыры шаһардың экологиялық жағдайына тигізетін теріс әсерді азайту үшін ЖЭО-2-ні толығымен газға көшіру нұсқасы таңдап алынды. «АлЭС» АҚ-ның тапсырысы бойынша бұл жұмысты энергетика саласында құрылыс жүргізудің 60 жылдық тарихына ие, жылу энергетикасы саласындағы жобаға дайындық және жобалау жұмыстарының кең ауқымын атқаратын «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗ» жобалау институты жүргізеді.
ЖЭО-2-ні табиғи газ жағуға көшіру атмосфераға зиянды заттар шығаруды азайтудың және станса әсерін тигізетін аймақта ауаның сапасын жақсартудың ең тиімді жолы екені еш күмәнсіз. Сол арқылы атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылдық саны 80 пайыздан астамға қысқарады.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ тарифтік салмақтың мейлінше төмендеуі міндетті түрде қамтамасыз етілуін және жобаның толық ақталуын ескере отырып, оны қаржыландырудың тиімді көздері мен қаржыландыру тәсілдерін тарту бойынша жұмысты жалғастыруда. Осылайша, компания жылу және электр энергиясының негізгі тұтынушылары болып саналатын қала тұрғындарының барлық мүддесін ескереді.
ЖЭО-2 – Алматыдағы ең ірі жылу-электр стансасы. Ол негізінен Екібастұз көмірі мен мазутпен жұмыс істейді. Осы станса жылу беру маусымында қала аспанын қою қара түтінмен тұмшалап тұратыны рас. Осыдан тура үш жыл бұрын, анығы 2017 жылдың 20 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала билігіне «Самұрық-Энерго» АҚ-пен бірлесіп 2020 жылға дейін ЖЭО-2-ні газға көшіру жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген. Сол кезден бері мамандар бұл мәселені жан-жақты талқылап, енді ғана бір тоқтамға келгенін жариялады. Әрине, мұндай ауқымды жобаның тағдыры бірер кездесу мен дөңгелек үстелмен шешіле қоймасы анық. Алдымен техника-экономикалық негіздемесі жасалды. Экономикалық және экологиялық жақтары, қауіпсіздік мәселесі де жан-жақты сарапқа салынды.
«Алматы-2050» даму стратегиясында қала аумағында ауаға жыл сайын 122 мың тонна зиянды заттар жіберілетіні айтылған. Қала экологиясына кері әсер етуші басты фактор – көшелерде жүйткіп жүрген 700 мыңдай көлік. Қолдану мерзімі әлдеқашан өткен, ескірген көліктер зиянды заттардың 65 пайызын құрайды екен. Биыл карантин кезінде қала көшелерінде көліктердің жүруіне тыйым салынғанда бұл сөздің жаны бар екеніне өзіміз де куә болдық. Қою қара түтіннен үнемі тұмшаланып тұратын Алматының аспаны шайдай ашылып, көптен көру арман болған Алатаудың айқын бейнесі қала тұрғындарын қуантып, бірінен бірі сүйінші сұрап жатты. Экологиялық ахуалға кері әсер етуші екінші үлкен нысан осы – бүгін біз әңгіме етіп отырған ЖЭО-2. Қала әкімшілігі станса шаһар экологиясына кері әсер ететін зиянды қалдықтың 27 пайызын шығаратынын айтады.
Қала экологиясының нашарлауы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатқаны соңғы кезде жиі айтылатын болды. Статистикаға сүйенсек, алматылықтардың әрбір үшіншісі – тыныс алу жолдары ауруларымен, әрбір төртіншісі – демікпемен, ал әрбір оныншысы – аллергиямен ауырады екен. Жылу электр орталығының газға көшуі өзінің және жақындарының денсаулығына алаңдайтындар үшін өте жағымды жаңалық. Енді жобаның іске асуын асыға күтеміз.