Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу үшін сақтық шаралары қолға алынды.
Вакциналар алынды, індет тіркелген аумақтар залалсыздандырылуда, құстардың өлекселері жойылуда, құс шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды
Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) биыл 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді.
Ұлттық анықтамалық орталық құстардың қырылуының себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтады.
Қабылданған ережелерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады.
Елдегі эпидемиялық жағдайды шұғыл қалпына келтіру және құс тұмауының таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатында АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылғы 17 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді.
Аса қауіпті ауруды жою үшін АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.
Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді.
Арнайы комиссияның шешімімен ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді.
Өңірдің эпизоотиялық жағдайды Ауыл шаруашылығы министрлігі бақылауына алды.