Әлем әдебиетін қазақ тіліне аударуда мәселе жоқ. Қазақ әдебиетін өзге тілге аударуда ақсап тұрғанымыз қалай? Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасымен Ұлттық аударма бюросы қазақ антологиясын БҰҰ-ның алты тіліне аударды. Бұл – көңіл сүйсінерлік жағдай. Одан бөлек, аударма ісінде қандай көкейкесті мәселелер бар? Қаламгер қауым бұған не дейді?
Әдеби аударма арқылы бірін-бірі білмеген халықтар бір-біріне тіл қататыны белгілі. «Халықтар бір-бірінің қуанышын, мұңын біледі. Әдебиет арқылы халықтар бір-бірінің жанын ашады. Демек, халықтар бір-біріне жақындай түседі. Өкінішке қарай, мұндай мүмкіндікке қолы жеткен халықтар соншалықты көп емес. Соның бірі – қазақ халқы. Сондықтан біз бүгінде әдеби аудармаға ерекше мән беріп отырмыз. Әдебиетіміздің озық үлгілері әлем оқушыларына жетсе екен дейміз. Егер бұған дейін қазақ ПЕН клубы санаулы ғана кітаптарды ағылшын тіліне аударған болса, соңғы жылы Қазақстан Үкіметі бұл істі өз қолына алды. Қазақ әңгімелері мен өлеңдерінің екі томдық антологиясын БҰҰ-ның алты тіліне аударып, жарыққа шығарды. Жазушылар бұл жобаға үлкен үміт артып отырмыз», – дейді белгілі жазушы Смағұл Елубаев.
Қазір «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бюро әлемнің ең озық 100 кітабын қазақ тіліне аударуға кірісіп кетті. Жоба аясында оқулықтардың алғашқы легі оқырманына таныстырылып та үлгерді. Одан бөлек, қазақ антологиясын шет тіліне аудару мәселесін де қолға алғаны белгілі.
Жазушы: «Олар әлемнің үлкен тілдеріне аударатын тәжірибелі аудармашыларды биыл Алматыға шақырды. Біз олармен жүзбе-жүз кездестік. Жұмыс жүріп жатыр. Алайда бұл коммерциялық жоба емес. Екі томдық антология әлем кітапханаларына және гуманитарлық университеттерге таратылмақ. Алда қазақ әдебиетін коммерциялық мақсатта аудару жобасы күтіп тұр. Осы орайда, біз отандық аударма бюросына бір идеяны айтумен келеміз. Ол қандай идея? Ол әдеби агенттік идеясы батыста коммерциялық жобалармен тікелей тәжірибелі агенттер айналысатыны белгілі. Олар шығарманың коммерциялық тағдыры қай елде қалай қалыптасады? Соны алдын ала болжайды. Белгілі бір тілге белгілі бір кітапты аударуға кеңес береді. Әрі кітаптың сол тілге сапалы аударылуын қадағалайды. Кітап басылып шыққаннан кейін оның таралуын қолға алады. Яғни, кітаптың коммерциялық тағдырына жауап береді. Әрбір елдегі оқырмандар талабын жетік білетін осындай әдеби агенттермен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана біздің кітаптардың шетелдегі коммерциялық тағдыры дұрыс қалыптасады. Аударылған кітап шығатын елдің осындай тәжірибелі агенттерімен қоян-қолтық жұмыс болмаса, біздің кітаптарымыз ауаға атылған оқтай құр босқа кетуі мүмкін. Мұны неге айтып отырмыз? Біз осындай бір келеңсіз аударманы көргеннен кейін айтып отырмыз. Егер де, бұл аударма ісін о бастан испандық әдеби агент қадағалаған болса, мұндай нонсенс болмаған болар еді. Бұл нені көрсетеді? Бұл белгілі бір шығарманы таңдау және оны белгілі бір тілге аудару процесін сол тілдің нағыз маманы – әдеби агенттер қадағалауы керек екенін көрсетеді. Өйткені нарықта аударылған кітаптың коммерциялық тағдырына әдеби агенттер тікелей жауапты. Өкінішке қарай, Қазақстанда әдеби агенттер дегенді әлі білмейді. Бұл институт әлі қалыптаспаған. Сондықтан да бізде кітап нарығы қалыптаспай отыр. Бізге осындай институт қалыптастыру керек» деген пікірді алға тартты.
Аударма мәселесінде шынайы аудармашылықпен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Бұл – басы ашық мәселе. Өзге тілдерге аударуда шет тілін білетін мамандарға жүгінері анық. Бірақ олар әдеби тілдің заңдылығын сақтай ала ма? Мәселе – осында. Әлем әдебиеті қазір табыс көзіне айналған. Мұндай коммерциялық жобаның басы-қасында әдеби агенттер жүр. Аударма ісімен де, сатумен де айналысатын – агенттер. Олар кез келген әдеби шығармадан табыс табуды көздейді. Оның өзінде сұранысқа ие болатын жобалар болмаса, барлық көркем туынды табыс көзіне айналады деу қиын. Кейде кітаптың шет тіліне аударылуының өзі – үлкен олжа. Өйткені қазақ әдебиетін ағылшын, француз, неміс оқырманы тани түссе, қаламгердің ұтқаны дер едік.
Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Гауһартас», «Біз соғысты көрген жоқпыз» повестері ағылшын тіліне аударылды. Пьесалары да ағылшын төрінде қойылды. Жазушының бұл шығармаларын ағылшын тіліне аударуда әдеби агенттердің еңбегі зор. «Аударма ісі – өте күрделі мәселе. Әсіресе, қазақ әдебиеті үшін күрделі болатындай да жөні бар. Кез келген көркем туындыны өзге тілден қазақ тіліне аударғанда кемшілік болмауы мүмкін. Түпнұсқаны жақсы оқи алатындар көп. Ал қазақ тілінен өзге тілге аударылғанда мәселе туындауының бір себебі – шығарманың дені орыс тілінен алынады. Кейде орыс тіліндегі нұсқасына көңіліміз тола бермейтіні бар. Орыс тіліндегі нұсқасы сапалы болмаса, өзге тілге қалай дұрыс аударылмақ? Ал менің аударма жөнінен орыс тіліндегі нұсқасына айтар өкпем жоқ. Шығармаларымның барлығы дерлік орыс тіліне сапалы аударылды. Ал ағылшын тілінде жарияланған нұсқасын оқи алмағандықтан, оған пәлен деп айту қиын. Бар сеніміміз – әдеби агентте. Әдеби агентім – Айтматов академиясының президенті Рахима Абдувалиева. Ол орысша да, қырғызша да, ағылшынша да жақсы біледі. Сондықтан әдеби агентім тауып берген аудармашыларға сендім. Сенетін де жөнім бар: «Біз соғысты көрген жоқпыз» кітабы ағылшын тілінде шыққаннан кейін Лондонда тұсаукесерін өткіздік. Шара барысында аудармашым жиылған қауымға үзіндісін оқып берді. Жиналған көпшілік ықыласпен тыңдап, ризашылық білдіріп жатты. Егер шығарма өз деңгейінде аударылмаса, ағылшын оқырманы тарапынан мұндай ықылас болмас еді. Сол себепті, шығармаңның тағдыры – аудармашының қолында. Қазір «Гауһартасты» швед тіліне аударамыз деп, шведтер арнайы келіп кетті. Швед тіліндегі нұсқасы қалай болатынын уақыт көрсетер. Бір білерім – олардың аудармаға жоғары талап қоятыны» дейді.
Жақсы шығарманың өзге тілге аударылғаны қажет-ақ. Бірақ шығармаға қойылатын талап қандай?! Кез келген шығарма ағылшын, француз оқырманына жете бере ме? Талапқа сай келетін шығарманы қалай анықтаймыз?
«Қазір аудармашыға қойылатын талап та өзгерді. Аудармашы ең алдымен сол елдің азаматы әрі аудармашы деген сертификаты болуы тиіс. Яғни, ағылшын тілінде түс көретін адам ғана жақсы аударма жасай алады деген сөз» дейді қаламгер.
Аударманың сәтті шығуы – аудармашыға байланысты. Ал аудармашының бәрі бірдей мықты ма? Арасында тілді жетік білгенімен, аударма саласында тәжірибесі жоқ маман болуы да мүмкін. Сонымен, аударма ісінде қандай проблема бар дегенге, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, аударматанушы Нұрсәуле Мақсұтқызы «Біздің ең бірінші проблемамыз – науқаншылдық» дейді. «Автордың ерекшелігін көрсете алмасақ, не халқымыздың жұрт сүйсінетін бір қасиетін бере алмасақ, қаржыны қайда шашып жатырмыз? Мақсат не? Аударма – шығарманың өзі іспетті жылдап жазылатын дүние. Жақында Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деген біраз оқырманға жақсы таныс романының ағылшын тіліндегі аудармасын қарап шығамын деп, жаға ұстадым. Маған да түпнұсқасымен салыстыра тексермек түгілі романды оқып шығуға да жетпейтін уақыт берілді. Амал қанша, осы саланың маманы болған соң қарауым керек. Баспаға кетіп бара жатқан еңбектің ағылшын тіліндегі нұсқасын сипаттауға тіл жетпейді.
Орысшадан Google-ге салып алғандары сол күйі көрініп тұр. Машина аударманың бірін түзетсе, бірін түзетпеген. Ұлттық мәдени ұғымдарымыз шала-шарпы, кейбірі қате түсіндірілген, онда да бірі болса, бірі жоқ. Әйтеуір түсіндіру керек дегенді білетін тәрізді. «Асар»-ды бүкіләлем бірігіп жасайтын бизнес дей ме, «мал сою» дегенді «малды пышақ салып өлтіру» деп аударып кете берген. Ономастикалық атауларымыз әркелкі жазылғанымен қоймай, орысша Semirechiye, Semipalatinsk, Ust-Kamenogorsk, Yableneva (Алмалы дегендері) болып жазылған, одан қалса, Amira, Kaysekena деп орысша жалғауларын қалдырмай ертіп жүр. Не жоқ десеңізші ішінде, тыныс белгі, басқа ұсақ-түйегін айтпай-ақ қояйық, ең қызығын айтайық, «сәуегейлік, көріпкелдігі бар кісі» дегенді «Пайғамбар» деп қойып қалады.
Бұрын «Көшпенділер» трилогиясының аудармасын басқалар аударып, бізге осыншама зиян келтіріпті деп жазып едік. Енді мынаған не айтарымызды да білмей қалдық.
Айтпақшы, бұл аударманы Әлібек Асқаров ағылшын тілінің өзінің өкілі оқып шықсын деп Еуропаға да жіберіп алған екен. Бірақ әлгі тексерген кісі әр жерінен бір түртіп, түзете алатын қателерін де түзетпепті.
Біріншіден, аудармашылардың орысшадан аудару себебі – мәтінді Google-ге салып алса, көп жеңілдік тудырады. Ғаламтор орысшадан жақсы аударады. Өз басым, ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын онлайн аудармасын жетілдіруге үлес қосып жатқан жоқпын, уақытым жетпейді.
Екіншіден, шетке шығып жатқан аударманың артында қалың елім тұр деп, жанын шүберекке түйіп отыратын аудармашылар жоқ десек қате болар, аз да болса бар шығар. Бірақ біз оларды таба алмаймыз, жақсылап іздемейміз.
Үшіншіден, білім мен біліктілік жетіспейді. Ағылшын тілінде осындай жұмыстарды атқара алатын мамандарды кәдімгідей қолға алып, сақадай сай қылып қоятын уақытымыз еді қазір. Кез келген аударма саласына маманданған аудармашы ақпараттық стильде жазылған мәтіндерді аударып кете алады. Ал көркем әдебиетке келгенде, мәселе басқаша екені белгілі. Көркем туындыны түпнұсқа авторына бергісіз етіп, шебер ғана аударады. Сөзге ұсталықтан кенде қалмаған үлкен халық болсақ та, шынайы мамандарды іріктеуге келгенде, ұсақталып кетіп, тамыр-таныстыққа жол беріп алып отырған жоқ па екенбіз деген ойымды да жасырмайын.
Төртіншіден, ізденіс жетіспейді. Керек болатын болса, бір сөйлем аудару үшін де зерттеу жұмысын жүргізуіміз керек.
Осы аталғандарға енді сол науқаншылық деген нәубетті қосыңыз. Сонымен, сапалы аударма қайдан болсын?! Айта берсек, аудармаға жол ашу деген сөз – Нобель сыйлығын алатын шығармаларымызға жол ашу деген сөз емес пе?» дейді.
Сауатты аударма жасау үшін сауатты маман қажет. Мықты аудармашыларды тәрбиелеп шығаратын уақыт жетті. Бұлай кете берсе, ұлттық болмысымызды танытатын көркем дүниелер өзге тілге шала-шарпы, олпы-солпы қалпында жететін болады.