Бұған дейін Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған еді. Нақты айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партия қатарынан лайықты емес мүшелерді шығару, партияның қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды тапсырды. «Партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек» деген болатын. Елбасы тапсырмасынан бері екі ай уақыт өтті. Партияның аймақтық филиалдарында атқарылып жатқан жұмыс, жаңа жобалардың іске асуы жайында Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимовпен сұхбаттастық.
— Елбасының партия жұмысын жандандыру жөніндегі тапсырмасынан соң, елордалық филиалда қандай оң өзгерістер болды?
— Елбасы партияның кеңейтілген саяси кеңесінің отырысында Nur Otan-ның жұмысын жаңғырту бойынша бізге нақты жеті тапсырма берді. Бірінші кезекте партияның жұмысына белсенді қатыспайтындарды мүшеліктен шығардық. Санда бар, сапада жоқ партия мүшелерінен тазарттық. Екі ай ішінде 5986 адам партия қатарынан шығарылды. Өйткені көбімен жұмыс орнының ауысуына, өзге аймақтарға қоныс аударуына байланысты партиямен байланыс үзіліп қалды. Партиялық шараларға үнемі атсалысатындарды қалдырдық.
Бұған дейін елордадағы бастауыш партия ұйымдарының саны 392 болатын. Бәрінің жұмысын саралап шықтық. Кейбір ұйымдардың жеті-сегіз ғана мүшесі бар. Саны аз ұйымдарды қысқарту немесе басқасына қосу арқылы жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Соның 42-і қысқарды. Нұр-Сұлтан — өнеркәсібі мен құрылысы дамыған қала. Сондықтан бас қалада бастауыш партия ұйымдарының санын көбейту жоспарымызда бар. Жалпы, төрт аудан бойынша 40 бастауыш партия ұйымы құрылуы керек. Мыңнан астам қызметкері бар кәсіпорындарды қамтуды көздеп отырмыз. Бүгінде жаңадан 9 партия ұйымын аштық.
— Сыннан нәтиже бар ма?
— Ерекше атап өтер жайт, әуелі біз халыққа ашықтықты көрсетуіміз керек. Оның айқын дәлелі — қалалық қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысын қарқынды жүргізу. Ай сайын қаладағы он негізгі мәселені көтереміз. Әлеуметтік желідегі елдің пікірін қараймыз. Филиалға шағымданып келушілердің мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Елбасы бұған дейін халықпен етене жақын жұмыс істеу жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Партия көшбасшысының тапсырмасы жүйелі іске асып жатыр.
— Нұр-Сұлтан қаласы қордаланған мәселелерді шешуде өзге аймақтарға үлгі көрсете ала ма?
— Қалада шешімін таппаған мәселе көп. Ел ішіндегі кейбір проблемалар ақпарат, мәліметтің жоқтығынан шешімін таппайды. Кейбіреулер өз мәселесі бойынша қандай мекемеге барып, көмек сұрарын білмей жатады. Партиялық бақылау бөлімі, қоғамдық кеңес бар болғандықтан, қала бойынша бірінің жұмысын бірі қайталайтын мекемелердің қызметін қысқарттық. Оның орнына халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер санын көбейттік. Бұрын 9 болса, қазір 15-ке жеткіздік. Елдің мәселесін қарайтын комиссия құрамына ешқандай мемлекеттік мекеменің қызметкері кірген жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, әлеуметтік қорлар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері бар. Олар екі комиссияның жұмысына ақпарат беріп отырады. Халық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметі, жауапты жұмысын анық білуі қажет. Комиссияның әрбір отырысынан соң, біз жұмыс жоспарын дайындаймыз. Мәселелер дер кезінде шешімін тауып жатыр. Қиын мәселе болса, оны қайта қараймыз. Халық хабардар болу үшін комиссияның отырысын әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде жүргіземіз. Күні кеше «Еркін пікір» алаңының жиналысы өтті. Мәселен, қаладағы күрмеуі қиын, ең күрделі мәселе қоғамдық көліктің жайы болды. Бұрын халық естімеген проблеманы жиында талқыладық. Жоспарымызды қала әкімі бекіткен соң, орындауға жібереміз. Екі комиссияның мүшелері толық орындалуын қадағалайды.
— Қала басшысы соңғы жылдары күрделі проблемаға айналған үлескерлер мәселесін салынып бітпеген құрылыс алаңдарына барып қадағалап жүр. Үлескерлердің үміті ақтала ма?
— Бас қалада алданып қалған үлескерлердің проблемасы өте өзекті. Қала әкімінің тапсырмасымен үлескерлердің баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуді жүйелі бақылауды қолға алдық. Қала бойынша жалпы 49 нысанда 79 үй салынып жатыр. 14 500 үлескер бар. Құрылыс компанияларының жұмыс кестесі мен үлескерлердің талабын қатаң қадағалап отырмыз.
Сондай-ақ үлескерлерге құқықтық көмек беру мәселесін де шештік. «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы аясында кеңес беруге әрдайым әзірміз. Кейбіреулер тегін көмек түрлерін білмей жатады. Ақылы қызметтерге қаржысы жоқтар да бар. Көбі проблеманы заңды жолмен шешудің тетіктерін түсіне бермейді. Прокурорлар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үлескерлермен тікелей жүздесіп, мәселені уақытымен шешіп жатырмыз. Барлық жауапты мекемелер бірлесіп, бірінші рет қабылдау өткіздік. Бүкіл құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері бірлесе отырып, адамдардың талап-өтініштерін егжей-тегжейлі қарап берді. Қабылдаудың артықшылығы — азаматтар бір мәселе үшін он мекемеге сандалып, уақыт жоғалтпайды. Мәселе бір жерден шешіледі.
— Елбасы Jas Otan Жастар қанатының жұмысын жүйелеуді тапсырды. Мерекелік іс-шаралардан бөлек, партияның жұмысына жастар қатыса ма?
— Нұр-Сұлтанда 35 жасқа дейінгі жастардың саны — 248 мың, яғни қала халқының төрттен бір бөлігі. Оның 90 мыңы – студенттер. Біздегі мәселе – 25 мыңдай жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, базар, құрылыста жұмыс істейтін азаматтарды партия қатарына тарту. Оларға жол көрсету, бағыт тауып беру. Партия олардың ұсыныс-өтінішін тыңдауға, қабылдауға дайын. Қолұшын беруге әзірміз. Бас қалаға келіп, жұмыс іздеп жүргендердің тұрақты жұмыс тауып, кәсіп ашуына қолдау көрсетеміз. Ең өзекті мәселе — жазалау мекемесінен босап шыққан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу. Қателігін қайталамау үшін көмектесеміз.
— Партияның пилоттық жобалары көп. Олардың нәтижесі бар ма?
— Тұрақты іске асып жатқан жобалар өзектілігін жоймайды. Өйткені халыққа керек. Жуырда жаңа жобаны жүзеге асырамыз. Қала бойынша емделуге мұқтаж мүгедек балалардың сауығып кетуіне қолғабыс етеміз. Олардың мәселесін демеушілердің қолдауымен, партияның атсалысуымен шешу ойымызда бар. Мәселен, медицина ұйымдарымен бірлесіп, 38 балаға көмек көрсеттік. Оның ішінде қымбат ақылы операциялар да бар. Кезегін күтсе, айлап-жылдап квотаны ұзақ күтуі мүмкін еді.
Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тұрақты көмек көрсетеміз. Оларға жылдық қамқорлықты бекітіп, алдағы уақытта жүзеге асырамыз. Қалада 925-тен астам әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы бар. Осы жылы 50 отбасын алып, бір жыл бойы үздіксіз көмектесу ойымызда бар. Қиналған шағында қолдау білдірсек, ары қарай тұрмысы түзеліп кетеді. Партия халықтың мәселесін шешуде, мұң-мұқтажын тыңдауда, шешімін таппаған мәселелерімен қабылдауға қашан да дайын.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ