Әлемде бірде-бір күш Қытайды тоқтата алмайды - Си Цзиньпин
Әлемде бірде-бір күш Қытайды тоқтата алмайды - Си Цзиньпин
108
оқылды

Әлемде бірде-бір күш Қытай халқының дамуын тоқтата алмайды, деп мәлімдеді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ҚХР-дың негізі қаланғанына 70 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.

«Бұл ұлы елдің іргетасын бұзатын бірде-бір күш жоқ. Бірде-бір күш қытай халқының дамуын тоқтата алмайды», - деді Си Цзиньпин Тяньаньмэнь алаңында өткен әскери парад алдында.

Ол Қытай халқы 70 жыл ішінде өзінің күш-жігері мен күресінің нәтижесінде бар әлемді таңдай қақтырған жетістіктерге қол жеткізгенін алға тартты.

ҚХР Төрағасы Қытай әрі қарай да дамудың бейбіт жолын жалғай беретінін әрі ашықтық саясатын ұстанатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол Қытай әскері мен қарулы полициясы ел тәуелсіздігі, мүддесі мен дамуын қорғайтынын айтты.

«Біз ортақ тағдыры бар қоғам құру үшін барлық елдермен жұмысты жалғастыра береміз», - деді Си Цзиньпин.

Қытай Халық Республикасының 1949 жылдың 1 қазанында негізі қаланды. Бейжіңде сейсенбіде ҚХР-дың құрылғанына 70 жыл толуына орай көлемді іс-шаралар өтуде.