«Өкінішке қарай, онкопациентте коронавирус анықталса, онда барлық халықаралық стандарт бойынша COVID-19 кезінде емдеуді тоқтату ұсынылады. Коронавирус жұқтырған науқасқа химиотерапия, сәуле терапиясы және хирургиялық емдеу қабылдауға қатаң тыйым салынады. Себебі аталған емдеу тәсілі науқастың жағдайын нашарлатып, асқынуға әкелуі мүмкін. Сондықтан пациенттерімізге осы мәселені ескерткіміз келеді», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Бас онкологтың айтуынша, химиотерапия немесе сәуле терапиясы курсынан өткен науқастарды сақ болуға шақырды. Себебі олардың иммунитеті қатты әлсірегендіктен жоғары деңгейде күтім керек. Ол үшін адамдармен қарым-қатынасты азайтып, гигиена талаптарын сақтау маңызды. Егер онкологиялық есепте тұрған науқаста коронавирустың жеңіл түрі анықталса, ол емханаға баруы керек немесе үйде 14 күн емделуі қажет. Содан кейін ПТР тапсырып, теріс нәтиже көрсетсе, онкоаурудан емдеуді жалғастыруына болады. ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткендер коронавирустан толық айыққанша, осы инфекциядан ғана емделеді. Д. Қайдарова Қазақстанда онкологиялық ауруға күдікті пациенттерді емдеу, тексерудің тегін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, карантин жеңілдетілген соң, коронавирус анықталмаған онкопациенттер стационарға жатып емін жалғастыра алады. Тек ол үшін науқас ПТР-талдаудың теріс нәтижесін тапсыруы керек. Соңғы уақытта коронавирустың екінші толқыны туралы жиі айтылып жатыр. Ол кезде карантин күшейтіле ме, жоқ па деген сұрақ та жиі қойылады. Сонымен, коронавирустың екінші толқыны басталғанда карантин күшейтіле ме? Бұл сұрақтың жауабын Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов берді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі ауруханаларға бір мезгілде 70 мыңнан аса төсек-орын орналастыра алады. Егер коронавирус жұқтырған науқастарға осынша төсек-орын керек болса, онда бұл «қатты қызыл дабыл» белгісін білдіреді. Егер орташа есеппен күніне коронавирус жұқтырған 500-600 адам анықталған болса, бұл көрсеткіш 30 мыңға жетсе, онда елдегі карантин шаралары қатайтылады. Бүгінгі таңда қалалар немесе ірі елді мекендер медициналық көмек көрсету орталықтарымен, ауруханалармен, дәріханалармен қамтамасыз етілген. Ал ауылдық жерлерде, әсіресе аз адам тұратын шағын да шалғай ауылдарда медициналық көмек жоқтың қасы, бар болса да, оны қаладағы жағдаймен салыстыра алмаймыз. Коронавирустың екінші толқыны ауыр соғып жатса, осы шағын ауылдарға дәрігерлік көмек қалай жетеді? Бағдат Қожахметовтің айтуына қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігі мұндай сценарий бола қалған жағдайда әрекет етудің жоспарын жасаған. Мысалы, бұл ретте 3,5 мыңнан астам жылжымалы ұтқыр бригада ұйымдастырылған. Олар кез келген ауылдағы науқасты жақын арадағы ауруханаға 1 сағаттың ішінде жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетуі тиіс. «Ауыл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 100 арнаулы автобус сатып алынған. Ол әрбір өңірге жеткізілді. Бұған қоса, аудан орталығынан шалғайдағы, дәріханасы жоқ елді мекендерді дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету денсаулық сақтау ұйымдары және жылжымалы дәріханалар арқылы жүзеге асырылады», – деді ол. Коронавирус жұқтыру дерегіне байланысты карантин бірде әлсіреп, бірде қатайтылып тұр. Соған байланысты еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы да өзгеріп тұрады. Соңғы № 53 қаулыға 16 қыркүйекте қол қойылды. Бұл қаулыға сәйкес тиісті жеңілдіктер енгізілді. Мысалы, балалар кабинеттерінде, түзету орталықтарында білім беру топтары 5-тен 15 адамға ұлғайтылды. Мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінде қызметкерлердің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеу нысанында бола алады. ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқарма басшысы Роза Қожапованың айтуынша, демалыс және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда орталықтарының, ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынады. Азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың да жұмысына рұқсат жоқ. Ал фитнес-орталықтарға, спорт кешендеріне, діни нысандарға, сауналарға, косметология кабинеттеріне, бассейндерге жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сонымен бірге Қазақстанға халықаралық жолаушылар әуе рейстерімен келетін жолаушыларға қойылатын талап туралы да біле жүрейік. Енді әуе рейстері бойынша бірінші санатқа 12 ел енгізілді. Олардың қатарында ҚХР, Таиланд, Моңғолия, Малайзия, Мысыр, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзербайжан бар. Осы елдерден келген жолаушылар термометрия мен сауалнамадан өтеді. Ал екінші санатқа 21 ел енгізілді. Ол елдерден келгендер термометрия мен сауалнамаға қоса, ПТР нәтижесі теріс деген анықтама тапсыруы тиіс.
Тұмар МЫРЗА