«Ертең үйімнен күштеп шығаруға келеді»
ЖСО-лар халықты қан-қақсатуын жалғастыруда. «Менің бір ғана басыма 8 жеке сот орындаушы атқарушы іс қозғап қойыпты. 8 сот орындаушы да жұмыс орныма атқару парағын жолдап үлгерген. Қазіргі кезде олар бухгалтерия арқылы еңбекақымның 50%-ын ұстайды. Бұған еш қарсылығым жоқ. Несие ақысы төленуі керек. Алайда осылар қалыпты өмір сүруге мүмкіндік бермеуде. Мәселен, олар еңбекақымның қалған жартысы түсуі тиіс есепшотымды бұғаттап тастады. Жұмыс орнымнан білсем, қаражатым сол шотқа түседі, оны ЖСО-лар атқарушы парағына сәйкес талап әкетеді. Салдарынан сот орындаушылар табысымды түгел алып қоюда. Өз қолыма ешқандай ақша түспейді. Кішкентай қызымның дүние есігін ашқанына екі аптадай ғана болды. Өзімнің де, отбасымның да өмір сүруіне қатер төніп тұр. Ең болмаса, тапқанымның жартысын өзімде қалдырса етті?!» деп қапаланады НұртазаТұяқбаев. Ал Павлодар тұрғыны Е.Хачатурян мемлекеттің банкрот алдындағы банктерге бюджеттен миллиардтар шығындап, тұрақты көмектесетініне, ал банктер дәрменсіз күйге жеткен клиенттерді қанауын жалғастырып жатқанына күйінеді. «2014 жылы RBK банкінен 4 миллион теңге кредит алдым. Уақытылы төлеп тұрдым. Кейде бір ай ерте төлеп қоятынмын. Кейін жұмыссыз қалдым. Банкке талай жүгініп, өтеудің икемді кестесін түзуді жалына сұрадым. Олар бас тартты. Сол кезде RBK-ның өзі қиыншылықты бастан өткеріп жатқан. Мемлекетіміз оған көмекке келді, құтқарды, проблемасын жеңілдетті. Өз кезегінде банк бізге, қарапайым азаматтарға ешқандай жеңілдік ұсынбады. Уақытылы төленбеген төлемге өсімпұл жазылып, ұлғая берді. Банк қызметкерлері хабарласып, несиені өтеуге қайта кіріспесем, құжаттарым сотқа берілетінін айтып үрейлендірді», – дейді Евлалия Хачатурян. Ізінше банк өтеудің жеке кестесін құруға ауызша «келісіпті». «Банктегілер: «ең құрыса, 150 мың теңге өткізіңіз, сонда басшылық кесте құруға келіседі», – деді. Мен ағайымнан көмек сұрадым, ол 500 мың теңге берді. Оны банкке апардым. Ондағылар апта ішінде қоңырау шалатынын, жаңа өтеу кестесін алып кетуге болатынын айтты. Апта өтті, бірақ уәде еткендей маған банктен емес, қалалық соттан хабарласып, ісім сотта қаралғанын және банктің пайдасына шешілгенін мәлім етті. Ол жайында алдын ала құлағдар етпеген. Сондықтан сенбедім, банкпен уағдаласқанымды, жаңа кесте түзу үшін жарты миллион теңге енгізгенімді жеткіздім. Соттағылар істі қарау кезінде ондай сома жайы сөз болмағанын, егер қолымда түбіртек болса, ұсынуым керегін ескертті. Мен дереу солай істедім, әйтсе де бұл іске еш ықпал етпеді», – дейді Е.Хачатурян. Осылайша, оның берешегі ЖСО Жамбыршиновқа табысталған. Борышкер енді әлгі түбіртекті соған апарып береді, ол ескеретінін айтқан: бірақ банктің емес, өзінің алдындағы қарыздың қайтарымы ретінде есепке жатқызыпты. «Мен бұл соманы несиемнің өтемі ретінде бұдан біраз бұрын банктің кассасына салдым. Төлем өтіп кеткен. Оның қалай ЖСО төлеміне айналып шыға келгенін түсінбедім. Сондай-ақ төлем төлеу қайта басталғанына қарамастан, банктің істі неге сотқа бергенін де түсіне алмадым. Кредиттің кепіліне баспанам қойылған. Банк 2014 жылы оны шамамен 8 миллион теңгеге бағалады. 2019 жылы пәтерім сауда арқылы 5,3 миллион теңгеге сатылып кете барды. Оны Д.Ахметов сатып алыпты, білуімше, ол сол кезде аталған банктің қызметкері болған. Ол осы жолмен үшінші үйіне қол жеткізіпті. Егер лайықты бағаланғанда пәтерімнің саудасы несиені жабуға да, өзіме ең болмаса, бір бөлмелі баспана алуға да жететін еді. Себебі нарықта ондай пәтер 15 млн теңгеге бағаланған. Кәмелетке толмаған үш баламен далада қалатын түрім бар. Басқа баспанам жоқ», – дейді Евлалия Хачатурян. Қалалық сот кепілдегі баспананың сауда арқылы арзанға сатылуын заңсыз деп тану туралы осы азаматшаның талап-арызын қабылдаудан бас тартты. Шағымданушы бүгінде бұрынғы үйінде тұрып жатыр. Оны жаңа иесі қудалап жатқан жоқ. Оның орнына «ЖСО Жамбыршинов Е.Хачатурянның үйін тезірек босатуын талап етіп», тезге салып жатқан көрінеді. Сот осы түйткілді шешу үшін тіпті медиация тағайындаған: онда Хачатуряндар жаңа иесіне пәтерді 7 млн теңгеге кері сатуды ұсыныпты, алайда Д.Ахметов пәтерді өзі тұру үшін емес, пайда табу үшін алғанын ескертіп, кем деген 10 миллион беруді сұрапты. Отбасы сонша қаражатты ұсына алмаған. Шетсіз-шексіз сергелдең барысында Евлалияның зайыбы онымен ажырасып, отанасын үш баласымен тастап кеткен. Бұл ЖСО-лардың тірлігі азаматтардың отбасыларын ойрандайтынын, елді азап пен мехнатқа бастайтынын куәландырады. – Бірнеше жылдан бері осылай арпалысып келемін. Банктің ЖСО-ға істі заңсыз тапсырғанын, баспанамның сатылар алдында қайта бағалаудан өтпегенін, қаптаған әділетсіздік орын алғанын дәлелдеу үшін биліктің әр органына шабылдым. Барлығы да бір тарапты қорғайды. «Біздің қалада әртүрлі құрылымдардағы тұлғалар өзара сыбайласып алған ба?» деген ауыр ойға келдім. Бұл іс әбден ұйымдастырылған, жолға қойылған, бірінің артын бірі жауып отыратын сияқты. Жақында ғана Президент Жолдау жариялап, барлық жерде коррупциямен белсенді күрес жүргізілетінін, азаматтардың құқығы қорғалатынын мәлімдеді. Мен секілді сең соққан балықтай сенделген, әділетсіздік кесірінен естен танып, әлі бітіп құлағалы жүрген жандар көп екенін білдім. Бұл топтан зардап шеккен жалғыз мен ғана емеспін. 18 қыркүйектен кейін олардың адамдары үйімнен күштеп шығаруға келеді», – дейді арызданушы.Мемлекеттік дерекқор – қосымша кіріс көзі
Мұны еліміздің Бас прокуратурасы анықтады. Құзырлы орган коллекторлар мен жеке сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізіп, оның қорытындысын жариялады. Бұл қадамға ведомство азаматтардың шағымдарының көбейіп кетуіне байланысты барыпты. Өтініштерді қарастыра келе, прокуратура органдары жеке сот орындаушыларының (ЖСО) қызметіне тексеру жүргізуге, сондай-ақ коллекторлардың қызметіне талдау жасауға ұйғарады.«Мейірімді» орган басынан сипай берсе...
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторларды дүркін-дүркін «жазалап» тұрады. Бұл оларды тоқтатпайтынға ұқсайды. Мәдина Әбілқасымова басқаратын ұжым 2020 жылдың І тоқсанында жеке азаматтардан және кәсіпорын-компаниялардан түскен арыз-шағымдарды қарады. Қорытындысында коллекторлық агенттіктердің іс-әрекетінде жаңа бұзушылықтар анықталды. Соған сәйкес, 3 ықпал ету шарасы қолданылыпты. Соның ішінде 132,5 мың теңге сомаға 1 әкімшілік айыппұл салынған, құқық бұзған қалған екі коллекторға жазбаша ескерту жасалыпты. Қаржылық реттеушінің дерегінше, коллекторлық агенттіктер «алғаш байланыс жасағанда борышкерге құқығы мен тиісті ақпаратты хабарламайды, уәкілетті орган сұратқан ақпарат пен құжаттарды ұсынбайды. Азаматтар өз құқықтарын кол_лектор бұзған жағдайда агенттікке, агенттіктің жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне, сондай-ақ өңірлердегі агенттіктің басқармасына хабарласып, шағым қалдыра алады. Егер өтініші жазбаша болса, агенттікке мына мекенжай бойынша: «А15С9Т5, Алматы қ., Көктем 3, 21-үй» хат жазу керек. Ауызша болса, жедел желі телефонының +7 (7272) 78-81-44 және +7 (7272) 78-81-22 нөміріне қоңырау соға алады. Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасының мекенжайы finreg.kz сайтының «Агенттік туралы» бөлімінде, «Агенттік құрылымы» – «Агенттік бөлімшелері» шағын бөлімде_рінде орналастырылған. Жалпы, коллекторларды жазалау шараларын сонша пәрменді деп айту қиын. Мысалы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүкіл 2019 жылы жөнсіздікке жол берген коллекторлық агенттіктерге 35 ықпал ету шарасын қолданды. Оның ішінде 10-ына жалпы сомасы 1 млн 635,2 мың теңге айыппұл салған. 7-еуі ауызша ескертумен құтылған. 14-іне жазбаша ұйғарым, 4-уіне жазбаша ескерту жолданыпты. Бұлай жұмсақтық таныта берсе, борышкер халық өзін қудалаушы топ – ЖСО-лар мен коллекторлардың сыбайластары қатарына Мәдина Әбілқасымованың өзін қосып қоюы да ғажап емес.