Бағдарламаның міндеті қандай?
Аталған бағдарламаларды құруға қандай қажеттілік болды? Осы сауал көпті толғандырады. Демограф мамандардың айтуынша, жалпы Қазақстан халқы санының өсімі тұрақты. Бірақ демографиялық ахуал барлық аймақта біркелкі емес. Түсінікті тілмен айтсақ, еліміздің оңтүстігінде халық өсімі қарқынды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр. Сала мамандары мынадай болжам жасаған екен. 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі күрделене түспек, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі байқалады. Болжамды негізсіз деп айта алмаспыз, себебі қазіргі кезде-ақ теріскейде кей жұмыс орындарына маман жетіспейді. Сонымен қатар дәл осы солтүстікте демографиялық хәл де оңып тұрған жоқ. Қысқа ғана шолып өтсек, 2020 жылдың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім -152-ге дейін төмендеген. Әрі қарай тізбектесек, Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) сияқты шағын қалалардан бөлек, Петропавл, Семей мен Өскемен, Павлодар сияқты ірі қалаларда да осы іспетті жағдай. Аталған өңірлерде жастардың үлес салмағы да біршама кеміген. Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына бет бұруы басты себеп болып отыр. Яғни, көші-қон мәселесінде ұтылып тұр. Статистика дерегі бойынша, 2019 жылы 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Түстігіміздегі жағдай басқаша. Халықтың 55 пайызы оңтүстік аймақтарға шоғырланғанға ұқсайды. Жастардың үлесі басым, бірақ жұмыс орындары тапшы. Сондықтан жоғарыда аталған бағдарламалар диспропорция мен демографиялық теңсіздікті реттеу үшін қажет екені анық.Көштің есебі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру керегін анықтаған. Биыл бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да енгізіліп отыр. Ал нақты деректер бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңірлерге көшкен. 2017 жылы 5 облыстан Шығыс Қазақстан облысына – 98, Қостанай облысына – 30, Павлодар облысына – 69, Солтүстік Қазақстан облысына 184 отбасы қоныс аударыпты. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысына – 364, Қостанай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Солтүстік Қазақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс тепкен. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланыпты. Жоспар бойынша, 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың отбасы солтүстікке көшуі тиіс. Ал биыл алғашқы 8 айда 4,3 отбасы солтүстікке көшкен. Негізінен жоспардың артығымен орындалып жатқанын аңғардық. Бірақ көшіп келгеннен кейін қайта кері қайтқандар да бар. Себеп – сан түрлі. Бірі күннің суығына шыдамаса, енді бірі несиелік қарыздарына байланысты кері көшкен. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан облысынан 77 адам – 22 отбасы оңтүстікке кері көшіп кеткен. Кері көшу демекші, егер солтүстікке қоныс аударған отбасы 1 жыл өтпей жатып, кері қайтуға шешім қабылдаса мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің бәрін қайтаруы тиіс. Ал 1 жылдан кейін ешкім аяққа тұсау болмайды.Теріскейге көшкендердің назы бар
Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныстанып, бағдарламаның үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласып жүрген Серік Әлтаев Арыс қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне ерікті түрде көшіп барған. Осы шешімге баруына былтыр Арыс қаласында болған жарылыс себеп болыпты. Азаматпен хабарласып, көші-қонның жай-жапсары, артықшылықтары мен кейбір шешілмей жатқан мәселелері туралы сұраған едік.– Бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейді. «Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайдаланбасқа?» деген ниетпен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеуметтік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жатқандар болса, жұмыспен қамту орталығындағы мамандармен байланыстырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүрміз. Біз тұрып жатқан Подгорное ауылына биылдың өзінде 150-ден астам отбасы көшіп келді. Енді проблемаларға тоқталсақ. Әр үйге 7 млн теңгеден бөлініпті. Үйді салатын құрылысшылардың еңбекақысы да, құрылыс материалдары да, басқасы да – осы 7 млн теңгенің ішіне кіреді. Бірақ бұл ақша үйді сапалы етіп салуға аздық етіп отыр. Одан кейін 20-25 үйге 2 құдық қана қазған. Жоспар бойынша су үйге дейін келуі керек еді. Судың сапасы тіпті нашар, лай су тұна қоймайды. Ауыл әкіміне айтсақ, «су біздің қарамағымызға кірмейді» деп жауап қатты. Тіркеуге тұру да қиынға соғып отыр. Бұл жаққа қоныстанғандардың көбісі – көпбалалы отбасылар, оларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Тұрғылықты мекенжай мен тіркелген жер сәйкес келмегендіктен, жәрдемақыны көптеген отбасы ала алмай отыр. Ал жұмыспен қамту, көшіп келгені үшін төленетін жәрдемақылардың бәрін алдық. Кейбір кемшіліктерді санамасақ, мемлекет толығымен барлық жағдайды жасап отыр. Бұл қиын процесс болғандықтан барлығын мүлтіксіз жасау қиын ғой. Кері көшіп кетіп жатқандар бар. Негізі, мұнда келу үшін іштей дайындық жасаған жөн. Мұнда қыс ұзақ, сонысы шаршатады, – дейді Серік Әлтаев. Осы мәселелерді айтып ауыл әкімі Азамат Құрмантайұлына хабарласқан болатынбыз. Бірақ ауыл басшысы өзінің ауруханада жатқанын, жуырда қызметінен кететінін жеткізді. Ал Серік Әлтаев болса, «Әкімді кінәлар еш жөніміз жоқ. Оны да түсінуге болады, қаншама отбасы бар, үлгеру қиын. Мысалы, мемлекет бағдарламасын орындап, көшіп келгендермен байланыс орнату үшін Жұмыспен қамту орталығына бір ғана маманды сайлапты. Ол үлгере алмайды. Осындай шикіліктер бар. Болмаса, мемлекетке өкпеміз жоқ» дейді.Қорыта айтқанда, қос бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл соңына дейін теріскейге тағы 5,5 мың отбасын көшіруді жоспарлап отыр екен. Ал кей кемшіліктердің жергілікті билік тарапынан жөнге келеріне үміттенеміз.
Мадияр ТӨЛЕУ