Дездемона «намаз» оқыған ба?
Дездемона «намаз» оқыған ба?
535
оқылды
Әңгімеміздің әлқиссасын жырға айналған аудармадан бастасақ. Әуезов аудармасында мынадай сөздер бар: Отелло: Иә, Дездемона. Дездемона: Жатасыз ба, Отелло? Отелло. Түнгі намаз оқып па едің, Дездемона? Дездемона. Иә. Қарасаңыз, анау айтқандай қате де емес. Әрі «жыр» бо­латындай да жөні жоқ. Көп­шілік пікір «Дездемона на­маз оқитындай мұсылман емес» дегенге саяды. Енді бірі «намазда тұрған ештеңе жоқ. Совет заманында біздің жазу­шылар мұндай қадамдарға са­налы түрде барды» дегенді ай­тады. «Отелло» – Шекспирдің ең шоқтығы биік шығар­маларының бірі. Ол 1604 жылы жазылған пьеса. Пьеса сю­жеті Джиралди Чинтио­ның «Ве­неция мавры» шығарма­сына негізделген. Отелло мавр болды. Арабтар жаулап ал­ған­нан кейін Испания мен Сол­түстік Африканың кейбір бө­лік­терінде өмір сүрген мұ­сыл­ман халқын Батыс Еуро­пада маврлар деп атаған екен. Олар жақсы матростар мен жауынгер халық болды. Уи­кипедияда Отелло туралы «мүм­­кін, әдеби трагедия кейіп­керінің прототипі итальяндық Маурицио Отелло болған шы­ғар. Ол Кипрде Венеция әс­керлерін 1505-1508 жылдар ара­лығында басқарған және әй­елінің өлімі де құпия болған» деп жазады. Шекспир тарихи деректерді пайдалана отырып, көркем дүние жазып шыққан. Пьеса жазуға аңыз-әңгімелер, теңіз­ші­лердің әңгімелері негіз болған. Отелло – нақты ке­йіп­кер. Пьесадағы басты тұл­ғаға айналған венециандық мавр шын мәнінде әділетті жан болған деседі. Қош, бұл Шекспирдің Отеллосына тән ақи­қат. Енді Әуезовтің аудар­масына келейік. Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева «Дездемонаның намаз оқығанында тұрған еш­теңе жоқ» дейді. «Отелло – ма­вр. Мавр – сол заманда Еу­ропада қалып қойған мұ­сыл­мандар. Яғни, араб, бер­берлерді  маврлар деп атаған. Олар исламды сақтаған. Бірақ Отелло туралы пікірлер сан алуан. Біреулер оның дініне шүбә келтіреді. Менің ойымша, Отелло мавр болғандықтан, мұсылман емес деп айтуға болмайды. Сол себепті де, Дез­демонаға «намаз оқыдың ба?» деп сұрауы – айып емес. Дездемона  маврдың әйелі болып отыр.  Күйеуі қай дінді ұстанса, әйелін де сол дінге тартуы мүмкін. Кім біледі? Әрине, Әуезов «дұға оқыдың ба?» деп жазуды білмеді деп ойламаймын. Әл­еу­меттік желіде совет за­маны болғандықтан, мұндай қадамдарға саналы түрде ба­руы мүмкін деген пікірлерді оқып қалдым. Солай болуы да мүмкін» дейді. Шығарма XVІІ ғасырға тән дүние. Әрі Шекспир пьеса кейіпкері ретінде венециандық маврды таңдап отыр. Мұхтар Әуезовтің де Дездемонаға на­маз оқытуының сыры осында жатса керек. Ал журналист, балалар ақы­ны Серікбол Хасан «30-жыл­дары Совет билігі дін­дарлар мен ұлтшылдарды қырып-жойып, дін мен дәстүрге тұсау салды. Сондықтан Сталиннің қанды қасабынан аман қалған Әуезов секілді ұлт зиялылары исламды, діни ұғымдарды оқырманға ұмыттырмас үшін осындай қадамға баруға мәж­бүр болды.  Жалпы, совет заманының жазушыларында мұндай аудармалар да, төл шы­ғар­малар да жетерлік. Бер­дібек Соқпақбаевтың «Ме­нің атым Қожасында» Қожа­ның әжесінің «Қайдағы жоқ шат­пағыңды тастап, «бісміллә» деп айтшы» деуі де осы секілді қадам еді. Әсілінде Соқпақбаевтың шығармаларын терең түсініп оқыған адам оның басынан бақайшағына дейін Совет од­ағына қарсы болғанын байқай алады» деген пікірді алға тар­тып отыр. Мұхтар Әуезов кеңестік жүйенің тұсында Шекспирді аударып, «Отелло» мен «Асау­ға тұсауды» қазақша сөй­леткені рас. Дегенмен оқиға  же­лісі мүлдем арыда жатыр. Әрі Әуезов дұға мен намаз сө­зін  пайдалануды жақсы бі­леді. Намаз емес, дұға деп ал­уына да болар еді. Бұған әуезовтанушы Мамай Ахет: «Бұл өзі XVII ғасыр ба­сында жазылған қазақтың тү­сі­нігінен тым жырақ жатқан күрделі шығарма. Мұхаң орыс тіліндегі И.Вайнберг, А.Со­кольский, М.Лозинский, В.Пас­тернак, А.Радлова де­ген аудармашылардың нұсқа­ларын сұрыптай келе, ішінен соңғысының нұсқасын таң­да­ған. Аудару барысында таби­ғаты да, таным-түсініктері де қазаққа мүлде жат қауымның ор­та­сындағы ахуалды түсінікті етіп беруге тырысып, би-ше­шен­дерде кездесетін ақ өлең үл­гісін пайдаланған. Кейін бұл тәжірибесін «Асауға тұсауда» жетілдірді. Шығармада дұға, тәубе, ораза-намаз деген сөздер жиі ұшырасады. Драмалық шығарманың талабы қатал. Кейіпкерлер аузымен та­қырып­ты жан-жақты ашу қа­жет. Ал мынадай сөзді жеке бө­ліп алып, әңгіме қылуға тұр­майды» деген пікірін жеткізді. Әрі бұл уақыт «христиан­дық­тың аспандап тұрған шағы» дейді. «Мәтінде «клянусь хрис­товой верой», «Навыворот ап­остол Петр, хранящий ворота ада, да» деген жолдар бар. Ал әлгі даулы тіркестің орысшасы «Отелло. Вы помолились на ночь, Дездемона?». Бары – осы. Б.Адамбаевтың еңбегіне жазған ескертпеде М.Әуезов сөзбе-сөз былай дейді: «Мысалы, мен өзім «Отелло» мен «Асауға тұ­­сау­ды» ақ өлең, «белый ст­их­пен» аудардым. Ұйқас үнемі келе бермейді. Бірақ ритм-ырғақ үнемі болады, 7-8 буын. Сонда мен осы қазақтағы ше­­шендік сөздер үлгі-өлшеу ер­ек­шеліктерін пайдаланған едім». Бұл «Әуезов үйінде» сақ­таулы тұрған Б.Адамбаев қол­жазбасына Мұхаңның өз қо­лымен жазған ескертпесі» дей­ді Мамай Ахет.    Ол одан да М.Әуезовтің үл­кен үміт күткен, қырық жыл­дық тәжірибесі мен та­лантын сарқа пайдалана оты­рып жазған, замандастары «бр­ед» деп бағалаған соңғы дра­масы «Дос-Бедел досты» талқыласақ, әлдеқайда пайда­лы болар еді деп отыр. Ал «Отел­лоны» жазушы қазақы тү­сі­нікке мейлінше жақындату, сахнадан айтқанда көрерменге дұрыс жеткізу мақсатында осы­лай аударғанын, ішіндегі хр­ис­тиандық таным-түсініктің бəрін алып тастағанын айтады. Десек те, Әуезов – биік, те­­рең, зор. Әуезов аудармаларына жіті назар аударып, ден қою арқылы біз заңғар жазушының әдеби әлеміне үңілетін боламыз. Әуезовтен тағылым алу де­ген осы!  

ГулзиГүлзина БЕКТАС