Жақында Оңтүстік Кореяның «Корей мәдениет алмасу ұйымының» ресми порталына «Қазақ ұлтының кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туған жеріне барған сапар» атты корей тілінде мақала жарияланды. Мақала авторы шығыстанушы-корейтанушы маман Дастан Ақаш.
Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігіне қарасты халықаралық порталда жарияланға мақаласында автор Абайдың туған жері Жидебай туралы және ақынның өскен ортасы жайлы деректер береді. Мақала ақын әулетінің шежіресінен басталыпты. Сондай-ақ, Абайдың әрбір тұтынған заттарына жеке-жеке тоқталып, мағлұмат берілген. Құнанбайдың тақиясы, Абайдың үш ішекті домбырасы, алғашқы өлеңдер жинағы, қымыз тостаған, текемет пен сырмақтар, ағылшын пеші. Әр бөлмедегі зат Абайдың кезеңімен тығыз байланысты. Мақаланы оқыған корей оқырмандары көшпенді елдің дүние-мүлкіне, ұлттық бұйымдарына ерекше таңқалған екен.Сондай-ақ, Оңтүстік кореялықтар Абайдың тоғызқұмалақ пен шахматты шебер меңгергендігін оқып, ақынның жазу үстеліндегі, қауырсын қаламы мен орыс, араб, парсы тілдерінде жазылған кітаптарына қызығушылық білдірген.«Абай әлемдік тұлға екендігі бәрімізге аян. Корей тілінде жарық көрген мақаланың беделді ұйымның ресми порталында басылуы мемлекеттік деңгейде өтетін мерейтойдың маңыздылығын аша түседі»,–дейді автор аталған мақаласында.