Жылыту маусымы басталды. Оған дайындық барысы да қазіргі кезде ерекше бақылауға алынған. Дегенмен жылу әзірге тек үш-төрт өңірде ғана қосылды. Солардың алдыңғы легінде Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Бұл екі аймақ жылыту маусымының жылуын өзгелерден ертерек сезді. Артынша Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларына да жылу жетті.
Бір қызығы, елімізде бір жыл ішінде жылу ақысы 14%-ға төмендепті. Үкімет коммуналдық қызметтің бұл түрін қаңтарда 5,5%-ға, ақпанда 8,7%-ға арзандатты. Осылайша, 2019 жылдың тамызындағы баға біраз түсті. Бұған дейін жылу ақысы әрбір жыл сайын шамамен 6,5%-ға қымбаттап келген еді. Әсіресе, 2016 жылдың тамызында бірден 23%-ға артып, 1 гигакалориясы 3 714 теңгеге жеткен болатын. Дегенмен биыл оның құны 3 440 теңгеге тең.
Өңірлердегі жылу бағасына тоқталар болсақ, бір жылда Көкшетау қаласындағы коммуналдық қызметтің бұл түрі бірден 62%-ға арзандап, 1 614 теңгеге түсті. Сондай-ақ Шымкентте 25%-ға, Талдықорғанда 20%-ға арзандады. Ал жылу ақысы қымбат өңірлердің көш басында Алматы, Шымкент, Атырау қалалары тұр.
Биыл әлеуметтік нысандарды жылыту 1 қазаннан басталды. Ал тұрғын үйлерде 15 қазаннан бастап жылу берілетіні белгілі болды. Ауа температурасы күрт төмендеген жағдайда ғана жергілікті әкімдіктер жылыту маусымын ертерек бастайды. Синоптиктер жақын күндері ауа райы бірнеше аймақта күрт суытады деп болжап отыр. Тұрғындар бұған қатты алаңдаулы. «Күн суыса үйге тығыламыз, үй суыса қайда барып жылынамыз» дейді олар. Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, энергия кәсіпорындарының күзгі-қысқы кезеңге дайындығы ұйымдастырылған түрде, кестеге сәйкес өтуде.
Жылыту маусымына дайындық барысы туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те жақында Instagram-дағы парақшасында пікір білдірді.
– Ауа райына байланысты мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар келіп түскен өтініштерге орай жылыту жүйесіне қосылды. Енді тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды қосуды бастаймыз. Бұл жұмыс бірнеше күнге созылады. Ережеге сәйкес жылыту маусымы орташа тәуліктік температура +10 градусты көрсетіп, 5 күн бойы сақталғанда басталады, – деп жазды қала әкімі.
Таяуда кезекті Үкімет отырысында өңірлердің алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындығы талқыланды. Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Энергетика министрінің бірінші орынбасары М.Досмұхамбетов ерекше тоқталып өтті. Белгілі болғандай, жергілікті атқарушы органдар 10 623 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған, оның ішінде 10 606 қазандық немесе 99,8 пайызы дайындалды. Жылу желілерін дайындауға қатысты жоспарланған 4 990 шақырым жылу желілерінен ағымдағы кезеңде 4 943 шақырымы немесе 99,1%-ы жөнделді. Жылу желілерін жөндеу бойынша төменгі дайындық Нұр-Сұлтан қаласында – 73,6%, Маңғыстау облысында – 91,7%, Атырау облысында – 96,8%.
Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша Батыс Қазақстан облысында (84,5%), Түркістан облысында (94,9 %), Шымкент қаласында (90,7%) жұмыс қарқыны төмен екенін айтты министр.
Әлеуметтік нысандардан ЖОО – 100%, балабақшалар – 95%, мектептердің 99%-ы жылыту маусымына әзір. Ал денсаулық сақтау нысандарының жылыту маусымына дайындығы – 99%.
Жылыту маусымына дайындық жұмысы Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр хабарлады. Оның сөзінше, биыл жылыту маусымына дайын болу мақсатында министрлік 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекіткен. Соған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 15 қазанға дейін барлық нысандарды, соның ішінде инженерлік желілерді, дербес қазандықтарды дайындап, халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарды отын қорымен қамтамасыз етуі қажет екен. Жоспарға сай, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 37,9 млрд теңгеге жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы дайындыққа қарамастан, бірқатар өңірде бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесінен артта қалушылық барын байқауға болады.
Ал төтенше жағдайлар бойынша қауіпсіздік шараларын әлі де болса пысықтау керек-ақ. Өйткені осы жылдың ішінде бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 423 өрт оқиғасы тіркелді. 12 адам қаза тапты, оның 5-еуі – балалар.
Елордада өрттен көз жұмған 5 баланың қайғылы қазасы да дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткені рас. Осы оқиғадан соң жылыту маусымы қарсаңында Ақмола облысында көпбалалы отбасылардың үйіне тегін түтін датчиктері орнатылды. Одан кейін де бірнеше ірілі-кішілі өрт, ыстан улану оқиғалары тіркелді. Былтырғы жылу беру маусымында Шымкент қаласында 6 газбен улану оқиғасы орын алды. Салдарынан 8 адам қайтыс болып, 1 адам жарақаттанды. Түркістан облысы Келес ауданы Бесқұбыр ауылдық округіне қарасты Қошқар ата ауылында да бір отбасы газдан уланып қайтыс болды. Оқиға орнынан 4 адамның мәйіті табылды. Шақырылған орынға келген авариялық бригада тексеріс барысында асүйде «Очаг» маркалы жылу қазандығының орнатылғанын, ал жылу қазандығының мұржасы сырдың банкасымен жабылғанын байқаған. Мұржада түтін тартқыш жоқ, жылыту қазандығының тартқыш сенсоры ажыратылған. Техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасалмаған. Түптеп келгенде, қауіптің бәрі қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып отыр.
Павлодарда да бір отбасы 2 баласымен уланып көз жұмды. Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауылында тілсіз жау бүтін бір отбасының өмірін қиып кетті. Ысты газдан улану салдарынан Бекбатыровтар отбасынан 4 адам – ата-анасы мен 4 және 7-сыныпта оқитын екі бала қаза тапты.
Енді биылғы маусымда осындай қайғылы оқиғаларға жол бермес үшін төтеншеліктер қандай шараларға кірісуі керек? Тұрғындар жылыту маусымында нені ескеру қажет? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «Байқоңыр» ауданының ТЖБ инженері Аслан Жұмабеков пікір білдірді.
Ол «газдан улану жағдайларының жиі орын алуына, ең алдымен тұрғындардың өздері кінәлі» дейді. Білікті маман газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау, жылыту маусымының алдында мұржаларды тазаламау апатты жағдайлардың жиі орын алуына себепші болатынын ескертті.
Иә, шынында да, қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларының сақталмауынан бүгінде оқыс оқиғалар да, адам шығындары да көбейді. Тағы бір айта кетер мәселе, өкінішке қарай, жыл сайын миллиондаған қаржыға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандардың әрекетінен ауыз толтырарлықтай нәтиже де болмауда. Мысалы, 2018-2019 жылдары жылыту маусымы кезеңінде түсіндіру, үгіт-профилактикалық жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, Ақмола облысында 328 өрт оқиғасы тіркеліп, 36 миллион 360 мың теңге материалдық шығын келген. Өрттен 8 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, 17 адам қаза болған. Былтырғы жылу беру кезеңінде ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері 21 адамның өмірі мен 20 миллион теңгенің материалдық затын өрттен аман алып қалғанын да айта кеткен жөн.
Елордада және өзге де аймақтарда өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Қоғамдық қабылдау акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Жақында ғана 2019-2020 жылдары жылу кезеңіне дайындық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары толықтай жүргізілген. Қабылдау барысында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша 400-ден астам адамға кеңес беріліпті. Адамдардың көпшілігі үйде электр жарығынан өрттің алдын алу және өрт болған жағдайда не істеу қажеттігін сұрағаны анықталды. Сұрақтарға қолданыстағы заңнама негізінде жауап берілді. Сондай-ақ өртке қарсы тақырыпта 600-ден астам үгіт-насихат материалдары таратылып, жылыту пештерін қысқа дайындау, құбырларды тазарту қажеттілігі түсіндірілді.
– Жыл сайын суық түскенде және күзде жылыту маусымы жақындағанда өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіледі. Оның шеңберінде департамент қызметкерлері аулаларды аралап, рейдтер жүргізеді. Бұл кезде үгіт-насихат жұмыстары күшейтіледі. Аралау барысында пештер мен түтіндіктерді, электр жылытқыштардың орнатылуына негізгі акцент жасалады. Үй иелеріне пештер мен түтін мұржаларын орнату кезінде ақаулықтарын жою жөнінде ұсыныстар беріледі, өртке қарсы тақырыптағы жарнамалар тапсырылады, – дейді А.Жұмабеков.
Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ғалым Сопбек Қазақстанның барлық облыстарында өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланғанын айтып, осы бағытта атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.
– Жылыту маусымында тұрғындардың жылыту құрылғыларына салғырт қарауы салдарынан көптеген қайғылы оқиғаға ұшырап жатқандығы жасырын емес. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында біз төтенше жағдайлар қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Сайрам аудандық электр жүйелері, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Сайрам газ шаруашылығының мамандарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудан аумағындағы тұрғын үйлерге үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Ескерту жадынамалары таратылып, орталық көшелерге билбордтар, плакаттар орнату арқылы және теледидар, интернет желілері арқылы халыққа кеңінен жеткізіп жатырмыз. Осыған қарамастан, мен жұмыс атқаратын Түркістан облысы Сайрам ауданында биылғы жылы 1 адам улы газбен уланып, ауыр жарақат алды. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында барша тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Әсіресе, электр құралдарын және жылыту пештерін орнату барысында мұқият болыңыздар. Ақауы бар розеткаларды, басқа да заттарды қолданбаңыздар. Оты жанған пешті қараусыз қалдырмаңыздар, өрт қауіпсіздігі шарттарына сәйкес келмейтін пештерді қолдануға жол бермеңіздер, – дей келе сақтық шараларын естен шығармауды, от пен суды пайдалануда абай болу керек екенін еске салды.
Расында, мұндай жұмыстар кезінде салғырттық танытуға болмайды. Әйтпегенде апатты жағдайлардың, оқыс оқиғалардың орын алуы әп-сәтте екенін біз түгілі сіздер де жақсы білесіздер. Сондықтан жылыту маусымы кезінде әр адам бірінші кезекте сақтық шараларын алдын ала қолға алып, қауіпсіздік қағидаларын берік ұстанса жылыту маусымынан келіп-кетер кедергі де, қауіп-қатер де жоқ.