SIM картаның машақаты көп: қазақстандықтар өз телефонындағы тиісті ұяшыққа сыймағандықтан, оны кестіру немесе әлдебір жерге қоя салып, жоғалтып алу секілді мәселелері көптеп кездеседі. Алдағы жылдары одан да құтылуға мүмкіндік бар. Үкіметте Қазақстанның чип емес, цифрлы бағдарлама түрінде болып келетін электронды SIM картаға көшу мәселесі қаралды.
Әлемде және елімізде 4G енгізілгелі бері адамдардың өміріне елеулі өзгерістер кірді. Өйткені 4G Instagram, Facebook секілді әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің, сондай-ақ ұялы қосымша арқылы таксиге тапсырыс беруге арналған Убер, ЯндексТакси секілді құрылымдардың пайда болуына жол ашты. Ал енді қолға алынып жатқан 5G мүлдем жаңа мүмкіндіктер әкелмек. Себебі ол қазіргіден 100 есеге дейін асатын жылдамдық әкеледі. Нәтижесінде, автокөлікті алыстан басқарудан бастап, қашықтықтан операция жасауға дейінгі жаңа қызметтер өмірге жолдама алады деп күтілуде.
Игіліктердің бірі – еSIM карта. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің мәліметінше, Қазақстанда жаңа еSIM тұжырымдамасы түзілуде. Оған сәйкес, чип түріндегі SIM картаның қазіргі көз үйренген түрі бағдарламалық шешімге ауыстырылатын болады. Бұл тұжырымдаманы қазір ұялы байланыс операторлары реттеушімен бірге пысықтап жатыр.
– Жақын арада біз еSIM бойынша алғашқы жобаларды паш етеміз. Оларға сай, ешқандай чипті салмастан, SIM картаны ұялы телефонға бағдарлама түрінде ендіру мүмкін болады. Қазақстанда 5G пайда болған соң бұл технологияның негізгі бөлігі еSIM негізінде енгізілетін болады, – деді «Қазақтелеком» басшысы.
Ол 5G желілері іске қосылғаннан кейін қарқынды дами бастайтын салаларды атады.
– Технологиялар келсе, өнеркәсіп, электронды коммерция жаңаша дами бастайды. 5G түрлі салаларда бірнеше революциялық бетбұрыс әкеледі. Алғашқы сала – көлік саласы. Себебі мұндай жылдамдықтар көлік саласында өте қолайлы. Бұдан бөлек, 2-3 негізгі саланың түбегейлі өзгергенін байқайтын боламыз, – деді ол.
Бүгінде елімізде 5G желісін бірнеше өндіруші тестілеуден өткізіп жатқан көрінеді.
– Олардың әрқайсысы өзінің төл стандартын, желі мүмкіндіктерін, өзінің жылдамдық сипаттамаларын ұсынады. Біз жалғыз вендормен шектелгіміз келмейді. «Қазақтелекомның» стратегиясы вендорлық тәуелсіздікті мақсат тұтады. Біз тікелей технологиялық тәуелділікке түсіп қалмау үшін сан алуан вендорларымыздың болуын қарастырудамыз, – деді Қ.Есекеев.
Әйтсе де, бұл – арман болмағанымен, алдағы болашақтың ісі. Әзірге ауыл-аймақ түгілі, елорданың өзінде, «Қазақтелеком» ұсынатын интернеттің жылдамдығы сонша жоғары емес. Осы орайда, Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында журналистер алдымен ауыл жаққа жоғары жылдамдықты интернет қашан келетінін сұрастырды. «Қазақтелеком» басшысы 1 жыл ішінде ауылдарды кеңжолақты интернетпен қамтыған соң, «ақылды ауыл», «бұлтты бейнебақылау» секілді технологиялар өңірлерге де келетініне уәде етті.
– Біз қалада соңғы үш жыл бойы бұлтты бейнебақылауды белсенді дамыттық. «Қазақтелеком» ауылдарға бет бұрғасын және ауылға жылдамдықты интернет келгесін жағдай түбегейлі өзгереді. Ең алдымен, электронды коммерция саласында өзгерістер болады. Себебі ауыл тұрғындарына коммерциялық ресурстар қаладағыдай қолжетімді болады. Бейнебақылау мен басқа да сервис түрлері интернетке қосылған ауылдарға содан кейінгі бір жыл ішінде жетеді деген сенімдемін, – деген Қуаныш Есекеев «Қазақтелеком» үшін бастысы, жылдамдық пен қосылған абоненттердің саны екенін айтты.
5G енгізуге мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөлінбейді. Өйткені бұл – жеке оператордың жұмысы. Екіншіден, 5G технологиясы қымбат тұратындықтан, біз алдымен оны қалаларда ғана енгіземіз. Бүгінде бүкіл әлемде 5G тек қалаларда енгізілген. Болашақта егер мүмкіндік болса, жеткізуші компаниялармен бірлесіп, 5G-ді ауылдық жерлерде де енгізу жайын зерделейміз.
Өз кезегінде Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 5G желісіне ауысу интернет тарифтері құнының өсуіне соқтырмайтынына сендірді. Оның байламынша, елдегі байланыс сапасының төмен болуы тек ұялы байланыс операторларының жұмысына ғана емес, сонымен бірге қажетті инфрақұрылымның жоқтығына да байланысты.
– Щучинск-Бурабай аймағында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен тиісті базалық стансаларды орнаттық. Нәтижесінде, бұл аймақта ұялы байланыс сапасы біршама жақсарды. Қазір осындай жұмысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп жүргізіп жатырмыз: қалада 50 мачталық құрылғы орнатылады және көптеген проблемалар шешімін табады. Ары қарай Павлодар және Алматы қалаларында жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз, – деді министр.
Ол 5G енгізу осындай мәселелердің қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де шешілуіне ықпалын тигізетінін жеткізді. Бұл технология ел экономикасын цифрландыру үшін аса маңызды.
«5G енгізу көптеген мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Оның ішінде «ақылды қалалар» кіріктірілген технологиясын енгізу, көлік жүйесін цифрландыру, сондай-ақ қауіпсіздікпен байланысты барлық мәселелер бар», – деді А.Жұмағалиев.
Министр 5G желісіне ауысу мемлекеттен бюджет қаражатын шығындауды талап етпейтінін мәлім етті.
«Біріншіден, 5G енгізуге мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөлінбейді. Өйткені бұл – жеке оператордың жұмысы. Екіншіден, 5G технологиясы қымбат тұратындықтан, біз алдымен оны қалаларда ғана енгіземіз. Бүгінде бүкіл әлемде 5G тек қалаларда енгізілген. Болашақта егер мүмкіндік болса, жеткізуші компаниялармен бірлесіп, 5G-ді ауылдық жерлерде де енгізу жайын зерделейміз. Ал тарифке келсек, кезінде 3G-ден 4G технологиясына ауысқанда ешқандай тариф қымбаттамаған. Болашақта да жұмыс осылай жүргізіледі. 5G-ге ауысқанда тарифтер құнын көтермейміз!» деді Асқар Жұмағалиев.
Әзірге «Қазақтелеком» Қазақстанда 5G-ді тек 6 рет тестілеуден өткізіпті, олар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын және Алматы облысын қамтыды. 5G желілерінде деректерді беру жылдамдығы 4G көрсеткіштерінен 10-нан 100 есеге дейін асатыны анықталыпты.
Айта кетейік, қазіргі кезде барлық қалаларда кеңжолақты интернет қолжетімді. Ал 3 мың 324 ауылдық елді мекен ғана интернет желісімен қамтылған. 2020 жылдың соңына дейін кеңжолақты интернет желісімен тағы 880 ауылдық елді мекен қамтылмақ. Тұрғындар саны елуден аспайтын ауылдарда тек спутниктік байланыс технологиясын пайдалану арқылы интернетті жеткізу қарастырылуда.