Көзі тірісінде өз оқырманын тауып, шығармалары көптің көкейіндегісін дөп басқан қаламгер Рахымжан Отарбаевтың кітаптары орыс тіліне аударылды. Ресей астанасының «Журналистер үйі» ғимаратында жазушы-драматургтің «Шыңғыс ханның көз жасы» және «Бас» атты екі кітабының презентациясы өтті.
Бұл романдар «Художественная литература» баспасының бас редакторы Владимир Пряхиннің аудармасымен орыс тілінде жарық көрді. Шараға мәскеулік жазушылар, тілшілермен қатар Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің өкілдері және жазушының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. Владимир Пряхин жиналған қауымға бұл жобаны Қазақстан Ресей Федерациясы елшілігінің қолдауымен іске асырғанын жеткізіп, алғысын білдірді. Отарбаевтың шығармалары осыған дейін қазақ және орыс тілінде ғана емес, француз, қытай, араб, түрік, қырғыз және ағылшын тілдеріне де аударылды. Шара барысында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева: «Бір-біріміздің әдеби шығармаларымызбен танысу, өзара түсіністік пен достығымызды жақындата түседі. Өзге халықтың мәдениетімен танысу – ол адами құндылықтың ең жоғары деңгейіндегі байланыс. Рахымжан Отарбаев біраз халықты мәдени табыстырушы, ортадағы әдеби көпірі бола білді», – деді.
Сондай-ақ қазақ әдебиетіне тосын бояу, соны рең әкелген қаламгердің достары, әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері тәуелсіздік, бостандық үшін күрессе, Р.Отарбаев ХХІ ғасыр басында ұлт үшін, ар мен ұят, ынсап пен иман үшін күрескен қаламгер екендігі тілге тиек болды. «Қазақ оқырманын мойындатты, өзінің оқырманын тапты. Орыс тіліне аударылып танылды, қытай тілінде кітабы қайта-қайта жарық көріп, 1,5 миллиард қытайға да есімі белгілі болды. Еуропа тілдеріне және араб тіліне де аударылып, әлемді өзінің қаламымен баурап, жаулап келе жатыр еді. Ол өзінің нағыз кемеліне келген шағында, қалам қайраткеріне айналған кезінде арамыздан кетіп қалды», – деді Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Қай шығармасын оқысаң да, оның негізгі кейіпкері қазақы рухты, таза қазақы болмысты ұстанатын жазушының шығармалары осылай ұлықталуы заңды да.
Ақбота ӘЛІМ