Отарбаев кітабы Мәскеуден шықты

Отарбаев кітабы Мәскеуден шықты

Көзі тірісінде өз оқырманын тауып, шығармалары көп­тің көкейіндегісін дөп бас­қан қаламгер Рахымжан Отар­баев­тың кітаптары орыс тілі­не аударылды. Ресей ас­та­­­на­сының «Журналистер үйі» ғимаратында жазушы-дра­ма­тургтің «Шыңғыс хан­ның көз жасы» және «Бас» атты екі кітабының презентациясы өтті.

Бұл романдар «Художественная литература» баспасының бас редакторы Владимир Пряхин­нің аудармасымен орыс тілін­де жарық көрді. Шараға мәс­кеулік жазушылар, тілшілер­мен қатар Қазақстанның Ресей­дегі елшілігінің өкілдері және жазу­шының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. Владимир Пряхин жинал­ған қауымға бұл жобаны Қазақстан Ресей Федерациясы ел­шілігінің қол­дауымен іске асырғанын жет­кізіп, алғы­сын білдірді. Отарбаев­тың шығармалары осыған дейін қазақ және орыс тілінде ғана емес, француз, қытай, араб, түрік, қырғыз және ағылшын тілдеріне де аударылды. Шара барысында Қазақстанның Ресейдегі елшілігі­нің кеңесші-уәкілі Жанар Кол­бачаева: «Бір-біріміздің әдеби шығармаларымызбен танысу, өзара түсіністік пен достығымызды жақындата түседі. Өзге халықтың мә­дениетімен танысу – ол ада­ми құндылықтың ең жоғары дең­гейін­дегі байланыс. Рахымжан Отарбаев біраз халықты мәдени табыстырушы, ортадағы әдеби көпірі бола білді», – деді.

Сондай-ақ қазақ әдебиетіне тосын бояу, соны рең әкелген қа­ламгердің достары, әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайрат­кер­лері тәуелсіздік, бостандық үшін күрессе, Р.Отарбаев ХХІ ғасыр басында ұлт үшін, ар мен ұят, ынсап пен иман үшін кү­рес­кен қаламгер екендігі тілге тиек болды. «Қазақ оқырманын мойындатты, өзінің оқырманын тапты. Орыс тіліне аударылып та­ныл­ды, қытай тілінде кітабы қай­та-қайта жарық көріп, 1,5 мил­­­­лиард қытайға да есімі белгілі бол­ды. Еуропа тілдеріне және араб тіліне де аударылып, әлемді өзінің қаламымен баурап, жаулап келе жатыр еді. Ол өзінің нағыз кемеліне келген шағында, қалам қайраткеріне айналған кезінде ара­мыздан кетіп қалды», – деді Жазу­шылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Қай шығармасын оқысаң да, оның негізгі кейіпкері қазақы рух­ты, таза қазақы болмысты ұс­та­натын жазушының шығарма­лары осылай ұлықталуы заңды да.  

 

Ақбота ӘЛІМ