Детективтің құны қанша?

Детективтің құны қанша?

Байқағанымыздай, жеке ізкезушілердің көбі бұрын Ішкі істер министрлігіндегі Қылмыстық іздеу қызметі, прокуратура  сынды құзырлы органдарда қызметте болған  тәжірибелі  тыңшылар екен.

Детективтер неге заңды белшеден басуда?

Елімізде «Жеке детектив қызметі» туралы заң осыдан 17 жыл бұрын әзірленген. Бірақ заңның өзге де нормаларына қайшы келеді деп қабылданған жоқ. 2010 жылы Н.Назарбаев құқық қорғау органдарын реформалау мәселелері жөніндегі кеңес барысында жеке детективтік қызмет туралы заңды қабылдау қажетін айтқаны есімізде. Елбасының тапсырмасынан кейін де заң бірден қабылданып кетпеді. Н.Назарбаевтың 2012 жылы Қазақстан халқына Жолдауында тыңшыларды заңдастыру туралы тағы да нұсқау берді. Әділет министрлігі заң жобасын дайындауын дайындағанымен, біржақты болмады. Ақырында, 2015 жылы Мәжілістің жалпы отырысында заң бірінші оқылымда қабылданды. Бірақ сенаторлар қарсы шықты. Кейін дайындалған заң жобасында жеке детектив агенттігін рәсімдеу және оған қойылатын талаптар агенттіктердің жұмысын шектейтіні анықталды. Мысалы, қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылық туралы істермен айналысуға, бейне, дыбыс жазу, кино, фото түсірілім жасауына болмайтыны тайға таңба басқандай жазылған. Клиенттер нақты дәлелдің болғанын талап етеді. Ал жоғарыдағы шектеулерге тыйым салынса, детектив қандай дәлел келтіре алады? Осыны негіз еткен көптеген детектив заң аясында бұл шектеулер алынуы керек деп шағымдануда.

Бұл да бір карта ойыны сияқты...

Сондай детективтердің бірі «DETECTIVE 007» агенттігің иесі Роман (аты-жөнін толық жазбауды өтінді) есімді жігіт 14 жыл ІІМ қарасты Қылмыстық іздеу қызметінде жұмыс істегенін айтады. Жеке детективтерге сұраныстың жоғары екенін жасырмайтын ол мемлекеттік органдарға түсетін салмақтың артық болуынан көптеген іздестіру басы ашық күйінде қалады дейді. Сондықтан мемлекеттік органдар шеше алмаған мәселені жеке агенттіктер ақылы түрде орындайды.
«Адамдар тығырыққа әбден тірелген кезде және кімге, қайда, қалай хабарласарын білмеген кезде бізге байланысқа шығады. Түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, бір-екі күнде қайтарамын деп қарызға ақша алып жоғалып кеткен алаяқтарды іздеп табуға ұсыныс түседі. Қарызға 200 мыңдай ақша алып, түрік номерімен WhatsApp-қа  «мен Стамбұлда жүрмін, карантин болғандықтан келе алмай жатырмын» деп хабарлама жазған алаяқ шын мәнінде Алматыда сайран салып жүрген. Осындай жағдайлары анықтаймыз. Бұл да бір карта ойыны сияқты. Неден басталып, неден аяқталатынын білу керек. Мен адамдарға сенбеймін. Сол себепті жалғыз өзім жұмыс істеймін. Бұл –  менің хоббиім. Есімді білгелі осы қылмыстық істерді анықтаумен айналысып келемін. Қазақстанда заң бойынша жеке агенттіктерге рұқсат берілген жоқ және тыйым да салынған жоқ», – дейді Роман.
Интернетте жарнамасы жаңғырған жеке агенттіктердің бірі – «Шерлок Холмс». Клиенттерді тарту үшін өздерінің барлық мәселені шешіп беруге сақадай сай екендерін де ашық жазыпты. Бір қарағанда, әрекеттері заңсыз деп ешкім ойлаймады. Бұл агенттікте 2005 жылдан бастап  ҚР ІІМ қылмыстық іздестіру қызметкерлері мен басқа да құрылымдардың жеке тергеу саласында қызмет атқарған мамандар жұмыс істейтіні жазылған. Яғни, кәсіби мамандар. Олар да көбіне жоғалған адамдарды (борышкерлерді) іздеуден бастап іскерлік серіктестердің қаншалықты сенімді адам екенін тексеру сынды тапсырыстарды қабылдайды. Толассыз түсетін ұсыныстардың бірі отбасындағы әйелдің күйеуіне, күйеуінің әйеліне опасыздық жасауы. Бұл мәселені жеке агенттіктер май шаммен қарап, ажырасуға дәлел болатын фото, видео, аудио материалдардың барлығын дайындап береді.

Опасыздықты анықтайды

«Екінші жарына опасыздық жасау әрқашан ауыр соққы. Осы жағдайда шындықтың бетіне тіке қарау аса маңызды. Сенімсіздік туындаса, сіздің өміріңіздегі опасыздықтан көзіңізді аша алатын адамдарға хабарласыңыз. Қараңғыда қалудың қажеті жоқ» делінген жеке детектив агенттіктің жарнамасында. Отбасылық мәселелермен айналысатын жеке агенттіктердің бағасы алуан түрлі. Қазіргі карантиннен кейін агенттіктердің көбі бағаны төмендетіпті. Себебі сұраныс азайған. «Шерлок Холмс» детектив агенттігі 1 күнге 200 доллар алады. Тапсырыс қабылдағаннан кейін агенттік күмән тудырған адамды аңдуға кіріседі. Бұл сомаға дәлел бола алатын фото, видео, ізіне түскен адамның кіммен кездескені туралы ақпараттар кіреді. Егер әйелінің немесе күйеуінің опасыздығын анықтау керек болса, бұл процесс орташа есеппен 10 күнге созылады екен. Яғни, әр күніне 200 доллардан болғанда, 10 күнге 2000 доллар. Теңгеге шаққанда − 846 008 тг. Істі бастамас бұрын 2000 доллардың 50%-ін төлеу керек. Қалған ақшаны тиісті ақпараттар тапсырыс берушіге тапсырылғаннан кейін беріледі. Ізкезушілер ақпаратты кездеспей-ақ WhatsApp, пошта арқылы да жібереді. [caption id="attachment_74023" align="alignnone" > Айқынұлы Жұмабек[/caption]

Сағатына да, тәулігіне де алатындар бар...

          Тыңшылардың келтірген дәйегі тапсырыс берушілердің көңілінен шыға ма? Бұл туралы да сұрап көрген едік. Хабарландыруда «Частный детектив» деп жазылған ізкезушілер былай дейді:
«Біздің бағамыз тәулігіне 21 мың теңге. Жұмыстың нәтижелі болуы қанша күн аңдығаныңа байланысты. Уақыт ұзақ болған сайын ақпараттар да анық әрі жеткілікті болады. Әзірге жұмысымызға көңілі толмаған клиент болған жоқ. Біз ақшаны бірден аламыз. Басында жартысын төлеу деген жоқ», − дейді «Частный детективтің» иесі.
Жеке детективтердің көбі бағаны оқиғаның күрделі я оңай болуына байланысты анықтайды. Басқаша айтқанда қатып қалған баға жоқ. Одан бөлек өзара келісіп бағаны түсіретіндер, саудаласатындар да бар. Тыңшылардың өзі жеке детектив агенттіктеріне жүгінетіндер саны жылдан-жылға артып келетінін айтады. Себебі сұраныс бар. Олар тыңшылық қызметтің заңдастырылуы өзге елдерде қоғам үшін де мемлекет үшін де тиімді деген пікірде.

Шешесі қызына тыңшы жалдатқан

«Мен бұрын мемлекеттік органда жұмыс істегенмін. Олар жоғалып кеткен адам тұрмақ, ұрланған телефоныңызды да тауып бермейді. Ал жеке детективтер ақша алып отырған соң қандай да бір нәтиже шығаруға тырысады. Егер тиісті заң қабылданса, салықты да төлер едік. Басқа елдерде бұл мәселе жолға қойылған. Бізде шектеу болған соң «заңды да заңсыз»  деп танып, жасырын жұмыс істеп жатқан агенттіктер бар. Маған ата-аналар жасөспірім балаларының жоғалуы сынды мәселелер бойынша хабарласады. Жақында болған сондай оқиғалардың бірін айтып берсем.  20 жастағы қыздың анасы хабарласып, үйінен баласының ақша ұрлайтынын айтып, оны қайда жұмсап жатқанын білу үшін маған тапсырыс берді. Кейін белгілі болғандай, ол кыз синтетикалық есірткі қолданып жүр екен. Шамадан тыс қолданған соң, көп ұзамай қайтыс болды. Оны бұл әрекетке жүріп жүрген жігіті итермелегенін дәлелдедік. Бірақ істі арыға созбай жаба салады. Туыстарынан ұялды ма, әке-шешесі қыздарының жүрегі тоқтап қалды деп хабарлаған», −  дейді  «Беркут» агенттігінен Ермек есімді жігіт.
Оның айтуынша, тұрақты басқа жұмысы бар, тек осындай тапсырыстарды қосымша табыс ретінде қарастырады екен. Ай сайын детективтік қызметтен 300 мың теңге табады. Айта кетерлігі, заңсыз әрекетке барғандықтан біз хабарласқан жеке детектив агенттіктері нақты өздері жайында ақпарат беруден бас тартты. Сондықтан аты-жөндерін толық айтпайтынын алдын ала ескертті. Бейресми деректер бойынша, елімізде 2 000-нан астам жеке тыңшылықпен айналысатын агенттіктер бар екен. Көбі тапсырысты барлық өңірден қабылдауға дайын. Ұсынған бағаларына өздерінің кететін шығындары кіреді.