Айтпақшы, биыл Balapan арнасына – 10 жыл. Арна 2010 жылы 27 қыркүйектен бастап 12 жасқа дейінгі ел көрермендерін қызыққа бөлеп келеді. Олар 2012 жылдан бастап, шетелдің анимациялық жобаларын қазақша аудару құқын алып, біразымызды қуантқаны бар. Осы аралықта телеарна 100-ге жуық жоба дайындады. Арасында «Айгөлек», «Томпақ», «Санжар мен Қайсар» сияқты танымал туындылар бар. Кейінгі кезде Balapan-ның кодына айналардай дүние азайып кетті. Бұрынғыдай балалар мен жасөспірімдер сенбі-жексенбі күні көгілдір экранға үңілмейтін болды. Олар қазір керегін әлеуметтік желіден оқып, қалағанын YouТube-тан табады. Иә, жоғарыдағы сөйлемді жазуымызға әлеуметтік сауалнама әсер етті. Өйткені сауалнамаға қатысқан 53 адамның 87%-і баласының смартфоннан шетелдік туындыларды көретінін жазған. Қалған 13%-і Balapan-нан керегін алады екен. Себебін сұрағанымызда бірқатар ата-ананың жауабы ұқсас болып шықты. Balapan-да тым кішкентай, шамамен 3-4 жастағы балаларға арналған мультфильмдер көрсетеді. Біразы қызықсыз. Сондықтан балалар YouТube-тан шетелдің анимацияларын көруге құмар», – дейді Диана Аманғалиева. Сауалнамаға қатысқан Әнел Сұлтанхан мен Балауса Cаматқызы да «Balapan-дағы біраз бағдарлама іш пыстырады» деп жауап берген екен.
BALAPAN-НЫҢ ТІЛІ – КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫҢ ТІЛІ
Сауалнама мен арнаның бағдарламалар кестесін, кейбір мультфильмдерін көру арқылы талдау жасап көрдік. Баласымен бірге анимация қарап, талдап, пікірін тыңдауға бейім ата-аналармен сөйлестік. Сондағы Нұрлан Тұяқтың «Balapan-ның тілі – келешек ұрпақтың тілі. Арнадағы редакторлар қатені микроскоппен қараса екен» дегені бізді де ойландырды. Сонымен, қазіргі ұрпақ аталған арнадан «Сәби» атты туындыны сүйіп көреді. Біз де анимацияға үңіліп көрдік. Ата-аналар айтқандай, тәп-тәуір. Бірақ тағы да 1-5 жас аралығындағы балаларға арналған контент. Есесіне ата-аналар туындының тілі таза екенін алға тартады. «1-3 жастағы балалардың ойлау жүйесіне көмекші құрал» дейтіндері де табылды. Айта кетерлігі, бұл мультхикаяны АҚШ пен Латын Америкасы елдері де тамашалайды. Арна директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы» мен «Пырақтар» жобасын аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көруге мүмкіндік бар. «Көжектер» мультхикаясын да мақтағандар бар. Ата-аналар Үрпек, Үркек деп тауып қойылған кейіпкер аттарына да сүйсінді. «Үрпек мен Үркекті үндестік заңымен Үрпөк пен Үркөк деп оқығанын айтсашы» деп тамсанды. Көпшілігінің «Балапан және оның достарына» да көңілі толады. Тек арасында «баруым керекпін», «саған ертерек келу керек» дейтін грамматикалық интерференцияларына сын айтты. «Мұндай қателікке Balapan емес, сол мультфильмнің редакторлары кінәлі. Осындай қате кетпеуін қатаң қадағалауы керек», – дейді Нұрлан Тұяқ. Сондай-ақ ол аударма мультфильмдерден «Питер Пеннің» жақсы тәржімаланғанын атап өтті. Жағы сынған қарақшыны қазақша сөйлеткен актердің сүйікті кейіпкерге айналғанын айтып берді. Қысқасы, қызымен бірге Balapan-ды үзбей көретін көрермен аталған мультфильмнің тек бір эпизодынан калька аударма байқаған екен. «Венди» мультфильмін арнадан алып тастау керек деп ойлаймын. Не беретін тәрбиесі жоқ, не аудармасы дұрыс емес. Психикаға әсері бар. Осы сияқты біраз аударма мультфильмді көрген бала ертең қазақша сөйлемейтіні анық. Өйткені аталған туынды тілімен сөйлеп үйренген балаға қазақтың өз тілі, қазақ әдебиетінің классикасы мүлде жат болады. Түсінбейді. Мәселен, «Трансформерлер» жап-жақсы мультфильм. Бірақ мұның басты кемшілігі –тілі. Аударып, артынша дубляжға бере салғандай көрінеді. Мультфильм – көркем шығарма, оның тілі көркем болуы керек. Бірақ «Трансформерлерді» көріп отырсаң, тура аса маңызды халықаралық құжатты оқып отырғандай боласың. Бірақ дубляжы жақсы», – дейді журналист Нұрлан Тұяқ. Осы пікірге әуелгіде «арнада кемшін тұс көп» деген ата-ана да қосылады. «Дубляжы жақсы болғанымен, аудармасы құлаққа түрпідей тиеді. Аталған екі фактор үйлескен мультфильмде анимация жағы ақсап тұр. Ал YouТube-тан көретін шетел мультфильмдерінің бояуы қанық. Қызыммен бірге қарап отырып, қызығамын. Ағылшынша болса да, көрсетуге мәжбүрміз. Өзі соны жақсы көреді. Осыған қарап тілі қазақша шықпай қала ма деп қорқамын. Сол үшін «Үй жануарлары» сияқты қазақша кітап сатып алдық. Ішінде қате өріп жүр. Сонда да ауық-ауық оқып беремін. YouТube-тан да жөнді қазақша контент таппайсың. «Жас ұрпақ қазақша сөйлемейді» деп қаралауға құмармыз. Шынтуайтына келгенде, балалар мен жасөспірімдерді қызықтырарлық қазақша дүниелер аз», – дейді Ақжол Берікұлы.ҚАЗАҚША МУЛЬТФИЛЬМ ҚАРАМАЙДЫ
Перизат Қаленова есімді қатысушы сауалнамада бауырының қазақша мультфильм қарамайтынын жазған. Фариза Елемесова да ұлының Balapan-нан гөрі YouТube-тан орысша мультфильмдерді жиі қарайтынын айтады. «Балаларым Balapan-ды жиі көрмейді. Ара-тұра тамашалайтын мультфильмдері бар. Ұлым «Айдар» атты мультфильмді жақсы көреді. Қызым Мейіржан Сандыбай түсірген «Сәбиді» асыға күтеді. Аталған мультсериал – шетелдік «Покойоның» қазақша нұсқасы. «Фиксики» деген орыстың мультфильмін Balapan «Білгіштер» деп қазақшаға аударды. Сол туындыны да арасында қараймыз. Бірақ олар Balapan-ға» қарағанда, Disney, Piхar түсірген мультхикаяларға әуес. Жалпы, YouТube-та балаларға арналған қазақша контент жоқ. Мультфильмнен бөлек, қызым YouТube-тан Надя атты балапанның түсірген контентін көруге құмар. Ал ұлым жан-жануарлар мен табиғат туралы сюжеттерді қарайды», – дейді Нұргүл Қадырбаева. Байқағаныңыздай, осыдан біраз жыл бұрын арнадан сенбі-жексенбі сайын «Алтын кебіс», «Сиқырланған Элла» сияқты шетелдік кинотуындылар берілетін. Жаңа жыл қарсаңы мен мерекелерде жасөспірімдерге арналған фильмдер мен жобалар қойылатын-ды. Ал қазір мұндайды іздесең де таппайсың. Ата-аналардың пікірінше, Balapan-нан білімге жетелейтін, ойландыратын, табиғат тылсымдарын көрсетіп, аялауға үйрететін жоба керек. Олар арасында елдегі жалғыз балалар арнасының 9 сағат бойы онлайн сабақ көрсеткеніне реніш білдірді. «Ел арна» мен Kazakһ TV-дан онлайн сабақ көрсетіп, Balapan-ды балаларға қалдырса қайтеді?» деп уәж айтқандар кездесті. Осы тұста «Balapan арнасы неге жасөспірімдерге арналған контент ұсынбайды?» деген сауалымызды телеарна директоры Мақпал Жұмабайға жолдадық. Сөйтсек, 2020 жылдан бастап телеарна аудиториясы 0-8 жас аралығындағы балаларды қамтиды екен. «2020 жылдың 1 қаңтарынан жас категориямыз 0-8 жасқа ауысты. Күндік эфиріміздің 80%-ы мультфильмдерден тұрады. Оның 50%-ы шетелдік озық студияларының қазақша дубляждалған өнімдері.Сондықтан жасөспірімдерге арналған контент біздің арнамызда жоқ. TikTok-тан бастап Youtube-ке дейінгі түрлі әлеуметтік желілер балалардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Сол үшін біз әлеуметтік желілердегі каналдарымызды, ресми парақшаларымызды барынша дамытуға күш салып жатырмыз. Біз ғана емес әлемдік балаларға арналған арналар осы бағытқа көшті. Оның үстіне Balapan шетелдік туындылардың интернет құқықтарын сатып алуды қолға алды. Бұл – отандық телевизия тарихындағы тұңғыш рет жүзеге асты. Осылайша, арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі нұсқасымен күн сайын толығып жатыр», – дейді Мақпал Жұмабай. Иә, шетелдік 7 компаниямен келісімшарт жасалып, туындылар арнаның Youtube каналына жүктелген екен. Арна жыл соңына дейін каналдағы анимациялық жобалар санын 700-ге жеткізбек. Balapan каналға жазылушылар саны да 1 миллионға жуықтаған екен. Айта кетерлігі, жоғарыда сөз болған YouТube-тағы Надяның каналы балалар арасында танымал. Nadia and Family каналындағы жалпы қаралым көрсеткіші 70 миллионнан асқан. Ал контентіне қарасаң, өте қарапайым. Надя ағылшын тілін дамыту үшін қандай ән тыңдап, мультфильм көру керегін үйретеді. Кейде қуыршақтың үйшігін құрастырады. Қарап отырсаң, балаларға аталғандарды смартфоннан тамашалаған ұнайды. Осындайда YouТube-та осыған ұқсас қазақша бейнеблог болса ғой дейсің. Қайдан, елдегі «кішкентай блогерлер» вайн түсіруден ары аса алмайды. Өйткені «алдыңғы арба» саналар аға буын да қазір білімнен гөрі TikTok пен вайн түсіруге әуес. Соны көрген өскелең ұрпақ 1 минуттық оспадар әзілге күліп, «болмаса да, ұқсап бағуға» тырысып жүр.