ПАНДЕМИЯ ОТАНДЫҚ ТУРИСТЕРДІҢ «КЕЛБЕТІН» ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ
Маусымда енгізілген екінші карантиннен кейін әдетте бұл кезде той-томалақ жасап, сауда орталықтарында қыдырып, шетелде саяхаттап жүретін кейбір қазақстандықтар экотуризмнің жауһары саналатын ұлттық табиғи парктер мен ерекше қорғаудағы өзен-көлдерге баса көктеп кіріп кеткен. Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан Көбейтұз көліне туристердің келтірген экологиялық залалы орасан. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына іліккен бұл мәселе әлем қауымдастығын алаңдатқан еді. Осыған дейін әлемнің 13 тілінде хабар таратып келген, жақында ғана грузин тілінде ақпарат тарата бастаған Euronews арнасын 150 мемлекеттің көрермені қарайды. Бұл ақпарат құралында «Көбейтұзға келтірілген экологиялық залал орасан. Оның орнын толтыру үшін 15 жыл уақыт қажет» деген мәлімет шетелдік көрермендердің алаңдаушылығын туғызды. Әлеуметтік желіде қай ел болмасын, альтернативті, яғни жабайы туризмнің салдарымен қатаң күресіп қана қоймай, мұндай жабайылықтың алдын алу қажеті айтылды. Десе де, елімізде жабайы туризмнің зиянын көріп отырған тек өзен-көлдер ғана емес. Отандық туристердің ұлттық табиғи парктерге тигізіп отырған зияны да орасан. Туризм маманы Ержігіт Жұмаділ бұл тұрғыдан экологиялық заңнаманы күшейте түсіп, ұлттық табиғи қорықтардың қызметкерлеріне дұрыс жалақы қойылуын қолдайды. Бұл орайда Ержігіт Жұмаділ:– Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұрғындары арасында Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне сұраныс жоғары, оның жалпы аумағы – 149 мың гектар жер. Білуімше, оны ары кетсе 120 инспектор қарайды. Мұншама аумақты алып жатқан жерді толық қадағалау мүмкін емес. Бәрі демалушылардың санасына байланысты. Әр адам өзін түзеуі керек. Біз тобымызбен барған кезде сенбіліктер ұйымдастырып, біреудің қоқысын тазалап кетеміз. Бірақ мыңдаған адамның қоқысын жинауға біздің де шамамыз келмейді. Орманшылар, инспекторлар бәрін қадағалауы керек. Бірақ олардың жалақысы – 60-70 мың теңгенің шамасында. Содан табиғатты қорғауға ынтасы да жоқ шығар, – дейді. Маманның айтуынша, биыл пандемияға байланысты төрт айдай жұмыс тұралап қалған. Бірақ пандемия салада қордаланған мәселелерден бөлек, отандық туристің «келбетін» ашқан.
ШЕТЕЛДЕ «ЖАБАЙЫЛЫҚПЕН» ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?
Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова ішкі туризмнің карантин, локдаун жағдайында тұралап қалғанын алға тартады:– Пандемия кезінде ішкі бағыттар да тұралап қалды. Өздеріңіз де білесіздер, Ұлттық парктер жабылды, бірқатар тыйым енгізілді, оның ішінде қоғамдық көлікпен жүруді шектеді. Яғни, біздің туристік автобустар да жүрмеді. Сондықтан рұқсат берген кезде ғана жұмыс істедік. Әрине, биыл қазақстандықтар негізінен отандық туристік объектілерге барды. Өкінішке қарай, бұл негізінен жабайы туризм болды. Адамдар өз көліктерімен жүріп, саяхаттады. Сол себепті ұлттық парктерде біраз экологиялық мәселелер туындады. Биыл ең үлкен мәселе – азаматтардың өз бетімен демалып, табиғатқа залал тигізіп, демалыс орындарын күл-қоқысқа толтырып тастағаны. Сала маманы Рашида Шайкенова: «Биыл көптеген азамат бағаның жоғарылығына қарамастан, Ақтаудағы бесжұлдызды қонақүйге демалуға кетті. Тіпті, онда бос орын жоқ деуге болар. Бұл бағытқа азаматтарымыздың ынта-ықыласы өте жоғары» дей келе, туризм саласына кері әсер етіп тұрған қалааралық жолдардың сапасын да сын тезіне алады: «Азаматтар Алакөлге көбіне ұшақ және пойызбен барады. Себебі жолдардың сапасы нашар. Көлсай мен Шарынға жеке автокөліктерімен барады. Бір кездері бұл аймаққа туристік автобустар арқылы баруға тыйым да болған еді. Содан осындай мәселе туындады» деп ойын аяқтайды.Бүгінде әлем елдері жабайы туризммен әртүрлі күреседі. Мәселен, Таиландта турист демалып отырған жерінде күл-қоқысты қалдырып кетсе, тиісті қызметкерлер оның бәрін жинап, буып, сол адамның үйіне «сыйлық» ретінде жеткізіп береді. Әрине, мұндай «сыйлық» алған адам бұдан былай табиғатқа залал тигізбейді. Пандемияға дейін әлемде Барселонаға барушылар саны жыл сайын арта беретін. Тіпті, көптеген әлемдік елдер туристерді тарту үшін күрессе, Барселона билігі, керісінше туристер санын азайтуды көздейді. Енді қараңыз, мұнда тұратын халық саны – 1,6 млн адам, ал туристер саны жылына 32 миллионға дейін баруы мүмкін. Билікті алаңдатып отырған жайт – жабайы туризм, көлеңкелі қонақүй бизнесі, салықтан жалтару мәселелері. Қалада пәтерді заңсыз жалға беретіндердің саны көп. Тіпті, кейбір мәліметтер бойынша 7 000-нан астам пәтер көлеңкелі бизнестің нысаны болып тұр. Мұндай туризм жергілікті тұрғындарды да алаңдатып, тіпті қонақүйлер мен апартаменттер санының қысқаруына әкеп соққан еді. Бүгінде Барселона билігі Париж, Венеция, Берлин сияқты ірі туристік қала басшыларымен бірге бұқаралық туризммен күресудің жаңа жолдарын қарастырып келеді. Шындап келгенде, пандемия да биыл еуропалық астаналардың туристік кластеріне үлкен соққы болды. Сондықтан алдағы жылдары кейбір елдер, керісінше туристерді қайтару мәселесін жан-жақты ойластыратын сияқты. Статистикаға сенсек, 2019 жылы 8,2 млн қазақстандық шет мемлекеттерде демалса, 5,1 млн адам ішкі туристік бағыттарды таңдаған еді. Бұл жақсы көрсеткіш, себебі әрбір үшінші отандық туристің ел ішінде қалып, өз экономикасына үлес қосқанын аңғартатын жайт. Биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда артуы мүмкін. Қазақстан территориясындағы ТОП-10 туристік бағытқа жылына 2,5 млн турист қабылдай алатын потенциалы бар Алакөл, Алматыдағы тау кластері мен 2 млн турист қабылдауға қауқарлы Бурабай курорттық аймағы кіреді. Сондай-ақ Баянауыл, Имантау-Шалқар курорттық зонасы, Балқаш көлі, Түркістан тарихи-мәдени орталығы, Маңғыстау теңіз туризмі, Нұр-Сұлтан қаласы мен Байқоңыр аймағы да жоғары сұранысқа ие. Мамандар туристік объектілерге баратын жолдарды күрделі жөндеуден өткізіп, теміржол, әуе қатынастарын болашақта арттыра түсу қажет деген пікірде. Туроператорлардың пікірінше, пандемия ұзақ мерзімге келген тренд, яғни онымен бірге өмір сүруге үйреніп, бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау режимінде де отандық туристік кластерді дамытуға мүмкіндік туғызу керек.