«Тәжірибе көрсеткендей, бизнесте кейбір бағдарламалар сұранысқа ие, кейбіреулері төмен. Біз сіздермен Үкімет үшін қандай бағдарламаларды күшейту қажет, қандай бағдарламаларды қысқарту немесе жою қажет деген ұсыныстарды пысықтауымыз керек», – деді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің отырысында. Оның айтуынша, мемлекет пандемия салдарын еңсеру үшін 5,9 трлн теңге бөлген. Алматылық кәсіпкерлер бизнестің жекелеген түрлеріне әлі де тыйым салынуда деп шағымданды, бірақ төтенше жағдай мен карантин кезінде экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларының тізбесінде олар жоқ. Атап айтсақ, олардың қатарында мектептердегі асханалар, боулингтер, бильярд бөлмелері, караоке, компьютерлік клубтар және басқалар бар. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеушісінің көрсетілген қызмет түрлері экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларының қатарына енгізілмеген. Демек, экономиканың осы салалары мемлекеттен еңбекақы қорына салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босату түрінде жеңілдіктер алған жоқ. «Кәсіпкерлер жұмыс істей алмайды, демек қызметкерлерге жалақы төлей алмайды және міндетті төлемдерді, соның ішінде міндетті медициналық сақтандыру қорына аударымдарды төлей алмайды. Сол себепті осы салалардың ақы төленбейтін демалысқа жіберілген ауырып қалған қызметкерлері кәсіпорынның қызметін тоқтата тұру кезінде қорға жарналардың төленбеуіне байланысты медициналық көмек ала алмайды. Оларға барлық медициналық қызметке ақы төлеу ұсынылады, бірақ жұмыс істемейтін адамдарда бұл қаражат жоқ», – деді Izo-Market КМ ЖШС бас директоры Константин Босиков. Бизнесмендер тыйым салуды жалғастыратын салалардың экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішін экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларының қатарына қосуды, сондай-ақ қызметкерлерге жалақы төлеу үшін 12 ай мерзімге пайызсыз кредит түрінде мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды не жұмыс толық қалпына келтірілгенге дейін жалақының ең төменгі 1 мөлшеріндегі жәрдемақы төлеуді жалғастыруды, сондай-ақ осы кәсіпкерлердің қызметкерлерін медициналық сақтандыруды жүзеге асыру бойынша қолдау шараларын қарастыруды ұсынды. Бизнесмендер жеңіл өнеркәсіпті қолдау, жеке колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша шығындарды өтеу, жұмыс орындарын сақтау бойынша шаралар, санитарлық талаптардың сақталуын тексеру кезіндегі бұзушылықтар мен тағы басқа мәселелерді атап өтті. «Карантинге байланысты мектептер толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Оқушылардың басым бөлігі қашықтан оқу жүйесімен білім алуда. Қазір тек гимназия мен лицейлер кезекші сыныптарды жинап жатыр. Оларға күніне бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастыру жағын қарастырудамыз. Санитарлық дәрігерлердің бақылауымен барлық талап сақталады. Сондай-ақ Білім беру басқармасы кезең-кезеңімен мектеп асханаларын ашу жайын да қарастырып жатыр. Мектептерде ең құрығанда бір рет ыстық тамақ беру жағы талқы_лануда. Біз мұндай шараларды тек ата-аналардың қалауымен жүзеге асыра аламыз. Қаладағы 200-ден астам мектептің асханалары қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Мектеп асханаларында жұмыс істейтіндердің бәрі наурыз айынан бері ақысыз демалысқа кеткен. Мектеп асханаларын қайта ашудың өзіне біраз дайындық керек. Ол жерлерді жөндеуден өткізіп, санитарлық талапқа сай етіп қайта жасақтауымыз қажет. Сол үшін мектеп асханаларын ашқанда, материалдық қиындықтар алдымыздан көлденең шығары сөзсіз. Дезинфекциялық құралдар алу керек. Сол себепті қалыпқа келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген несие беруін сұрап отырмыз. Бұл саладағы бизнес өкілдерін бәрі ұмытты. Олар жарты жылдан бері ешқандай табыссыз отыр. Әр мектеп асханасында 5-6 адамнан жұмыс істеді. Олардың арасында жалғызбасты, көпбалалы аналар бар. Тіпті, пәтер жалдап тұратындар да жеткілікті. Бұрын жаз мезгілінде уақытша болса да кафе, мейрамханаларда, Қапшағай сияқты демалыс орындарына барып жұмыс істеуге болатын еді. Қазір барлық жерде жұмыс орындары шектеулі болғандықтан олар еш жерге жұмысқа орналаса алмай отыр», – деді Мектеп оқушыларын тамақтандыру қауымдастығының президенті Гүлнара Мамаева. «Биыл Білім және ғылым министрлігінің шешімімен оқушылардың мектеп формасын киюі міндетті емес. Тіпті, Білім және ғылым министрі бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі оқу форматына көшкен күннің өзінде мектепте арнайы форма кию талап етілмейтінін айтты. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласында 1 091 компания жұмыс істейді. Оның бар болғаны 24-і ірі кәсіпорындар қатарына жатады. Қалғаны – шағын кәсіпкерлік нысандары. Олар 13 мыңнан астам қызметкерлерді жұмыспен қамтып отыр және еңбеккерлерінің басым бөлігі қыз-келіншектер. Еліміздегі мектеп формасы нарығы 40 миллиард теңгеге тең. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының бағалауынша, біздің өндірушілер нарықтың небары 5 пайызын ғана қамтиды. Мұндай жағдайда отандық өндірушілер 2 миллиард теңгені жоғалтып отыр. Сол себепті пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіп саласы қатты зардап шекті деп айта алмаймыз», – дейді «Семирамида» ЖШС директоры Наталья Ақшабаева. Әрине, кәсіпкер жалпылама түрде айтып жатыр. Әйтпесе, кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіп саласының өзінде қаншама адам, оның артында олардың тұтас отбасы табыссыз қалып отырғаны жасырын емес. Парламент Мәжілісі депутаты Айқын Қоңыров «Карантин кезінде елімізде жұмыссыз қалғандар 4,2 миллионға жетіп, олардың қатары 46 процентке бір-ақ секірді. Бұл – біздің тарихымызда болған өте жоғары көрсеткіш», – деді. Депутаттың айтуынша, карантин кезінде шағын және орта бизнес саласында өнім өндіру екі есеге дейін қысқарған. ШОБ саласында өнім өндіру көлемі қоғамдық тамақтандыру саласында 53%, бөлшек-саудада 45% және көлік саласында 37%-ке дейін төмендеген. Бұл талай кәсіпорынның жабылып, банкротқа ұшырауына алып келді. Кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, еңбеккерлер табыссыз қалмау үшін санитарлық талаптарды мейлінше сақтау керек. Сонда ғана карантин талаптары одан әрі жеңілдетіліп, тағы көптеген адам жұмыс орындарына оралуы мүмкін.