«Команданың он екі мүшесінен және жаттықтырушылар құрамынан анықталған коронавирус инфекциясына арналған тесттердің алғашқы оң нәтижелеріне байланысты команда екі апталық карантиннен өтуі керек», – делінген хабарламада.Тест қорытындысы бойынша жаттықтырушылар штабында және ойыншыларда коронавирустың бары расталды. Осыған байланысты олар екі аптаға оқшауландырылды. Ал жоспарланған «Динамо», «Металлург», «Куньлунь», «Витязь», «Сочи» клубтарымен мұз үстіндегі айқастың қашан өтетіні әлі нақтыланған жоқ. Біз өз кезегімізде мән-жайды білу үшін «Барыс» хоккей клубының баспасөз хатшысы Евгений Акмановқа хабарластық.
– Иә, расында да «Барыс» ойыншылары мен бапкерлері коронавирус жұқтырды. Ауру бәрінде еш симптомсыз өтіп жатыр. Олардың жартысы алдыңғы күні дайындыққа келіп жүрген. Вирус анықталғандардан бөлек, байланыста болғандар да карантинге жіберілді. Ауруханаға ешкім жатқан жоқ. Бәрі де үй карантинінде жатыр. Дәрігерлер вирус жұқтырғандарға қажетті нұсқаулық берді. Мен де командадағы ойыншылар мен өзге қызметкерлер секілді оқшауланып жатырмын. Ал қазіргі кезде ҚХЛ тоқтаған жоқ. Тек біздің команда 14 күндік карантинде. «Барыстың» алдағы ойыны 4 қазанда СКА командасына қарсы өтеді, – деді Евгений.Еске сала кетсек, «Барыс» командасының қатысуымен КХЛ-дың тұрақты чемпионатының 6 ойыны өтуі керек болатын. Атап айтқанда, қазақстандық команда ригалық «Динамомен» 18 қыркүйек күні, «Северсталь» командасымен 20 қыркүйекте, «Металлург» командасымен 22 қыркүйекте, «Куньлунь» командасымен 27 қыркүйекте, «Витязь» командасымен 29 қыркүйекте, «Сочи» командасымен 1 қазанда кездесуі керек болған. Бұл ойындардың барлығы кейінге шегерілді. Құрлықтық хоккей лигасы матчтардың шегерілетін күні мен уақыты туралы қосымша хабарлайды. Лига әр кейінге шегерілген ойынды клубтармен арнайы келісетін болады. Айтпақшы, 19 қыркүйекте шымылдығын түргелі отырған хоккейден Қазақстан чемпионатының басталуы да кейінге қалды. Бұл жөнінде Қазақстан хоккей федерациясы мәлім етті. Аталған шешім еліміздің хоккей саласында эпидемиялық жағдайдың туындауына байланысты қабылданды. Чемпионаттың енді қашан басталатыны коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға арналған комиссияның келесі отырысында қаралатын болады. Арнайы белгіленгеннен кейін жаңа ойын күнтізбесі жасалады.
Абылайхан ЖҰМАШ