Заринаның бастапқыда қарсыласы чехиялық Барбора Стрыцова болып белгіленгенімен, ол келмей қалды да, орнына америкалық спортшы шықты. Үш сетке созылған матч өте тартысты өтті. Бірінші партияда тай-брейкте К.Макхэйл басымдылық көрсетті – 7:6 (7:4). Екінші сетте Зарина Дияс есе қайырды – 7:5. Үшінші, шешуші партияда әуелі қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шыққанымен, қарсыласы да қарап қалмады. Дегенмен есеп 4:4 болғанда, Зарина брейкке қол жеткізді. Әйтсе де, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры кездесу тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3). Бәсеке 3 сағат 11 минутқа созылды. Заринаның екінші айналымда қарсыласы US Open турнирінің 2017 жылғы чемпионы, әлемнің 33-інші, турнирдің 8-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс немесе рейтингте 83-сатыдағы жапониялық Нао Хибино болуы мүмкін.