Облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, Ақтөбедегі оқушылар төбелесінен соң қылмыстық іс қозғалды.
Қыздардың ата-аналары да жауапқа тартылуы мүмкін. Ақтөбе облыстық білім басқармасы төбелестің негізгі себебін айтты.
«20 қыркүйек күні қыздар төбелескен. Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылындағы 10 қыз бір-бірінің сөзін көтере алмаған. Олар алдымен әлеуметтік желідегі ортақ чат арқылы ұрысып қалған. Балағат сөз айтқан. Негізгі себебі – осы. Кейін кездесіп, төбелескен. Төбелесті арнайы видеоға түсіріп, өздері әлеуметтік желідегі парақшаға жүктеді. Жәбірленуші қыз дене жарақатын алмаған. Оқиғадан соң лезде Темір аудандық білім бөлімі, полиция бөлімінен арнайы мониторинг тобы құрылып, зерделеу жұмысы жүргізілді», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
"Қазақпараттың" жазуынша, төбелеске қатысқандар – 8, 9, 10-сынып оқушылары. Оқиғадан кейін үш мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілерін жауапқа тартты.