Асхат Маемиров — Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры
Асхат Маемиров — Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры
465
оқылды

Асхат Маемиров Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры болып тағайындалды.

Асхат Максимұлы Маемиров, елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, профессор. «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі.

          А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссура мамандығы бойынша үздік аяқтады. 2007 жылы «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері атанды. 2008 жылы Париж қаласындағы Сорбона университетінің магистратурасында білім алды. 2009-2010 жылдары Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында білім алып, «Театр өнерінің магистрі» академиялық дәрежесіне ие болды.        

           Отандық өнер мен мәдениет саласының білікті менеджері ретінде өзін басқарушылық-ұйымдастырушылық қырынан кәсіби биік тұрғыда таныта білді. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факульетінің деканы, «Қазақстан халқы рухани даму қоры» АҚ Вице-президенті, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының Президенті, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры лауазымы қызметтерін абыроймен атқарды.

                Қазақстан мен Орта Азияда тұңғыш рет «Astana Musical» мемлекеттік театрының негізін салып, 2016-19 жылдар аралығында аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі болды.

         Қазақстанның театр сахналарында жиырмадан астам қойылымдарды сахналап, республикалық және халықаралық өнер фестивалдерінің бірнеше мәрте лауреаты атанды. Соның ішінде, М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында – А.Чехов «Ваня ағай», А.Володин «Қоштасқым келмейді», М.Омарова «Ақтастағы Ахико», Б.Беделхан «Ұлым, саған айтам» қойылымдарын, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында - Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әфсана-драмасын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын, Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қызжібек» операсын, «Astana Musical» мемлекеттік театрында - Ж.Пресгурвик «Ромео мен Джульетта», А.Оренбургскийдің «Астана – менің махаббатым», «Шәмші» және «Қызжібек» этно-фольклорлық мюзиклдерін сахналады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының либреттосын жаңартып жазып шықты.

         Сахналаған қойылымдары арқылы Жапония, Франция, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдер мен форумдарда қазақтың театр өнерін шет елдік көрермендерге паш етті.

        Қазақстан сахна өнерінің тарихында тұңғыш рет 2009 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен М.Чехов атындағы І-халықаралық театр фестиваліне қатысып, Э.Олби «Зоопарк» психологиялық драмасымен «Ең үздік спектакль» жүлдесіне ие болды. Аталмыш қойылым арқылы шет елде қазақ театр өнерін насихаттап, дәріптегені үшін ҚР Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты болды. Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ-халықаралық театр фестивалінің (2010 ж.) лауреаты атанды. 2019 жылы Махачкала қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалінде А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасымен Гран-При жүлдесіне ие болды.

        Асхат Маемиров сонымен қатар мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы сексеннен астам мәдени іс-шаралардың режиссері болды.

      Асхат Максимұлы Маемировтің өнер мен шығармашылық саласындағы тынбай еткен еңбегі елеусіз қалмады. Еліміздің өнері мен мәдениетінің дамуына сіңірген көп жылғы еңбегі және қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен ҚР Президентінің граммоталарымен марапатталды. 2016 жылы «Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, өнертану бойынша «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды. Ғылыми мақалалары отандық және шет елдік журналдарда жарыққа шығып тұрады. Асхат Маемиров еліміздің мәдени кеңістігіндегі қоғамдық қызметтермен белсенді түрде айналысады. Қазақстанның Театрлар Ассоциациясының вице-президенті, ЮНЕСКО жанындағы ұлттық комиссия мүшесі. Халықаралық, республикалық театр фестивальдерінің қазылар алқасының мүшесі. «Халықаралық Театр Институты» халықаралық ұйымының Қазақстандағы жетекшісі.