Ауа ластанды – сергелдең басталды
Елімізде өнеркәсіп пен жылу энергия орталықтары және көліктердің саны артқан сайын олардың ауа қабатына түзетін улы газдары да көбейіп отыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тонна, ал көлік түтінінен 1 млн тонна улы газ ауаға таралады екен. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұған назар аудармай кетпепті. Ұйым сарапшыларының 2018 жылы жасаған мониторингіне сенсек, халқымыздың 30 проценті немесе 5 миллионға жуық қазақстандық атмосфералық ауа ластанған жерде өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық ауасы шамадан тыс ластанған аймақтардың аранында тұр. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, орташа есеппен елімізде ауа жыл сайын 0,28 градусқа жылынып бара жатыр. Бұл да сол өндіріс нысандарының әсерінен. Демек, жұрт жарыса айтқан «Жаһандық жылыну» процесінің нышаны. Қауіпті қолдан жасағандаймыз. Ал Қазгидромет деректері мұны растап отыр. 2018 жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталған. Бұл үрейлі тізімге Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысынан басқасының бәрі енген. Мәліметке жүгінсек, түтін мен улы газдың кесірінен тізімдегі аймақтарда формальдегид, фенол, аммиак пен азот диоксиді сынды химиялық элементтер ауа құрамында көбейген. Қазақстанның осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмір қышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 процентке дейін түсіруі тиіс. Бірақ жоғарыдағы Қазгидрометтің қорытындысына қарап, «бұл міндеттің орындалуы неғайбыл» деген ойға қаласыз.Атыраудың күйін Ақтау кешпей ме?
Осы уақытқа дейін тұрғындары «сасық ауаға тұншығып отырмыз» деген Атырау тұрғындарының базынасын естідік, ол ақпарат құралдарында жазылды да. Экология министрлігінің өкілдері өңірге барып, жағдайды бақылауға алғандай көрінгенмен, барлық іс-шара әдеттегі «жалған есепті тыңдайтын ресми жүздесу» түрінде өткен сияқты. Қош, көп уақыт өтпей тағы бір жайтты құлағымыз шалды. Ақтау қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде қалаға түтін иісі келіп, тұншыға бастағандарын жазды. Бірақ қай өндіріс орнынан шыққан түтін екені белгісіз. Ал жергілікті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы еш мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен тұрғындар назын бекер деп айта алмаспыз. Себебі 2011 жылы Ақтау қаласында ауаның шамадан тыс ластанғаны хабарланды. Сол уақыттан бері мұнай кен орындарының жұмысы бір сәтке де тоқтамады. Сондықтан 2011 жылдан бері ауаның ластану деңгейі тұрақтанды дегенге сену қиын. Бұл екі қаланың келешегіне ерекше алаңдауымызға себеп бар. Олар еліміздің жетекші өндіріс аймақтары екені анық. Жер байлығының қайнар көзі де – осы мекендерде. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 100 жыл бойы өндіріс аймағына айналған қалаларды экологиясы бұзылғаны үшін келешекте тұрғындары тастап кетуі мүмкін екен. Мысалы, Жапониядағы көмір өндірісінің кесірінен бос қалған Хасима аралы мен Оңтүстік Намибиядағы алмаз қоры болған Намиб қаласы бар. Дәуренінде 200 мыңға жуық тұрғыны болған бұл қалалар өндірістің кесірінен қазіргі кезде қаңырап қалды. Жамандық шақырар ниет жоқ, алайда экологияға бейжай қарайтын болсақ, сол қалалардың күйін қос шаһар кешіп кетпейтініне ешкім кепіл бола алмасы анық.«Экология жылы» мәселені шеше ме?
Атырау қаласының ауасы ластанғаннан кейін пікірталас туып, қоғам белсенділері өз көзқарасын білдірді. Белсенділердің ойынша, 2021 жылды Экология жылы деп жариялау қажет екен. Бірақ келер жылға сол атауды беріп, ұрандата салғаннан мәселе шешімін таба қоя ма? Осы сауалды эколог мамандарға жолдаған едік.