«Ашық диалог» жобасы қолға алынғалы Қазақстан азаматтары күрмелген түрлі мәселені тікелей ведомствоға не министрлікке жолдап, жауап алып келеді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан назар салынбаған талай проблема осы порталдағы өтініш арқылы шешіледі. Айталық, баласын мектепке орналастыра алмай әлек болып жүрген ата-ана директордың кабинетіне кіре алмай жүргенде порталға ЭЦҚ арқылы кіріп, министрге сұрау тастап, дереу мектепке шақырту алады. Осы тұрғыдан алсақ, бұл порталдың ашықтығы жағымды әсер береді дейміз.
Әйтсе де, мұнда жарияланатын жеке мәліметтердің желіде «қалқып» жүруі қауіпті екен. Кибералаяқтық өршіп тұрған заманда қаскөйлерге оңай олжа болуы мүмкін-мыс. Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Ашық диалог» арқылы келіп түсетін қылмыстық істер бойынша өтініштерді жасыру керек деген ұсыныс айтты. «Министрдің блогына қылмыстық істер бойынша көп өтініш келіп түседі. Олар жалпы халыққа көрініп, соңында құпия тергеудің ақпаратын жария қылуы мүмкін. Өтініш беретін азаматтар – көп жағдайда қылмыстық процесс қатысушылары емес. Жауап әзірлеген кезде қызметкерлер еркінен тыс жапа шеккендер, куәгерлер не күдіктілер туралы ақпаратты беріп жіберуі мүмкін екенін ескеру қажет. Ал бұл болса, өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарында дау тудыруы да ғажап емес», – дейді министрдің орынбасары.
IT-маман Райымбек Егембердиев бұл қауіптің негізі бар екенін алға тартады. «Порталға кіріп қарасақ, шынымен де адамдар оңды-солды жеке мәліметтерін жаза береді екен. Кез келген ашық жарияланған жеке мәлімет (ЖСН, телефон нөмірі, аты-жөні) алаяқтарға жол ашады. Бірінші кезекте бұл мәліметтерді іздеу жүйелерінің (google, yandex) индексациялануынан оқшаулау керек. Министр орынбасары айтқандай, бұл бөлімді жауып, тек әр адам өз сұранысын ғана көре алатын етсе де мәселе шешіледі», – дейді ол.
Енді министрліктің ұсынысын талдасақ. Олар өтініштерді қабылдау процесін былай қылмақ: қылмыстық істерді қарауға қатысты өтініштер министр блогына келіп түседі. Одан кейін ол өтініш тергеу органына, яғни полиция департаментіне жөнелтіледі. Орган артынша бекітілген заңнама аясында, соның ішінде Қылмыстық-процессуалдық кодекс шеңберінде қарап, заңбұзушылық болды ма, тексереді. Соңынан тергеу құпиясын толық сақтай отырып, сотқа дейінгі тергеу ақпаратын жария етпестен авторға жауап әзірлеп, жолдайды.
Бүгінде «Ашық диалог» порталы арқылы өтініш жолдаған кезде азаматтар электронды-цифрлық қолтаңба арқылы жеке басын растайды. Сонымен қатар өтініште көрсетілген жеке мәліметтердің ашық жариялануына рұқсат береді. «Бұған келісім бергенімен, азаматтар өтініштің жалпақ жұртқа көрініп тұратынын, интернеттен іздегенде шығатынан ескере бермейді. Мысалы, кейде алдыңғы берген өтінішін өшіру үшін екінші қайтара жолдайтындар болады», – дейді вице-министр.
Жыл басынан бері Ішкі істер министрінің блогына берген өтінішін 30 азамат өшіруін сұраған. Ондағы себеп – автордың өтінішке қоса жеке куәлігінің суретін салуы. Алаяқтар аталған құжатты пайдаланып, автордың атынан әлеуметтік желіде несие беретін қызмет көрсететін аккаунт ашқан. Оны өшірген күннің өзінде өтініштер Google іздеу жүйесінде біраз уақыт сақталады екен. Бұдан бөлек, келіп түсетін өтініштер ішінде үшінші бір тұлғаның жеке басына тіл тигізетін балағат сөздер де болады екен.
Портал арқылы түйткілді мәселесін жеткізуге халық сауаттанып қалды. Алматы облысы аудандарында «Бастау» жобасы бойынша бизнес-тренер Мейірман Сауранбек жоба аясында портал қызметімен таныстырады. Айтуынша, «Ашық диалогті» білмейтіндер бар екен. Сабақтан кейін үйреніп, танысып, қолданып жүргендер жетерлік дейді. «Мысалы, ауылда бір апаның 20-30 жылқысын ұрлап кеткен болатын. Содан Ішкі істер министрінің блогына өтініш қалдырды. Дереу облыстағы тиісті органдарға жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді. Жергілікті полиция содан кейін ғана қимылдаған. Осы тұрғыдан алғанда, «Ашық диалогтің» пайдасы өте зор дер едім»,– дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкері.
Осы тақырып талқыға түсіп жатқандықтан, министр блогын бір шолып шықпасқа болмайды. Ондағы «Құқық қорғау органдары» категориясындағы өтініштерді қарадық. Ішінде полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болмаған, тіпті орган қызметшілерінің қылмыс жасап, артынша тайқып кеткенін айтып, жазалануын сұрағандар да бар. Мысалы, Баян Тәжібаев (аты-жөнін сол күйі беріп отырмыз) 2019 жылдың 3 қарашасында қызының Алмалы аудандық уақытша ұстау изоляторында өлтірілгенін, оны өлтірген сондағы қызметкерлер екенін айтыпты. «Қызымның соңынан баласы қалды. Тұл жетім. Асырап алып, рәсімдедім. Басымда баспана жоқ. Істі айғақ жеткіліксіз болғаны үшін жауып тастады. Енді ақыры істі жапқан екен, қызымды тірі қайтарсын, балаға ана керек. Болмаса, кінәлілер пәтер сатып алып берсін. Сол жерде немеремді жеткізіп, бағамын. Өзім медицина қызметкерімін, көп жылдық тәжірибем бар. 17 800-орында пәтерде кезекте тұрмын. Ол кезекке жету үшін қанша жыл өмір сүруім керек? Өлімге кінәлі адамдар баспана әперсін» депті. Бұл өтінішке келген жауап: іс тоқтатылды, айғақ жеткіліксіз.
Енді бір өтініште ІІМ-де бұрын істеген қызметкерге қатысты деректер айтылған. «Бүгінде подполковник шені бар, миграциялық полицияда қызмет ететін, ІІМ экс-қызметкерінің бұрынғы қызмет орнында жүргенде 16 жастағы қызбен жыныстық қарым-қатынаста болғаны туралы дәлелім бар. Бұл заңға қайшы ма? Кәмелетке толмаған қыздың құқығы бұзылды ма? Жәбірленушінің шағымы қараусыз қалған. Талонды төменде бірге жолдап отырмын. Жауап берсеңіздер. Рақмет» депті. 8 қыркүйек күні келіп түскен өтінішке әзірге жауап берілмеген.
Байқасақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысына қатысты шағым көп. Басым көпшілігінде «бармақ басты, көз қыстыға» салғаны туралы айтылады. Ол жала ма, жоқ әлде қазаншының қайдан құлақ шығаратынын өзі білетін еркі ме, белгісіз. Бұдан шығатын қорытынды: құқық қорғау органдарына деген сенім аз. Жанайқайын естіртуге тырысқан жұрт жетерлік. Аудан, одан әрі облыс аясынан шыға алмай, «тұншыққандар» министр блогына жазады. Бұл халықтың әлі цифрлық сауаты жеткілікті деңгейде емес дегендегі көрініс. Күні ертең халық түгел дерлік машықтанып алса, нағыз ашық қоғам орнайтын сыңайлы.
Жадыра АҚҚАЙЫР