Дәстүр дінге арқау ма?
Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылғы 1 қаңтардағы тіркелген ресми дерекке көз жүгіртсек, Қазақстанда 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік бар екен. Ел аумағында 13 конфессияның 531 миссионері бар. Одан бөлек, 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар. Бірақ біз айтып отырған «Ата жолы» діни ұйымына заңмен тыйым салынған. «Ата жолы» демекші, бұл ағымның өзі ішінен «Аққулар», «Сұңқарлар» секілді болып бірнеше тармаққа бөлінеді. Дінтанушылар тарапынан мистикалық ұйым деген атау алғанға ұқсайды. Себебі алдына келгенді «әруақтар аян береді, емші боласың, Сүйінбай мен Жамбыл болып сөйлеймін» деп жоққа нандырады. Сондай-ақ елдегі есебі жоқ емшілердің көбі осы ұйымға мүше көрінеді. Сонымен қатар кесене мен зиратқа барып зиярат етуде осы ұйым өкілдеріне тән. Көбіне «Ата жолы» мүшелері ұсталған жағдайда 50 АЕК (132 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеп сытылып кетеді. Себебі адам өміріне қауіп төндіретін экстремистік нышаны байқалмаған. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында да 50 жастағы тұрғын ағымның діни кітаптарын сатып жүргенде құрықталды. Ал Орал қаласындағы жағдай бұл ағымның екінші рет бас көтеріп отырғанын аңғартады. – Заңмен тыйым салынса, ол діни ағымның жұмысы тоқтатылуы керек. «Ата жолының» радикализмдік сипаты жоқ. Идеологтары да болмайды. Бұл ағым тек ақша табудың көзіне айналып отыр. Діни сауаты аз адамдардың бәрін азғырды. Зиярат ету үшін ақша жинайды, сол ақша діни ағым жетекшісінің қалтасына кетіп жатыр. Дәстүрлі әңгімелерді өздеріне икемдеп кітап жазған. Бір жағынан қарағанда, «нағыз қазақ болуға» шақырады. Дегенмен оның бәрі мистикалық дүниелер. Халықтың діни сауаты ашыла келе бұл үрдіс тыйылады, – дейді теолог Кеңшілік Тышқанұлы.Діни араздық тумай ма?
Елімізде қоғам арасындағы дінге қатысты даулы мәселелер әлі де жалғасып жатыр. Қарапайым «хиджап пен орамал» дауы соның бір айғағы. Facebook желісінде ұйымға қарасты «Ата жолы дәстүрлері» мен «Ата жолы хикметтері» атты екі парақша бар екен. Жазылушылар саны 1 800 адамнан асады. Көбінде «әруақ пен ата-бабаны зиярат етуді» насихаттап, бүгінгі молдаларды «арабшыл» деп кінәлайтынға ұқсайды. Онымен қоса atazholy.kz сайты да ашылған. Дегенмен сайт әкімшілігімен байланысқа шығу мүмкін болмады. Қазақстан Қылмыстық істер кодекісінің 174-бабында «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айырмашылығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі» деп көрсетілген. Демек, «Ата жолының» діни алауыздық тудыру қаупі бар екені анық. Қорыта айтқанда, экстремистік нышаны жоқ діни ағымдардан түбегейлі қауіп төнбейді деп айту қисынсыз. Себебі діни алауыздық радикализмнен де қатерлі болуы мүмкін. Ал «Ата жолының» желіде парақшалар мен ғаламторда сайт ашуы сол қатерге бастайтын жол секілді.Мадияр ТӨЛЕУ