Жергілікті әкімдіктің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан қызмет көрсету шарттарын бұзу туралы үшбу хат қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын 24 көлік компаниясының 22-сіне жолданған. Осынау хабарлама Шымкент қаласының қоғамдық көлік саласында күрделі жағдай қалыптастырып отыр. Айта кетейік, үшінші мегаполисте қоғамдық көлік саласы әу бастан-ақ күрделі мәселе болатын. Тұрғындар тарапынан бағдардың дұрыс ұйымдастырылмауы, автобустардың кешігіп келетіні, жолаушыларға қызмет көрсету сапасының нашарлығы, шалғай елді мекендерге қоғамдық көліктің жүрмейтіні туралы шағымдар жиі айтылып-ақ жүр. Осыны ескерген қала басшылығы биыл осындай олқылықтардың орнын толтырамыз деп қоғамдық көлік жүйесінің жаңа концепциясын қабылдаған. Осылайша, бұл саланы үлкен өзгерістер күтіп тұрған. Сонымен қатар бұл реформа жолаушыларды тасымалдау қызметіндегі мәселенің шешімін де таппақ. Үшбу хат та көлік компанияларына осы себепті жіберілсе керек. Алайда көлік компаниясындағылар мұнымен қаладағы өте кірпияз саланы одан сайын тығырыққа тіремесе, жағдайды жақсарта алмайды деп санайды. «Южавтотранс» автотасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтуынша, әр әкім келгенде өз жаңалығын енгізеді.
– Осыдан екі жыл бұрын Ғабидолла Әбдірахымов әкім болып тұрғанда көлік компанияларының қалада маршруттарын жүргізуі үшін келісімшартын 10 жылға, яғни 2028 жылға дейін созып берген. Жігіттер осыған сеніп көліктерін ғана емес, өздерінің, бірі туыстарының үйін-жерін кепілге қойып несиеге автобустар сатып алған. Несие алу да оңай болған жоқ. Енді міне, жергілікті билік келісімшартты біржақты бұзамыз деп отыр. Себебі қалаға 600 жаңа автобус келе жатыр. Естеріңізде болса, қалаға 1 000 көлік келеді деген еді ғой. Сол кезде біз мұнша автобустың көп болатынын айтқанбыз. Дәл қазір Шымкент қаласында 850-900 автобус жолға шығып жүр. Оның жартысы жекеменшік, көліктерін несиеге алғандар. Бұл туралы жергілікті биліктегілерге де айттық. «Бұл мәселені өздеріңіз шешесіздер. Біз конкурс жариялаймыз, кім жеңсе сол компания бағыттарға жүреді» деп жауап берді дейді қауымдастық төрағасы.Енді жекеменшік көлік компанияларының «Конкурстан ұтылып қалсақ не болады?» деген күмәндары да бар. Себебі әне-міне қалаға келетін су жаңа 600 автобус конкурстан ұтып кетуі мүмкін.
Корпорация Руслан ЖШС-нің директоры Дулатбай Қарабалаев 60 млн теңгеге 7 автобус сатып алған екен. Ал «Автокомбинат-4» ЖШС-нің директоры Бахыт Ермеков әр автобустың 2 млн теңге тұратынын, 20 көлік сатып алу үшін 40 млн жұмсау қажетін айтады. «Сонда біз тағы жаңа автобус сатып алуымыз керек пе? Бұл карантиннің қай уақытқа дейін созылатыны тағы белгісіз. Біз бұрынғы әкімнің келісімімен 10 жылға дейін өз көлігімізді қала бағыттарына жүргізуіміз керек болатын. Енді қалада тағы қоғамдық көлік саласында жаңғырту болмақшы. Онсыз да күшейтілген карантин кездерінде жұмысымыз тоқтап тұрды, – дейді ол.Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев болса, жолаушы тасымалдаушылар дұрыс түсінбеген болуы керек деген уәж айтады. «Әзірге олардың жұмысын тоқтатып қоямыз деген бізде жоспар да жоқ», – дейді басқарма басшының орынбасары. Дегенмен жекеменшік көлік компанияларының иелері жаңа автобустар келсе қолданыстан шығып қаламыз деген қорқынышы басым екенін жасырмайды. Бүгінде 11 тасымалдаушы компанияның 1 млрд теңгеге жуық қарызы бар екен.Ал Дархан Қаюпов: «Әкімдіктегілер жаңа автобустарға орын дайындауымыз керек деп отыр. Сонда қалғандары не істеуі керек? Несиелерін қалай жабады? Тіпті, кепілге қойған дүние-мүліктер не болмақ? Осыған жауап берсінші. Бұл барлық тасымалдаушылардың жанайқайы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, прокурорға хат жолдадық. Егер тұшымды жауап ала алмасақ, сотқа жүгінуге мәжбүрміз. Соңына дейін күресеміз», – дейді.
– Бұрынғы келісімшарт аясында қоғамдық көліктер өз бағытымен жүре берсін. Жігіттер несиесін төлеп алсын. Біздің сұрайтынымыз сол ғана, – дейді қауымдастық басшысы Дархан Қаюпов.«Южавтотранс» қауымдастығының ақпараты бойынша, 2017 жылы тасымалдаушы компаниялар 256, 2018 жылы 500 және 2019 жылы тағы 300 автобус сатып алған. Нәтижесінде, өткен жылы жалпы қаладағы автобус паркі 1 700 автобусқа толыққан. Биыл Қостанайдан тағы 700 автобус жеткізілмек. Тіпті, олардың бір бөлігі қазіргі таңда маршруттарға шығып та қойыпты. Қауымдастық басшысы маршруттарды оңтайландыру кезінде Шымкентке жалпы 1 000 автобус жеткілікті деп санайды. Егер бұдан артық болып кетсе, тасымалдаушылар несиеге сатып алынған техникасына есеп айырысу үшін және жалақыға жеткілікті ақша таба алмайды. Қаладағы бұл мәселе бойынша Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы да келісімшартты бұзудың негізсіз екенін айтады. Көлік компаниялары әзірге талапқа сай жұмыс істеп отыр. Қалыптасқан жағдайды мұқият зерделеп, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесте талқылаған комиссия әр автобуста қозғалыс тұрақтылығын қадағалауға арналған GPS-навигатор бар екенін де анықтаған. Көлік компанияларына бұл үшін IT SOFT ENERGY ЖШС өз қызметін көрсетеді. Алайда тиісті басқарма жолаушы тасымалдаушылар таңдаған бұл компанияны емес, басқа коммуналдық мекемемен шарт жасасуды ұсынған. Кәсіпкерлік палатасы бұл ұсынысты да заңсыз деп санайды. Басқарма тарапынан көлік компанияларына жіберілген хабарламада биылғы сәуір-мамыр айларында автобустардың қозғалыс тұрақтылығын сақтамағаны жөнінде ескертіледі. Бірақ тасымалдаушылардың оған айтар уәжі де бар. Себебі бұл уақытта елдегі пандемия жағдайына байланысты қоғамдық көлік қозғалысына едәуір өзгерістер енген болатын. Тіпті, бұл кездері жолаушылар саны да азайып, жұмыс уақытының шектелуі жолаушыларға көрсететін қызмет сапасын да төмендеткен. Міне, осылайша Шымкенттегі көлік компанияларын бір шетінен пандемия кезіндегі шектеулер қыспаққа алса, екіншіден жергілікті биліктің бүгінгі талабы оларды тығырыққа тіреп отыр. Одан бөлек, тек ірі компаниялар ғана қала қазынасынан субсидияланып, шағын автобус компаниялары биліктің назарынан тыс қалып жататыны да олардың ашу-ызасын келтіреді. Айта кетейік, бүгінде үшінші мегаполисте 24 көлік компаниясы қызмет көрсететін 76 маршрут бар. Бұл ретте маршруттардың 60 проценттен астамы Т-Bus ЖШС және «Шымкент Bus» ЖШС-не тиесілі.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы