Ауылдағы интернет және 5G: жер мен көктің арасы
Ауылдағы интернет және 5G: жер мен көктің арасы
302
оқылды

Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын заман. 5G технологиясы шыққалы бері ғалам бір қадам алға жылжығандай. ZTE Жапония, Қытай мен Америка секілді бірқатар елде іске қосылды. 2021 жылы еліміздегі үш мегополисте 5G қанат жаяды. Ал ауылды жердегі интернеттің ахуалы қандай? Интернетті былай қойғанда, ұялы байланыс жоқ елді мекеннің ертеңі не болмақ?

Жақында Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ауылда интернетке кеңжолақты қол­жетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері ту­ралы Үкімет отырысы өтті. Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 117 қала мен 3 324 елді мекенде кең­жолақты ин­тернет қолжетімді екенін айтты. Оның ішінде тал­шықты-опти­калық желі, 3G және 4G желісі ба­рын қосты. Әңгіме осы жерден бас­талады. Бәрімізге белгілі, қазір 3G ұстаған жерде көңіліміз тол­майды. Енді елес­те­тіп көрейік, Қазақстанда 2G ұялы байланыс желісін қол­данатын аймақтар бар. Сондағы мұғалім мен мемлекеттік қызмет­кердің, мектеп оқушысы мен тұр­ғынның интернетпен дос емесі белгілі.

Жапония 2012 жылы 2G-ден толығымен бас тартқан. Ұлыбри­тания, Тайланд, Канада мен Ни­дер­ланды кейіндеу қатарға қо­сылды. Сингапурліктер 100 мың абоненттің 2G қолданатынына қарамастан, өшіріп тастаған. 2017 жылғы Kcell мәліметінше, 49,9 пайыз абонент 2G-ге тір­келген екен.

«Тұрғындарының саны 50-100 адамнан аспайтын шағын ауыл­дар бар. Осындай елді ме­кен­дерде байланыс жоқ. Оларды қаржыландыру керек. Өйткені мұндай жерлерде бәсеке болмай­ды. Ал 500 және одан да көп аза­мат тұратын ауыл қаржылан­ды­руды қажет етпейді. Егер мобильді операторларға ауылды дамытуға арналған қаржы жоспарын жасау мүмкіндігі берілсе, елді мекен­дерді 2-3 жылдың ішінде жоғары жыл­дамдықты интернетпен қам­туға бо­лады». Бұл – Beeline бай­ланыс ком­паниясы құқықтық мә­селелер бойынша директоры Дулат Ораза­линовтің айтқаны.

Интернет желісі жоқ кеңістікті елестету қиын. Тіршіліктен мақұ­рым қалғандай боламыз. Осын­дайда «ұялы байланыс компания­ларының 500-ден астам тұрғыны бар ауылда байланыс орнатамыз» дегені еске түседі. Sn.kz-тің мә­лі­метінше, елімізде 6 561 ауыл бар. Соның ішінде 3,5 мың ауылдың тұрғын саны 500-ден аз. Ал 500-ге тарта елді мекенде жалпы адам саны 50-ге жетпейді. Түптеп келгенде, 4 мыңға жуық ауылды жерде интернет пен байланыс басты мәселеге айналып отыр.

 

ӘУРЕГЕ САЛҒАН  
kundelik.kz

Кейбір ауылда интернет тұр­мақ, байланыс нашар. «Терезенің жаны», «қораның төбесі», «көр­шінің үйі» деген «арнайы орын» әлі бар. Қызылорда өңіріндегі кей­бір ауылдар, Шығыс Қазақ­стан облы­сындағы бірқатар елді мекенде ин­тернет әлсіз. Бұл біра­зы ғана. Цифр­лық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнер­кә­сібі ми­нистрілігінің өтініш бө­лімінде түрлі ауыл-аймақты кез­дестіресіз. Мысалы, Орал қаласы Құс фабри­касы ауданында тұра­тын азамат әлеуметтік желіге кіре алмайты­нын, байланыста ақау барын айтып көмек сұраған. Ми­нистрлік ауданда 4G стандар­тындағы ұялы байланыс сапа­сының төмен екенін анықтаған. «Қазақтелекомға» Құс фабрикасы ауданына кеңжолақты интернет желісін тартуға арналған жос­парды дайындауға тапсырма берген.

Kundelik.kz шыққалы бері ауыл мұғалімдерінде маза жоқ. Аталған аумақтың ұстаздары ауданға қа­тынап күнделік тол­тыруға мәжбүр. Күнделікті уақы­тында толтырмаса, мектептің рейтингіне әсер етеді-мыс. Рей­тингті анықтайтындар алдымен жағдайға қарауды ұмыт қалдыр­ған-ау шамасы. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Жаңа­тілек ауылы мен Тасарықтың ара­сы – 30 шақырым. Ахуал екі­түрлі. Тасарықта интернет жүйесі нашар. Мұны айтасыз, Өскемен­нен 10 шақырым жердегі елді­ ме­кенде ұялы байланыс ұстамайды.



Ақнар (аты-жөні өзгертілді) есімді мұғалім Kundelik.kz-тің әуреге салатынын айтады. Жү­йенің ұсақ-түйек жұмысы көбіне келіп-кетер пайдасы жоғына на­лиды. Интернеті жақсы, құрал-жабдықпен толық қамтылған жерде күнделік толтыруға ұмты­лыс болатынын жеткізді. Ал шал­ғайда тұрып, интернет күнделікке баға қою үшін ауданға сандалу жұмысына кедергі келтіретінін алға тартты.

Шығыс Қазақстандағы мек­теп­тердің бірінде сабақ беретін Әсел Қ. (аты-жөні өзгертілді) бұ­рынғы жүйе жақсы екенін жеткізді. Қазіргіде ата-ана бәрін бақы­лайтыны болмаса, ұстазға ар­тылған кезекті жүктің бірі еке­нін айтты. Интернеттің нашар­лығы, мектептегі компьютерге деген кезек, көршіге, қала берді қаладағы туысқанға күнделік толтыруға қолқа салу қинайды екен. Жүйені жаңалап, өзгеріс енгізбес бұрын, биікті ғана шолып өтпей, төменге назар салуды сұрайды.

Kundelik.kz-ті уақытында толтыру үшін жанталасқан ауыл­дағы ұстаздар қауымын түсінуге болады. Оқушыға сапалы білім беремін деп барынша тырысқа­нымен, уақытының көп бөлігін интернет ұстайтын аумақты із­деумен өтіп жатыр. Дегенмен ми­нистрлік интернет жүйесін рет­тейміз дейді.

Біз интернет күнделікті тол­ты­руға қиналамыз. Әлемде ин­тер­нетке кірмейтін ел барын бі­лесіз бе? Солтүстік Кореяда мо­биль­ді интернетті мемлекеттік қызмет­керлер, шетелдік фирма өкілдері мен туристер қолдана ала­ды. Мьянма халқының 1 па­йызы ғана интернетпен қам­тыл­ған. Елге жоғары технология кел­­геніне 2-3 жыл болыпты. Шы­ғыс Тимордың 0,2 пайыз тұр­ғы­нының интер­неттен хабары бар. Ал Африкада интернет бағасы қымбат. Сон­дықтан көпшілігі әлемдік трендтен бейхабар.


ЖАҢА ТЫНЫС

Министрлік ауылды жерлер­ді кеңжолақты интернетпен қам­ту үшін 2018-2021 жылдарда тал­­шықты-оптикалық және LTE (4G) желісін салуды жоспарлап жатыр.

Бірінші кезең талшықты-оп­тикалық желі салуға арналады. Жоба нәтижесінде, 1 250 ауылды елді мекенде жоғары жыл­дам­дық­ты интернет қосылады. 2019 жыл­дың аяғына дейін 685, 2020 жылы 509 ауылға интернет желісін орнатады. Екінші кезең­де LTE (4G) мобильді байла­ныс желі­сі­мен 2019 жылы – 574, 2020 жы­лы – 1 046, 2021 жылы 1 523 елді ме­кен интернетпен қамтылады.

Жоба жемісін берсе, 2020 жыл­­дың аяғына дейін тұрғын­дардың саны 250-ден асатын 880 ауылды елді мекен кеңжолақты интер­нетпен қауышады. Келесі кезекте адам саны 50-ден жоғары 885 ауылға интернет орнату жос­парда тұр. Қорыта келгенде, 2022 жыл­дың соңына дейін 5 089 ауылды елді мекен ғаламдық тордың құрсауына кіреді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ