Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мерекесі аясында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде елімізде алғаш рет қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнатылған болатын. Бір мезетте 10 000 литр бие сүті пісіліп, 1000 күбінің күрпілі сайын даланың сәнін келтірген еді. Көңіл тойдырып, көз сүйсінткен әсем көрініс әлі көптің көз алдында. Осы атаулы шараның идеясы қайдан туындағанын білу мақсатында аталған жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы, Nur Otan партиясы Жаңаарқа аудандық мәслихатының депутаты Нұргүл Оқасқызымен әңгімелескен едік.
– Қымыз пісуден әлемдік рекорд орнату Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отыр. Мұндай идея қашан, қалай келді?
– Былтыр Cәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы келе жатқанын есімізге алып, осыған орай, ерекше дүние жасағымыз келді. Сөйтіп, айналамызбен ақылдастық. Басында құрақ құрау туралы ой болған. Біздің аудан тұрғындары көбіне бие сауады. Негізгі күнкөріс көзі – қымыз. Осыны назарға алдық. Басты мақсатымыз ата салтымызды жаңғырту болды.
Осы шараны өткізу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып, сол жердегі мамандармен сөйлестік. Ол кісілер бірден қолдап, кеңес берді. Одан кейін бұл ұсынысты қазақстандық рекордтар кітабы мамандарына, аудан әкімі Юржан Асанұлына, әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Қанат Қожықовқа айттық. Ол кісі идеяны бірден ұнатып, көмектесуге ниет білдірді. Ауыл әкімдеріне хабарласып, түсіндірді. Сонымен, жақын маңдағы ауыл тұрғындарында қанша бие, күбі бар екенін санай бастадық. Бір қуанатын дүние – бір үйде 2-3 күбіден бар екен. Жалпы, аудан орталығында 12 ауыл, 2 кент бар. Халық саны – 34 мың. Бірінші күннің өзінде 4 ауылдан 700 күбі шықты. Ары қарай идеяның іске асатынына сенімді болдық. Ауылдарға барып, тұрғындармен кездестік. Оларға ұлттық нақыштағы киім киюлерін өтіндік. Сатып алуды міндеттемедік. «Үйде бар дүниелеріңізді киіп келе беріңіздер» деген болатынбыз. Ауыл тұрғындары ақылдасып, ауызбіршілік танытты. Халықтың ықылас-ниетіне риза болдым. Осы ретте С.Сейфуллиннің 125 жылдығын және Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге атсалысқан, қолдау білдіріп, көмектескен әкімдікке, аудандағы «Атасу» қайырымдылық қорына алғыс білдіргім келеді.
– Әлемдегі ең танымал кітаптардың бірі саналатын Гиннестің рекордтар кітабы мамандарымен қалай байланыстыңыздар? Олар бұл ұсынысқа бірден келісті ме?
– Ұлым ағылшын тілін жақсы біледі. Ұлыбританиядағы Гиннестің рекордтар кітабы мамандарымен хат алмасуға сол көмектесті. Хатты 28 маусымда жібердік. Басында олар түсінбеді. «Күбіден май шығарасыздар, әрқайсысында 200 грамм май болу керек» деді. Сөйтіп, «10 мың литр сүтті бір мезетте пісті» деген титул бермекші болды. Біз оған келіспедік. Күбідегі сүт емес, қымыз екенін, осындай сусын бар екенін айтып, түсіндірдік. Олардан халықаралық сарапшы арнайы келіп, қатысты. Қымыздың дәмін татты. Әкімнің орынбасары өлшеуге ыңғайлы болу үшін қымызды 5 литрлік ыдысқа құйып, сыртына арнайы заттаңба жасаған жөн екенін айтты. Күбі жүз рет пісілді.
– Осы шарада өзіңізге ерекше әсер сыйлаған сәтті айта аласыз ба?
– Бәрімізді таңғалдырған, естен кетпестей шара болды. Тұрғындарды орындарына тұрғызып, алдын ала дайындалғанның өзі керемет! Бастарыңызға ақ орамал тартсаңыздар деген едім. Биікке шығып қарағанда, көлге қонған шағалаларды көргендей ғажап сезімде болдым.
Әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілінің: «Бұл не армия деп таңғалмаңыздар. Бұл – бейбітшілік армиясы!» деп жазып қойғанын көріп, кеудемді мақтаныш кернеді. Қымыздың бәрін жиналған жұртқа бөліп бердік. Қонақтарымыз риза болып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Тұрғындардан «шаршадым» деген сөзді естімедік. Бәрі жұдырықтай жұмыла білді.
– Аудан халқының күнкөріс көзі қымыз екенін айтып қалдыңыз. Бизнеске бет бұрған тұрғындар көп болар?
– Қымызды сатудың өзі – ауыр жұмыс. Бұл жақтың жусаны ащы. Жылқылар жақсы жайылады, шөпті таңдап жейді. Зауыт салынса, ауылға инвестор тартылса және қымызбен емдейтін шипажай ашылса, мұндағы жұрттың жағдайы оңалар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ