Ұлттық банк тұрғын үйдің ипотекалық несиесін қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізді.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген 50 млн теңгеден аспайтын сомасына ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген.
Қазақстан Ұлттық банкі бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға 130 млрд теңге бөлді.
Қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.
Биыл 1 қыркүйекте 28,3 мың қарыз алушыға 176,7 млрд теңге сомасына көмек көрсетілді, 123,3 млрд теңге сомасына қарыз алушылардың сыйақы, айыппұл (өсімпұл), комиссиялар бойынша берешегі кешірілді.
Банктер бөлген қаражат толық көлемде игерілді және револьверлік тетік ескерілгенде қайта қаржыландырылған қарыздардың саны шамамен 40 мың болады. Валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және валюталық бағамдардың ауытқуына тәуелділікті болдырмау мақсатында 2018 жылғы 27 наурыздан бастап жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін бағдарламаның екінші бөлігі іске асырылуда. Бағамдық айырманы өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінген болатын. Әлеуметтік осал топқа жататын қарыз алушы1 (ХӘОТ) үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде белгіленеді, бұл қарыз алушының борыштық жүктемесін 2 еседен аса төмендетуге мүмкіндік береді.
2020 жылы 1 қыркүйекте банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 83 млрд теңге сомасына 9,2 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 70,1 млрд теңге сомасына 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
«Бағдарламаның бірінші және екінші бөлігінің іске асырылуын талдау ХӘОТ санатына жататын және бұрын бағдарламаның талаптары бойынша өз қарыздарын қайта қаржыландырған азаматтар мемлекеттің қосымша қолдауына ерекше мұқтаж екенін көрсетті. Азаматтардың осы санатының әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттен төленетін төлемдер түріндегі кірістері оларға тіпті Бағдарламаның жеңілдетілген талаптары бойынша да өз қарыздарына қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы 23 желтоқсанда бағдарламаның үшінші бөлігі іске қосылды, ол банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту/кешіру, ай сайынғы төлемі 20 000 теңгеден басталатын және қарыз алушының ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын табысын сақтай отырып, жеңілдікті кестелерді белгілеу түрінде борыштық жүктемені жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығын береді», – деп хабарлайды Ұлттық банк.
Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы берілді.
Шамамен жалпы сомасы 50 млрд теңгеге 5 мыңға жуық қарыз алушыны қосымша қамтуы мүмкін.