Кашмир үшін ядролық соғыс бастала ма?
Кашмир үшін  ядролық соғыс бастала ма?
279
оқылды
Кашмир аймағындағы кез келген шағын қақтығыс Үндістан мен Пәкістан арасында ядролық соғысқа ұла­суы мүмкін. Жақында Кашмирдың Пәкістан басқаратын территориясының (Азад Кашмир) басшысы Масуд Хан осындай мәлімдеме жасады.

М.Ханның пікірінше, Пә­кістан соғысты бірінші бас­та­ғысы келмейді. Аймақ басшысы әлемдік қауымдастыққа болуы мүмкін шынайы сценарийді болжап отырғанын, осы арқылы Үндістанның Кашмирге қатыс­ты заңсыз әрекетін тоқтатқысы келетінін жеткізді.

Жалпы, бұл мәселе әлем сарапшыларын көптен бері мазалап келеді. Себебі Үндістан мен Пәкістан Ұлыбританиядан 1947 жылы тәуелсіздігін алған­нан бері Кашмир аймағының мәрте­бесі анықталған жоқ. Хал­қы мұ­сылман жұрты болса да, ол үнді елінің құрамында қалып қойды. Аталған провинция үшін екі көр­ші ресми түрде үш рет соғысты. Бұдан бөлек, сан рет қарулы қақ­тығыс тіркелді. Соң­ғысы биыл жыл басында болды. Қос тарап әуе соққыларын жа­састы.

Кашмир жаһандағы өзге жер дауына ұқсамайды. Себебі оған таласатын Үндістан мен Пәкіс­тан ядролық қаруға ие мем­ле­кеттер. Әлем сарапшыларын мазалайды деуіміздің де себебі сол. Нью-Дели ғаламат қаруға 1974 жылы қол жеткізсе, Исла­мабад ядролық клубқа 1998 жы­лы мүше болды. Жоғарыдағы Масуд Ханның жұртты үркіте жасаған мәлімдемесінің мәні сол. Ашық ақпаратқа сүйенсек, екі елдің ядролық арсеналы тең. Пәкістанда шамамен 140-150 ядролық зымыран бар, Үндіс­танда – 130-140. Бірақ 1990 жы­лы қос тарап қарулы қақтығыс бола қалған жағдайда ядролық объектілерге шабуыл жасамау туралы келісімге келген. Ал екі жылдан соң келісімдегі ядролық объектілер тізімімен алмасқан. Басқаша айтқанда, өздерін де, қарсы тарапты да сақтандырған. Ақпарат алмасу арқылы бір-бірінің ядролық әлеуетін бақы­лауға алған десек те болады.

Қару-жарақ саласында екі ел алдына жан салмауға тырысады. Үндістан соңғы онжылдықта Ре­сейдің әскери өнімдерін са­тып алып келді. Ал Пәкістан АҚШ арсеналына жүгінеді. Сон­дай-ақ биыл Үндістан өзінің атмосферадағы қалқып жүрген ескі спутнигін атып түсіріп, ға­рышты әскери мақсатта қолдана алатынын әлемге де, көршісіне де көрсетті.

Сөз болған Масуд Хан Каш­мирдің Пәкістан басқаратын аймағының басшысы. Мойын­далмаған Азад Кашмир деп аталатын мемлекет. Әрине, оның пікірі Пәкістанның ресми ұстанымы емес. Бірақ Ислама­бадтағы бір ойды көрсетіп отыр­ғаны белгілі. Мәселен, оның пікірінше, қос елдің арасындағы қақтығыста ядролық қару қол­данылса, Оңтүстік Азияда жүз­деген миллион кісі көз жұмып, 2,5 млрд адамға радиация та­рай­ды екен. Сондықтан ол БҰҰ, Қауіпсіздік Кеңесі Кашмир ісіне араласуы қажеп деп отыр.

Кашмир мәселесінің ушы­ғуына Үндістанның биыл тамыз айындағы саяси шешімі әсер етті. Премьер-министр Моди бұған дейін автономия болып келген Джамму және Кашмир штаттарын орталық федералды үкіметке бағынатын аймақ деп жариялады. Яғни, үнді елі даулы жерді тікелей өзі басқарғысы келіп тұр. Әрине, бұл бастама сол өңірдегі жергілікті жұрттың да, көрші Пәкістанның да ашу-ызасын туғызды. Осы өзгеріс­терге байланысты екі ел армия­ларын шекараға жақын орна­ластыра бастады деген ақпарат тарады.

Қорыта айтсақ, жер дауы әлем бойынша жетіп, артылады. Бірақ ол дауды шешу үшін әлі де ядролық қару қолданылған жоқ. Кашмир үшін де Үндістан мен Пәкістанның аты жаман алапат қарумен бір-бірін атқылауы екіталай. Себебі ондай жағдайда олар тек қарсыласын ғана емес, өз елдерін де жойып жіберуі мүмкін. Ядролық зымырандар әскери арсеналдан бұрын саяси ықпал етуші тетік ретінде қол­да­нылып жатыр деген жөн болар.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА