Гонконгтағы наразылық қатарынан төрт ай бойы тоқтамай тұр. 2 қыркүйекте он мыңға жуық студент бойкот жариялап, сабаққа барудан бас тартса, Гонконгтағы университетте оқитын 30 мың жас жаппай наразылыққа шықты. Осы сейсенбіде жағдайдың ушыққаны сонша, полиция шерушілерге қарсы қару қолдануға мәжбүр болды. Сонда да қарсылық табы басылмай тұр.
Күні кеше ғана Гонконгтың Парламент хатшылығы мекеме қызметкерлерін тез арада қауіпсіз жерге көшірді. Себебі бұған дейін шерушілер бірнеше рет аталған ғимаратқа басып кірген еді. Гонконг үкіметі қаланың қауіпсіз еместігін айтып, дабыл қағуда. Соңы үлкен қақтығыстарға ұласқан Гонконгтағы наразылық маусымдағы экстрадиция туралы заңға түзетулер енгізілетіні туралы хабардан кейін ушығып кетті. Гонконг Парламенті қараған заңға түзету ресми енгізілетін болса, Қытай заңдарын бұзған күдіктілер Бейжіңге беріледі. Аталған заң жобасының қаралып жатқанын естіген күннен бастап қала көшелеріне миллионға жуық қарсылық танытушылар шықты.
Бұрын Британияның отарында болған Гонконг 1997 жылы Қытайдың қол астына өткен еді. «Бір мемлекет – екі жүйе» моделі аясында қала автономия ретінде жарияланып, 2047 жылға дейін ерекше мәртебеге ие болды. Яғни 2047 жылы Гонконг ресми түрде Қытайдың иелігіне өтеді. Оған дейін қаланың қалыптасқан жеке экономикалық заңнамасы мен заң жүйесі бар. Гонконг халқы Қытайдың қол астына кіруге наразы. Себебі қаланың 2047 жылы Қытайдың меншігіне өтетіні тұрғындардың жалпы дауыс беруімен емес, тек билік арасындағы келісіммен шешілген еді. Дегенмен Бейжің Гонконг өз алдына жеке қала деп қарап отыра алмады. Өтіп жатқан наразылық шерулеріне де Қытай билігінің үн қатуы, оларды айыптап, жаза кесуі бұған дәлел.
Бірақ наразылық акциясына шыққандардың қойған талаптары екі апта ішінде орындалуы тиіс деген еді. Осы орайда Гонконг билігі кей талаптарды орындауға көшкенін ескеру қажет. Мәселен, қытай заңдарын бұзған күдіктілерді Бейжіңге берудегі экстрадиция туралы заңды қабылдау кейінге қалдырылды.
Соңғы уақытта Гонконгтағы наразылық ахуалы ресми Бейжің билігін тығырыққа тіреді. Біріншіден, Қытай қаланың ішкі жағдайына тікелей араласа алмайды. Егер олай болса, бұл тұрғындардың қарсылығын одан сайын күшейте түседі. Қытайдағы жағдайды қазір бар әлем бақылап отыр. Себебі бұған дейін Қытай тек ашықтық пен бейбіт саясатты қолдайтын мемлекеттің моделін қалыптастырды. Күні кеше ғана ҚХР-дың негізі қаланғанына 70 жыл толуына орай өткен әскери шеруде Си Цзиньпин «Дамудың бейбіт жолын жалғай береміз» деген еді. Алайда Гонконгтағы жағдайды барлап қарайтын болсақ, Бейжің билігі наразы топты тізгіндеуде қолынан келгенін жасайтын сыңайлы.
Сондай-ақ Гонконтағы жайт Тайвань мен Тибетке де ықпал етуі әбден мүмкін. Егер Гонконгта наразылыққа шыққан тарап жеңіске жетер болса, онда Тайвань мен Тибеттегі тұрғындар да рухтанып, Бейжің билігіне қарсы шығуы ықтимал. Егер солай болса, бұл Қытай үшін ауыр соққы болады.
Қытай билігі бұл тұрғыда ішкі жағдайға сыртқы күштердің араласып кетпеуін қатаң бақылауда ұстап отыр. Мәселен, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин АҚШ-ты «отқа май құйып отыр» деп айыптаған еді. Бейжің наразылық жасап жатқандарды лаңкестікпен пара-пар әрекетке барып жатыр деп сынады. Енді Бейжің билігіне аталған түйіткілді Гонконг билігі және полициясымен шешуден өзге жол жоқ.
Бұған дейін Қытай Гонконгке өз әскерін кіргізеді деген сыбыс пайда болған еді. Дегенмен Бейжің ақпаратты жоққа шығарды. Азаматтарды экстрадициялау туралы заң ашулы қала тұрғындарының көңілін жібітер деген үміт қылаң берген де болар. Алайда жағдайдың беталысы мүлдем тың сипат алды. Талаптар орындалмаса, жағдай тек ушыға бермек. Күш қолдану Қытайдың сыртқы саясаттағы абыройына нұқсан келтіреді. Онсыз да осы сейсенбідегі шеруде полицияның бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолдануын жаһандық қауымдастық сынға алды.