Қырғыздың кеденін жаңғыртуда
Қырғыздың кеденін жаңғыртуда
195
оқылды
Жиында сенаторлар ұзын-сонар аты бар, «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ ту­ралы шартқа Қырғыз Респуб­ли­касының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартты, ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хатта­маға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы рати­фикациялау туралы» заңды қабыл­дады. Жалпы, бұл хаттаманы осы одаққа мүше барлық 5 мемлекеттің парламенттері ратификациялауы шарт. Сонда ғана күшіне енеді. Заңға сәйкес, 2021 жылғы 15 та­мызға дейін Қыр­ғызстан одақ талаптарына сәйкес Қазақстанмен шектесетін шекарасындағы барлық ескі өткізу пунктін жаңғыртып шығуы тиіс. Соның аясында мысалы, вете­ринарлық, санитарлық, фитоса­ни­тарлық, радиациялық бақылау жүр­гізуге арналған жабдықты және ке­дендік бақылау жүргізуге арналған тасымалданатын жабдықты, оның ішінде тексеріп қарауға арналған рентген техникасын орнатуы қажет. Бұл істе оған Қазақстан көмек көр­сетуде. Мысалы, бауырлас көрші­сінің кедендік өткізу бекеттерін, сани­тар­лық және ветеринарлық жүйесін жақсартуға қазақ елі 2017 жылы 100 миллион доллар бөлгені хабарланды. Сонда қырғыз тауарлары еш кедергісіз одақ нарығына шыға алады. Сондай-ақ палата «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қа­былдап, Президенттің қол қоюына ұзатты. Шарт бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өз Отанында одан әрі өтеу үшін екі мемлекет арасында сотталған адамдармен алма­су мүмкіндігіне байланысты мәселе­лерді реттейді. «Қазір Біріккен Араб Әмірлік­терінде біздің 6 азаматымыз, оның ішінде 5 ер адам және бір әйел адам қамауда отыр. Тиісінше, осы заңға ел Президенті қол қойған кезде Қазақ­станның Бас прокуратурасы уәкілетті орган ретінде оларды Отанына қай­тару шараларын қабыл­дайтын бола­ды», – деді депутат Сәуле Айт­­паева. Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор О.Пере­печина­ның сауалы 4-деңгейдегі бюд­жетті және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық тәуелсіз­дігін енгізуге қатысты болды. Н.Төреғалиев интер­нетте балаларды қорлаудан қорғау қажет деп мә­лімдеді. Ә.Құртаев ҰОС тұтқындарын оңалту туралы ұсыны­сын жеткізді. А.Лукин отандық тауар­ларды аккредиттеуге және серти­фикаттауға байланысты мәселелерді қозғады. Д.Нұржігітова балалардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау керегін тағы да еске салды. Еліміздің батысындағы респуб­лика­лық жолдардың құрылысына байла­нысты проблемалар депутат Ғ.Дүй­сембаевтың сауалында айтылды.  

Айхан ШӘРІП