Есірткі тасу үшін такси жалдапты
Есірткі тасу үшін такси жалдапты
153
оқылды
– Кешкі сағат сегіздер шамасында Жандосов көшесінде, Алматының кіреберісінде орналасқан стационарлық экологиялық бекетте мамандан­дырылған батальонның қызметкерлері «Тойота Камри» көлігін тоқтатты. Оның ішінде Меркі ауы­лынан келген Б. есімді жолаушы келе жатты. Оның көзінше жүгіне жеке тексеру жүргізілді. Тексеру барысында ұнтаққа ұқсас зат салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Кейінірек сот-химиялық сараптама бұл ұнтақтың шын мәнінде жалпы салмағы 1 келі 88 грамм болатын гашиш екенін анықтады, – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес бас­қармасы бастығының орынбасары Мәулен Қа­сымжан.
Есірткі сатушы ұсталып қалғанын сезгенде, өзін-өзі ақтауға асыққан. Ол осынша көп көлемдегі есірткіні ауылынан тек өзі жеке тұтыну үшін алып келе жатқанын айтыпты. Алайда оған сенбеген полицейлер бұған «екі өңір арасындағы есірткі жеткізудің тұрақты ар­насы» деген күдік келтіріп отыр. Тиісті жедел ақ­парат мұқият тексерілуде екен. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 296-ба­бының 4-бөлімі бойынша тіркелді. Бұл бап бойынша айыпталғандар 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жа­заланады. Қылмыстық істі Наурызбай аудандық полиция басқармасы жүргізуде. Ұсталған азамат полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды.  

Айхан ШӘРІП