– Кешкі сағат сегіздер шамасында Жандосов көшесінде, Алматының кіреберісінде орналасқан стационарлық экологиялық бекетте мамандандырылған батальонның қызметкерлері «Тойота Камри» көлігін тоқтатты. Оның ішінде Меркі ауылынан келген Б. есімді жолаушы келе жатты. Оның көзінше жүгіне жеке тексеру жүргізілді. Тексеру барысында ұнтаққа ұқсас зат салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Кейінірек сот-химиялық сараптама бұл ұнтақтың шын мәнінде жалпы салмағы 1 келі 88 грамм болатын гашиш екенін анықтады, – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Мәулен Қасымжан.Есірткі сатушы ұсталып қалғанын сезгенде, өзін-өзі ақтауға асыққан. Ол осынша көп көлемдегі есірткіні ауылынан тек өзі жеке тұтыну үшін алып келе жатқанын айтыпты. Алайда оған сенбеген полицейлер бұған «екі өңір арасындағы есірткі жеткізудің тұрақты арнасы» деген күдік келтіріп отыр. Тиісті жедел ақпарат мұқият тексерілуде екен. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлімі бойынша тіркелді. Бұл бап бойынша айыпталғандар 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыстық істі Наурызбай аудандық полиция басқармасы жүргізуде. Ұсталған азамат полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айхан ШӘРІП